Қызылордада табиғатқа қиянат жасау тоқтар емес
Қызылордада табиғатқа қиянат жасау тоқтар емес
166
оқылды

Қызылорда қаласында жасыл желекке көмкерілген Арбаттың бойындағы ағаштар тасқа бастырылып жатыр. Енді мыңдаған тал-көшеттердің әрі қарай өсіп-өнуі екіталай. Өйткені тамырына ылғал тұрмақ ауа да бармайтындай етіп, тал түбін саңылау қалдырмай қымтап тастаған.

3-4 айдан бері Арбаттың бойында құрылыс жүріп, жолдың үстіне брусчатка төселіп жатыр. Қаланың көркейгені дұрыс. Алайда жылда жаңалық ашып, ысырапшылдыққа барудың қажеті не? Онсызда Арбаттың ажары «әйбат» еді ғой. Айтайын дегенім бұл емес. Арбаттың тарихы әріде жатыр. Әу баста Нұржан Әуелбеков дейтін іскер басшы сонау Көкшетаудан жеміс, шырша, самырсын талдарын алдырып, мыңдаған көшет ағашын осында отырғызған көрінеді. Одан кейін де мұнда талай рет абат­тандыру жұмыстары қолға алынып, көшенің көркі ажарлана түсті. Енді сол Арбаттың ажарын ашқан ағаштар тасқа бастырылып, қолдан тұншықтырылып жатыр. Бұл табиғатқа қиянат емес пе? – Арбаттың бойында бәрін брус­чаткамен бастырып кеткен. Бұл проб­лема Назарбаев даңғылында бар. Жауап­ты мамандарға айтқанмын. Қайбір жылы бұл маңда 270 тал бар еді. Енді абат­тандырудан кейін оның қаншасы қал­ғаны белгісіз. Осыдан кейін мына талдар өле бастайды. Біздің ауа райымызға тамшылатып немесе шашыратып суару әдісін қолдану –ақымақтық. Неге десеңіз, біздің жердің саз топырағы басым. Сондықтан бұлай суару талдың тамырына бармайды. Қазір Назарбаев даңғылы бойындағы талдың тамыры 1,5 метр тереңдікте қалып қойды. Олар қалай су ішеді? Ертең қурап қалады ғой. Бірер жыл бұрын сол маңдағы 100-150 талды шілдеде қурап жатқан жерінен тірілтіп алғанмын. Ал мына тасқа бастырылған талдар көп ұзамай қурайды, сосын оны көрмесін деп, түбінен кесіп құртады. Осылай өз-өздеріне проблема тауып қойды. Қазір бұл талдар астындағы бар ылғалмен көктемде көктегенімен, жазда түсі қашып, қурап қалады, – дейді табиғат жанашыры, Қызылорда қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Болат Нұрқожаев. Назарбаев даңғылында орналасқан жаяу жүргіншілер жолы былтыр жөн­делген еді. Бірақ қоғам белсендісі айт­қандай, мұнда да талдар тас астында қа­лып қойған. Аймақта ұзақ жыл бас­шылық салада қызмет атқарған Сәдуақас Аңсат ағамыз да осы мәселені көтеріп, жауапты басшыларға талай рет ескертті. – Өзім басқа қалалардағы Арбатты көрдім. Жасыл желекке көмкеріп, жауһар гүлзарлармен безендіріп қойған. Қарасаң, көз тоймайды. Арбаттың сәні осы емес пе? Ал бізде бәрі, керісінше жүріп жатыр. Шыққан тал мен шырша­ларды күтіп ұстаудың орнына оларды таспен бастырып, тамырына балта шабумен әлек. Ертең олардың бәрі қурап қалмай ма? Қызылорданың 40-50 градус ыстығында талдың түбіндегі тастардың өзі қол тигізбестей қызады. Сонда қалай, бізде газонсыз, гүлсіз, талсыз Арбат бола ма? Көркейту-көгалдандыруды қолға алайық. Абаттандырамыз деп тас қалаға айналдырмайық, – дейді қоғам қай­раткері С.Аңсат Қазір Арбатты абаттандыру бағытын­да құрылыс қарқын алды. Алдағы уақыт­та 3 субұрқақ салынып, 18 кіші архитек­тура­лық форма орнатылмақ. Ал аяусыз тасқа тұншықтырылып жатқан ағаштар мен шыршаларға араша сұрап, Қызыл­орда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне хабарластық. Олардан: «Аталған аумақ­тағы абаттандыру жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ. Сонымен қатар жобада жасыл желекті тамшылатып суару әдісі арқылы күтімін жасау қаралған» деген жауап келді. «Көктеп тұрған ағашқа обал жаса­маған жөн. Сондықтан бұл мәселені біржақты қылған дұрыс. Табиғатқа зиянымыз тимей, әр талдың өсіп-же­тілуі­не көңіл бөлейік», – дейді табиғат қорғаушылары. P.S.

Біз көзбен көріп, көкейге түйген кемшілікті жаздық. Онсызда «Қызыл­орда­да тал жоқ» деп жүр орман көргендер. Жо-жоқ, Сыр елінде тал да, шырша да бар. Бірақ табиғатқа жанашырлық бәсеңдеу сияқты. Әйтпесе, дәл бұлай табиғатқа қиянат жасалмаушы еді. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?!

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы