Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, өскемендік ерлі-зайыпты коронавирусқа шалдыққан ұлын Мысырдан Қазақстанға бірге алып кете алмаған. Баласының Мысырда визасыз жүру мерзімі де аяқталуға таяу.
Оқиғаға Қазақстан өз азаматтарына ПТР анықтамасыз ұшаққа отыруға тыйым салғаны себеп болған, - деп жазды yk.kz. Олар Мысырда демалып, елге қайтатын күні ПТР тест тапсырған. Үлкен ұлынан коронавирус анықталған.
Туроператордың өкілі жасөспірім қонақүйде қалып, екінші сынаманың нәтижесін күтуі керек екенін айтқан. Сондықтан ата-анасы баласын Мысырда қалдырып кеткен.
«Мысырдағы Қазақстан елшілігінің мәліметінше, бала қонақүйде жатыр. Барлық шығынды қонақүй көтерді. Ол 5 сәуірде қайта ПТР тест тапсырады. Оның визасы 20 сәуірге дейін жарамды. Ата-анасы хабардар, біз жағдайды бақылауға алдық. Меніңше, қазіргі кезде бүкіл әлемде болып жатқан жағдайды әркім түсінуі керек», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.