Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев коронавирусқа қарсы вакцина салдыру үшін азамат тұрғылықты жері бойынша тіркелу талап етілмейтінін айтты.Нариман Табынбаевтың айтуынша, алматылықтардың басым бөлігі вакцинаны тіркелген емханасында салдырады.
«Егер азамат Алматының тұрғыны болса және жұмыс орны бойынша жақын емханаға жүгінсе, онда одан ешкім бас тартпайды. Бізде қалаға келіп, осында жұмыс істейтін адамдар бар. Мысалы, Алматыда жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің 30%-ы қала сыртынан келетіндер. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы медициналық мекемелерге жұмыс орнында вакцина егуге рұқсат берді. Алматыда тұратындардың барлығына екпе қолжетімді. Егер олар тіркелген емханасында салдырғысы келсе, жазылып, кезекке тұра алады», - деді ол.
Бұған дейін Нариман Табынбаев Алматыда коронавирусқа қарсы вакцинация бірнеше күнге шектелетінін мәлімдеген еді.