Шетелдік нөмірге «өшіккендер»
Шетелдік нөмірге «өшіккендер»
265
оқылды

Адамнан айла артылған ба? Көл­денең табыс табу үшін түрлі әрекетке барады. Оның көбі ұрлықпен келеді. Бір кездері қарақшылар көліктің айнасын ұрлап, жеңіл ақшаға мәз болса, енді ұрлықтың жаңа түрі шықты. Оңай ақша табудың орайын тапқан­дар көліктің нөмірін ұрлауға көшкен.

Нөмір керек болса, ақша төле...

Әккі ұрылар Армения, Ресей, Қырғыз елінде тіркеуде тұрған көліктердің нөмірін шешіп алып, белгілі бір жерге тығып кетеді. Содан   көлік иесіне қоңырау шалып, «нөмір қажет болса, осы есепшотқа пәленше мың ақша аудар» деп міндеттейді. Ал  жәбірленуші нөмірін қайта қалпына келтіру үшін шекара асуға тура келетінін біледі. Әрі оған кететін шығын шаш етектен екенін түсінеді. Сөйтіп, «қанша сома болса да беремін» деп айлакердің айтқанына көнеді. 15 қаңтар күні Қарағанды қалалық Октябрь аудандық полиция бөлімшесіне көлігінің нөмірі ұрланғаны туралы көлік иесі шағым түсірген. Кейін одан қылмыс­керлер ақша талап еткен. Жедел-іздестіру барысында криминалдық полиция қызмет­кер­лері 22 және 23 жастағы күдіктілерді ұстады. Олар қылмысын мойындады. Осыдан-ақ мұндай қылмысқа жалғыз адам бара алмайтынын аңғаруға болады. Өзге­лерге секем тудырмас үшін жанына сенімді серіктес ертетін болса керек. Бұл бағытта тәртіп сақшылары ұрлық деректеріне ден қойып, талдау жасады. Нәтижесінде, қала­ның оңтүстік-шығыс аумағында мұндай оқи­ға жиі болатынын анықтады. Полиция қыз­мет­керлерінің күнделікті кешенді іс-шаралары алғашқы нәтижеге қол жеткізе бастады. Былтыр 8 желтоқсанда таңғы сағат 05.00-дің шамасында полиция қызметкер­лері Язев көшесінде орналасқан үйлердің ауласында тұрған көліктердің бірінен тіркеу нөмірін шешіп жатқан 18 және 20 жастағы екі ер адамды ұстады. Тексеру барысында олардан 9 нөмір тәркіленді. Осы уақытқа дейін олар 29 рет осындай қылмысқа барғанын мойындады. – Қазір аталған оқиға бойынша Қыл­мыс­тық кодекстің 194-бабы 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Көлік иелерін сақ болуға шақырамыз. Егер мемлекеттік тіркеу нөмірі қолды болса, бірден полицияға телефон соғып, хабарлаңыздар. Ұрланған нөмірлер үшін белгісіз біреулерге ақша беруге немесе аударуға болмайды. Біздің көмегімізбен қылмыскерлерді қолға түсіріп, жазасын беру қажет, – дейді облыстық Полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Ерлан Файзуллин. Облыстық Ішкі істер департаментінің ақпаратына сүйенсек, былтыр Октябрь аудандық полиция бөлімшесіне 2 азамат, оңтүстік-шығыс полиция бөлімшесіне 5 жәбірленуші осындай шағым түсіріпті. Жәбірленушілердің айлакердің айтқа­нын істеуі қылмысты тоқтатуға айтарлықтай кедергі жасайды. Керісінше, полиция қызметкерлері олардың осы ісіне жол ашып, құнығуына септігін тигізетінін айтып дабыл қағады. Сондай-ақ сот төрінде кінәлілер нөмірмен талап еткен ақшасын иесіне қайтарып берсе, жәбірленушілер бастапқы жазған арыздарын қайтып алып жатады. Мәселен, Теміртауда 10 көлік иесін бопсалаған екі азамат ұсталыпты. Сотта екі жақ қол алысып, қылмыстық іс тоқтатылған екен...

