Арнайы экономикалық аймақтар: нәтиже қандай?
Арнайы экономикалық аймақтар:  нәтиже қандай?
999
оқылды

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 13 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және 23 индустриялық аймақ (ИА) құрылды. Осы уақыт ішінде мемлекет бұл аймақтардың инфрақұрылымы мен дамуына 314 млрд 300 млн теңге қаржы салды. Алайда бұл аймақтардың пайдасы бар ма?

Жеке бизнес тарапынан тар­тылған инвестиция 910 млрд теңгеге жетті. Сөйтіп, арнайы эко­номикалық аймақ инфра­құрылы­мына бюджет­тен салынған 1 теңге жеке инвести­цияның 2,8 теңгесін әкелді. Индус­триялық аймақтарға 183 млрд теңге инвестиция құйылды. Бір айта ке­терлігі, мемлекеттен АЭА мен ИА-ның дамуына берген қаржысының жартысы, яғни 150 миллиард теңге бюджетке салық түрінде қай­та­рылған. Дегенмен ең табысты эко­но­микалық аймақ ретінде Шым­кенттегі «Оңтүстік» АЭА-ны ерекше атап өту қажет. Онда бюджеттің 1 тең­гесіне 15,5 теңге инвестиция тартылған. Үкімет отырысында Премьер-Ми­нистр орынбасары Роман Скляр 2019 жылы АЭА-да 185 жоба, ИА-да 149 жоба іске қосылып, 22 мыңнан аса жұмыс орны ашылғанын айтты. Соның нәтижесінде бұл аймақтарда 136 түрлі өнім шығарыл­ған, 30-дан астамы – жаңа өнімдер. Ал 2020 жылы жаңадан 36 жоба қосылып, 1 200-ге жуық жұмыс орны құрылды. 2021 жылға қарай арнайы эконо­ми­калық аймақтарда құны 2 трлн тең­геден асатын 147 жоба іске қосылады деп жоспарланған. Индустрияландыру бағдар­ла­ма­сының екінші бесжылдық аясында (2015-2019 жж.) өңдеуші кәсіп­орын­дар 45 трлн теңгенің өнімін өндірді. Осы бесжылдықта сектор кәсіпорындарынан түскен салық 3 есе өсіп, 9 трлн теңгеге жетті. Сала­ның еңбек өнімділігі 4,2%-ға артты. Бүгінде отандық өнім өндірушілер әлемнің 120 еліне 72 млрд АҚШ дол­ларына бара-бар тауар экспорт­тайды.

АЭА артықшылығы неде?

Арнайы экономикалық аймақ ин­тегралды және салалық болып екіге бө­лінеді. Интегралды Арнайы эко­но­ми­калық аймақта аймақ ша­руа­шылығы жиынтық күйінде қаралады. Ал салалық экономи­калық Арнайы экономикалық аймақта шаруашылықтың басым саласы жеделдете дамытылады. Арнайы эконо­микалық аймаққа валюталық-қаржылық және са­лықтық жеңілдіктер беріледі, шетел капиталын тарту көзделеді. Шетел­ден әкелінген өнімге кеден салығы са­лын­байды не салық мөлшері азай­тылады, негізгі қорларды пай­далану мерзімі қысқартылады, ре­сурстарды пайдалан­ғаны үшін төлем мөлшері кемітіледі. Сонымен бірге Арнайы экономикалық ай­мақты қазіргі заманғы инфрақұ­ры­лыммен (телефон, телефакс т.б.), шикі­затпен, еңбек ресурстарымен үздіксіз қам­­тамасыз ету мәселелері де қарас­тырылған. Қазақстан Үкіметі арнайы эко­но­микалық аймақтарды құру ба­рысында бірқатар шартты ұстанды: біріншіден, АЭА-қа қатысушылар өнім өңдеудің 3-деңгейінен бастап одан арғы неғұрлым жоғары дең­гейіне көшуі тиіс. Екіншіден, бұл аймақ нақты өңірдің транзиттік әлеуетін толықтай пайдалану үшін геогра­фиялық тиімді тұста орна­ласуы керек. Үшіншіден, арнайы экономикалық аймақ өңірдің басқа құрамдас салаларын ілгері жыл­жытушы локомотив болуы шарт. Төр­тіншіден, мұнда инновациялық тех­но­логиялар мен жаңа жабдықтар келуі қажет. Арнайы экономикалық аймақты құру туралы шешімді Үкіметтің ұсы­нысы бойынша тек Мемлекет бас­шысы ғана қабылдайды. АЭА қыз­метін жергілікті облыстық әкімшілік басқарады. Жоба жемісті жүзеге асуы үшін оның жұмысына жауапты компания-оператор тартылады. Кәсіпорындар инфрақұрылымы дамыған, қоймалары мен өндірісі қол­жетімді жерде тұрған АЭА ау­мағында ор­наласқандықтан, олар­дың өз бизнестерін тиімді жағдайда ілгерілетіп әкетуіне жағдай жасал­ған. Уақыт өте келе, тіпті АЭА мер­зі­мі біткеннің өзінде, олар тұр­ғы­лықты жерлерінде қалыпты жұмыс істей беретін болады. Өйткені осы уақыт ішінде орнығып қалған кәсіпорындар барлық көліктік және инфрақұрылымдық байланысын даңғыл жолға қойып үл­гереді.

Кеудедегі көрікті ойды нарықтағы жағдай бұзады

АЭА кәсіпорындарына мем­лекет та­ра­пынан жасалған кедендік, корпора­тивтік, жер салығы т.б бо­йынша көптеген жеңілдік ин­вес­торлардың қызығушы­лығын туды­рып, олар соның арқасында елі­­міздің экономикалық және тех­но­ло­гиялық дамуының драйверіне айналуы тиіс еді. Бірақ іс жүзінде бәрі ойдағыдай жүзеге асып жатқан жоқ. Мысалы, зауыт­тар сол аймақ­тарда орналасқанына қара­мастан өздеріне мемлекеттік тапсырыстар аз түседі деп шағымданады. Мамандар бұл мәслені шешу үшін ұзақ­мерзімді тапсырыстар өндірісін ен­гізуді ұсынады. Бұл жерде АЭА кәсіп­орындарын тек ұзақ­мерзімді мемлекеттік тапсы­рыс­пен қамтамасыз етіп қана қой­май, сонымен қатар ұлттық ком­па­ния­лармен технологиялық ке­лісім­шарттар жасауына, АЭА мен оған қатысушылары арасында же­лілік байланыстар орнатуға жағдай жасау қажет. Одан бөлек, бұл кә­сіпорындардың жабдықтарды тасы­малдауына қолдау көрсетілуі тиіс. Кейбір өндірістер шикізат импор­тының тапшылығынан зар­дап ше­гуде. Кәсіпорындардың табыс­тылығы мен даму деңгейіне қарай мемлекеттік қолдау ісін реттеп тұру қажет. Сондай-ақ облыстық әкім­дік­тердің экономикалық аймақтарды дамытуға белсенді араласып отыр­ған жоқ. Сырттан инвесторларды шақыруға, көзтартымды жобаларды жасауға, оның жұмысына жергілікті шағын және орта бизнес ны­сан­дарын тартуға қатты құлшынысы бай­қалмайды. Соның салдарынан респуб­ликалық бюджеттен жер­гілікті жерлерге бөлінетін де­меу­қаржы бұрынғысынша деңгейден еш азайған жоқ.

Отандық өндірушілерге не кедергі?

Сенат депутаты Мұрат Бақтия­рұ­лының айтуынша, АЭА қатысу­шылардың қызметін ынталандыру үшін импорттық өнімдерді алмас­тыратын ұзақмерзімді мемлекеттік тапсырыстар, ғылыми тех­никалық тапсырыстар мен бағдарлама­ларды әзірлеу, аралас және кластерлік өндіріс құру, «бір терезеден» басқару прициптері осы кезге дейін бірде-бір нормативтік құқықтық актілерде қарас­тырылмаған. Өңдеу секторында мемлекеттік ке­пілдік берілген ауқымды тап­сырыстарға осы кезге дейін тек ше­телдік инвесторлар ғана тартылған. Олардың қатарында отандық ин­вестор жоқ, өйткені жергілікті ком­паниялар үшін ешқандай ынта­ландыру тетігі жасалынбаған. Ұлт­тық компанияларда АЭА-да шы­ғарылатын өнімдерге деген сұраныстар көп бола тұра, олар ең болмаса өндірушілермен бір жылға кепілдік беретін келісімшартқа отырмайды. Өйткені оларға жер­гілікті өндірілген өнімнен гөрі арзан шетел өнімдерін алу анағұрлым тиімді. Демек, инвесторларды із­дегеннен гөрі әрбір АЭА-ға ұзақ­мер­зімді тапсырыстардың тетік­те­рін енгізу қажет. Осы жайт ре­т­­­тел­генде импорт алмастыру, әр­түр­лі са­ла­дағы шаруашылық бай­ланы­сын қалпына келтіру, мем­лекет­тің инвести­цияға салатын салмағын төмендету, елі­міздің экономикасындағы өңдеу сала­сының үлесін арттыру сияқты мә­селелер де оң шешімін табар еді. Сондай-ақ АЭА кәсіпорындары ара­сында кластердің жоқтығы үлкен проб­лемаға айналған. Мысалы, Қазақстанда өндірілген шикізаттар сыртқа кетіп жатыр, ал сөйте тұра, «Оңтүстік» АЭА өз өн­дірісіне қажетті тауарды сырттан та­сы­малдайды, «Инновациялық техно­ло­гиялық парк» АЭА мемлекет тарапынан берілетін ғылыми-тех­никалық даму және жаңа техно­ло­гия жасау тапсырыстарынан құр алақан қалған. Ал «Сарыарқа» АЭА салалық монополистердің шикі­заттық экспортына байланысты өздерін металл өнімдермен қамта­масыз ете алмай отыр. «Тараз» химиялық паркі 2018 жылғы есебі бойынша бірде-бір жобаны жүзеге асырмаған.

Түркістанның жаңа тынысы ашылмақ

Түркістан қалалық кәсіпкерлік бө­лімі­нің басшысы Гүлжамал Маханованың айтуынша, қалада АЭА құрылысы 2019 жылдың үшінші тоқсанынан бері жүр­гізіле бастаған. Аумағы 400 гектар болатын жерге болашақта 200 жобаны ор­наластыру жоспарланған. Қазір арнайы аймақта 20 ком­пания жалпы құны 408 млрд теңге тұратын 23 жобаны жүзеге асырып жатыр. АЭА құ­рылыс жұмыстарына бүгінге дейін 5 900 адам қамтылған. «TURKISTAN» АЭА жалпы аумағы 3014 га 4 қосалқы аймақтан тұрады: 297-тарихи-мәдени орта­лықтар, 1350-әкімшілік-іскерлік орталықтар, 400-өндірістік және 967-әуежай ау­мақтары. Әлеуетті инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін «TURKISTAN» АЭА-ға орналасатын компаниялар 2043 жылға дейін кедендік, корпоративтік кіріс, жер, мүлік, ҚҚС салықта­ры­нан босатылған және жер телімі тегін беріледі. Ал ком­муналдық тарифтер құны 35 пайызға дейін жеңілдетілмек. Ал жақында өткен түріктілдес мем­лекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев исі түркі жұртын бірік­ті­ретін эконо­микалық аймақ құруды ұсын­ғанын білесіздер. – Біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты мін­дет­тің бірі. Осы орайда тоғыз жолдың торабында ор­наласқан Түркістан­ның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуе­тін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі ел­дерінің бірлескен «Арнайы эко­номикалық аймағын» құруды ұсы­намын, – деді Мемлекет басшысы. Бұл ұсынысты өзге ел басшылар құп алып жатса, онда Түркістан айма­ғының жаңаша зор тынысы ашыла түсері сөзсіз.

Дәулет АСАУ