Қабдеш Жұмаділов: Мен көрген шындықтар өлеңге сыймайтын еді
Қабдеш Жұмаділов: Мен көрген шындықтар өлеңге сыймайтын еді
710
оқылды

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов өмірден өтті. «Соңғы көш», «Дарабоз», «Тағдыр», «Атамекен» және тағы басқа көптеген көркем шығармалардың авторы. Біз бүгін Халық жазушысының әр жылдары баспасөз бетіне шыққан ойларын жинақтап беріп отырмыз.

 
  • Менің ҚазҰУ-ға оқуға түсуіме ақынды­ғым себеп­кер болды. Кейін Қа­жықұ­мар Шабданұлының кеңе­сімен ептеп прозалық шығармалар жаза бастадым. 10-сынып оқып жүрген­де жазған «Жамал» атты әңгімем 1956 жылы Шыңжаңдағы әдеби журнал «Шұғылаға» жарияланды. Бұл да менің мерейімді өсіріп, әдебиетші болып шығуыма шабыт, демеу болды. Осы жаққа келгенде де бірнеше өлеңдер жарияладым. Мен көрген шындықтар, ұлттың басындағы қасіреттер, зорлықтар өлеңге сыймайды екен. Сол үшін оны кесек шығармамен әлемге жария етуім керек деп ойладым. Мұ­қағали Мақатаев «Соңғы көштің» бірінші кітабын оқып болған соң, арнайы келіп құттық­тады. Өлең жазатынымды да білуші еді. Сонда маған: «Бала, өлеңді бізге қалдыр. Сенің жолың кең құлашты прозада екен», – дегені әлі есімде.
 
  • Аягөзге Сарноғаев дегенді жібе­ріпті. Ол да Қарағандыдан келген белсенді, мақсаттары  елді жою.   Ырғызбайды, Құнанбай әулетін құрту, соны аластау, ауданды тазарту. Ал, Аягөзге келгендерге Ақтайлақ бидің ұрпақтарын жою­ды мақсат еткен. Содан бірін Сібір­ге айдаған, жан-жаққа бытыратқан. Шәкәрімнің өзі қоғамнан безіп, сонау Шыңғыс­тауға бүркіті мен мылтығын алып, саят үйінде түнеп жүрген. Сол жерде жүрген жерінде атып өл­тірді. Шәкәрім Зият дейтін ұлына өзінің астындағы атын беріп, қоржынға бүкіл дүниесін салып беріп, Қытайға саналы түрде қашырған. «Бар қазынам мына қоржынның ішінде кетіп бара жатыр, соны аман сақтап қал», – дейді. Сол Зият алып өткен дүние Шәкәрімнің мұрасы болып қалды.
 
  • Абай­дың ұлы Тұрағыл, немересі Мағауияның ұлы Жағыпар Шымкентте аштан өледі. Оларды 1932 жылы күшпен жер аударған. Шәкәрімнің бәйбішесі, бірнеше баласы Қарауылдың түрмесінде жатып аштан өледі. Оның үлкен ұлы Ахат Семейдегі түрмеде бол­ды. Шәкәрімнің өз басына осындай күн туды. Ауданда аман қалған 5 мың адам кім дейсіз ғой? Пролотарлар, «Совет өкіметінің бел баласымыз» деп ұрандаған кедейлері мен жансыздар, тыңшылар. Абай ұрпақтары құрып кет­кен. Ол әулеттен 7 адам Екінші Дүниежүзілік соғы­сына кеткен екен, қайта орал­мапты.
 
  • «Халық жауларының әйелдері» деп мың­даған бейкүнә әйелдерді қамаған «Алжир» лагері туралы «Аранға түскен аққулар» деген шығарма жаздым. Бұлардың ішінде жүздеген қазақ әйелі бар екен. Бұл тақырыпқа ешкімнің тісі батып бара алмады. Сол лагерде Тұрар Рысқұловтың әйелі Ғазиза, Темірбек Жүргеновтің әйелі Дәмел, Бейім­беттің әйелі Гүлжамал болған. Сонымен бірге, бірнеше орыс әйелдері бар. Маршал Тухачовскийдің Лиза және Галина деген екі қарындасы да сонда болған. Осы тектес әйелдердің аянышты тағдыры суреттеледі. Саналы әйелдер әлгінде айтқан Ғазиза мен Дәмелдің ойымен беріледі. Осы лагерге бірнеше рет бардым. Қамалғандар бүкіл Совет одағынан келгендер екен.
 
  • Әрине, «жалғыз шапқан ат жүйрiк» дейтiн емес, бiзде әр жылдар жарық көрген тарихи шығармалар жеткiлiктi. Ашығын айтсақ, солардың көпшiлiгi – қатып қалған схема бойынша, Қазақ ССР тарихының көне оқулығына иллюстрация түрiнде жазылған дүниелер. Тәуелсiздiктен кейiн тағы бiр ұшқарылыққа тап болдық. Тарихи фактiлердi белiнен басып, әркiм өз ұлысын, өз ата-бабасын дәрiптейтiн татымсыз кiтаптар көбейдi. Ал тарихқа тыңнан жол салған, адам танытқыштық, көркемдiк iзденiстерiнiң сыртында, тарихшының мiндетiн қоса атқаратын тағылымы мол шығармалар саусақпен санарлықтай. «Аласапыран» – сондай аз асылдарымыздың бiрi, жай бiрi ғана емес, бiрегейi. Мен бiр мақаламда «Аласапыранды» қазақ прозасындағы ұлы романдардың бiрi деп атағам. Қазiр де сол пiкiрдемiн.
 
  • Біз ойын-сауықтың елі сияқтымыз. Әсіресе, әзілге бір тәулікте 10 сағат уақыт берілген. "Өл-тіріл, бірақ мына халықты күлдір" дейтін секілді. Күлдіру де оңай емес, оған талант керек. Күлдіре алмаған соң қарқылдап өздері күледі. Мақсат - халықты ойландыруға жібермеу, күлдіру. Сосын қазір 1000 әнші бар. Олар Естайдың, Ақанның әндерін айтпайды. Оған шамасы келмейді. Олардың айтып жүргені ән емес, ырғақ. Біз соны шатастырмауымыз керек. Қазақ әні ондай болмайды.

Айым БЕКТҰР.