168 көлік қолды болды

Өткен жылғы есеп бойынша, облыста 168 көлік ұрланыпты. Оның 144-інің қыл­мысы ашылып, кінәлілер қолға түскен. Қал­ған із-түзсіз кеткен көліктерге облыстық Ішкі істер департаменті әлі де кешенді іздестіру шарасын жалғастыруда. Бұл есеп жылдан-жылға азайып келеді. Дегенмен осы жылдың алғашқы көлік ұрлығы да тіркелген. нөмір Құны 2 миллион теңге тұратын «Ауди А4» көлігін аз уақытқа қараусыз қалдырған қала тұрғыны «11 қаңтар күні темір тұл­парым­ды ұрлап кетті» деп Октябрь аудандық полиция бөлімшесіне арыз түсіреді. Сол бойынша барлық ішкі істер органының қызметкерлеріне бағыттама беріліп, ұрыны сол күні ұстады. – Көлік ұрлағандарды қолға оңай түсі­ру­ге болады. Кезекші бөлімге бағыттама беріліп, бекеттерге наряд қойылады. Қыл­мыстың бұл түріне тек Криминалдық поли­ция басқармасы ғана емес, ішкі істер орган­дары­ның барлық қызметкері жұмыл­дырылады. Әрі облыспен шектесетін елді мекендерге де хабарлама беріліп, шара қол­дануын өтінеді. Алғашқы кезекте «Тос­қа­уыл» операциясы жүзеге асырылады. Әккі қылмыскерлер шетел асырып жібермесе, об­лыс ішінен оларды іздеп табу оңай бола­ды, – дейді облыстық Полиция департа­ментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияр. Ұрылар көліктің саймандарын қосалқы бөлшектер сататын дүкендерге өткізеді. Қазір Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен сол сайман сататын дүкендердің өзі тегіс бақылауға алынған. Сіз сайман алуға немесе оны өткізуге бара қалсаңыз, көлігіңіздің техникалық құжатын міндетті түрде сұрай­ды. Онсыз аттап баса алмайсыз…

Бір күнде – 4 көлік...

Айтпақшы, жақында өңірдің бас по­лицейі Ерлан Файзуллин өзінің Facebook парақшасына бір күнде 4 көлік ұрлаған күдіктінің құрықталғанын жазды. Онда «17 желтоқсан күні Қарағанды қалалық Киров полиция бөлімшесіне 3 бірдей шағым түседі. «Ваз 2106» ( құны 400 мың теңге), «Мерседес» (700 мың теңге), «Фольксваген пассат» (3,5 миллион теңге) көліктерін қолды қылған. Арасына аз уақыт салып, көліктерді қаланың әр ауданына тастап кеткен. Құны 1,5 миллион теңге тұратын «Лексус» көлігін қала базарының бірінен айдап кетіпті. Абырой болғанда көлік иесі өзінің машинасын белгісіз біреудің тізгіндеп бара жатқанын көзбен көріп, бірден поли­ция көмегіне жүгінген. Оны сол сәтте 45 орамға жетпей қолға түсірген. Ол өз қылмы­сын толықтай мойындады. Соңғы көлікті елордаға алып қашпақшы болған екен» деп жазылған. Ішкі істер министрлігінің соңғы дерегіне назар аударсақ, былтыр осындай қылмыс жа­саған 1 223 адам ұсталыпты. Олардың ішінде 45-і топ болып әрекет еткен. Мәсе­лен, тамыз айында Қарағанды және Павло­дар облыстарының аумағында Toyota Land Cruiser Prado маркалы жол талғамайтын көлік­терді айдап әкетуді кәсіп еткен топ ұсталды. 6 адамнан тұратын бұл ұйымдасқан қылмыстық топ 2019 жылдың наурыз айынан бері көлік ұрлаумен айналысқан.

Еске сақтар ескерту

Полиция департаменті ұрланған көлік­тер­ді немесе олардың бөлшектерін табу үшін, сондай-ақ осындай қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында жедел-профилактикалық және іздестіру іс-шараларын ұдайы жүзеге асырады. Соның ішінде гараж кооперативтеріне, ақылы тұрақтарға, ТҚТС, автомобильдерді бөл­шек­тейтін жерлерге және автобөлшектерді өткізу орындарына тексеру жүргізеді. Осындай шаралардың нәтижесінде көлік ұрлау азайып келеді. Құқық қорғау органының қызметкерлері «көлікті барынша қараусыз қалдырмау керек», – дейді. Мәселен, дүкенге асығып кіріп кетсеңіз, жанар-жағармай бекетіне барсаңыз да, кілтті көлік ішінде тастамау керегін ескертеді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы