Алматы облысында эпидемиологиялық жағдай күрделеніп барады. Әсіресе, Алматы қаласы маңындағы аудандар мен облыс орталығы Талдықорған қаласында індетке шалдыққандар саны күн сайын артып келеді. Осыдан бірнеше күн бұрын Талдықорған қаласы «қызыл аймаққа» еніп еді, іле-шала тұтас облыс та «қызылдар» қатарына өтті. Соңғы тәуліктің өзінде 239 адамнан COVID-19 індетінің белгісі анықталған.
Осылайша, сырқаттанғандардың өсім көрсеткіші 2 пайызға жуықтады. Қазір облыстың 13 937 тұрғынының коронавирусқа шалдыққаны расталған. Ауру жұқтыру жағдайы Алматы аймағындағы аудандарда, Текелі, Талдықорған қалаларында асқынып, Көксу, Қаратал, Ескелді, Панфилов және Ақсу аудандарында жиілеген. Инфекциялық стационардағы төсек-орын жүктемесі 53%-ды құрап, қажет болған жағдайда 5 300-ге жеткізілмек. Осыған байланысты өңірде карантин талабын күшейту туралы қаулы қабылданып, демалыс күндеріне локдаун жарияланған. Алдағы кезде қалыптасқан жағдайға байланысты тағы да қосымша шектеулер енгізілуі әбден мүмкін. Әр аудан өз өңіріндегі эпиджағдайға қарай жеке қаулы шығарып, оның сақталуын бақылауға алып отыр. Облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Асхат Шарапиевтің айтуынша, Алматы қаласының маңындағы аудандарда індет барынша өршіп тұрған көрінеді. Жалпы, облыстағы жағдайдың күрделене түсуіне байланысты қосымша шаралар қарастырып, шектеулерді қатаңдату бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Сәуірдің алғашқы күні коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентінің 10 мың данасы әкелінді. Сонымен қатар екінші компонентінен 3,5 мыңы жеткізіледі. Екпе салу жұмыстары басталғалы өңірдегі 12 мыңға жуық адамның иммунитеті жасанды жолмен күшейтілген. Олардың 9 мыңға жуығы – медицина саласының мамандары. Қалғандары мұғалімдер мен студенттер, мемлекеттік мекеме және күштік құрылымдар қызметкерлері. Ал екінші компоненттің екпесі 5 мыңға жуық тұрғынға салынды. Бұл жұмыстар облыстағы 30 емдеу мекемесінде қолға алынған.Болат АБАҒАН, Алматы облысы