Қазақстан құрлық іші елдерінің арасында территориясы ең үлкен мемлекет болғанымен, мұхитқа шығатын мүмкіндігіміз жоқ. Алайда осы мәселеге қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Теңізге шығар жолы жоқ болғанымен, Қазақстанда екі алып мұхиттай көрші – Қытай мен Ресей бар» деген еді. Демек, бұл жаһандық сауданың екі белді өкілінің ортасындағы еліміз үшін көліктік-логистиканы дамытудың маңызы зор екенін айғақтайды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан қолайлы геосаяси орнымыздың өзі – бізді өзге жұрттан ерекшелейтін бір артықшылық.
Әрине, Қазақстан теміржолы дегенде, өткен ғасырдың 30-жылдары жалпыхалықтық ұранға айналған Түрксібті айналып өте алмаймыз. Қазақ даласында ұлттық жұмысшы табының қалыптасу көшін аңызға айналған сол құрылыстың бастағаны ақиқат. Тарихи дерекке сүйенсек, 1930 жылдың 28 сәуірінде Айнабұлақ стансасында Түркістан – Сібір теміржолының солтүстік пен оңтүстік телімдері түйіскен-ді. Сол жылдың 1 мамырынан бастап жол уақытша пайдалануға, ал 1931 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрақты пайдалануға берілген болатын. Осылайша, тура 90 жыл бұрынғы ұлы құрылыс күні бүгінге дейін қазақ еліне қызмет етіп, аса маңызды көлік артериясына айналып отыр. Оған жұмылдырылған қарақұрым халық қарабайыр құрал-сайманмен-ақ «тауды бұзып, тасты жарып», 1,5 мың шақырымға жуық шойын жол құрылысын мерзімінен бір жыл бұрын салып біткен. Жалпы, Түрксібке дейін қазақ жерінде Локотьтан Семейге дейін, 1924 жылы Орынбор – Ташкент магистралі кесіп өтетін оңтүстікте Арыстан Луговойға дейін, одан әрі Бішкекке өтетін үзік-үзік телімдер болмаса, тұтастай теміржол қатынасы болған жоқ. Бұл саладағы зор жетістікке тек тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырмыз.Үмітті ақтаған үш бағыт
Сонымен, 2016 жылы алғаш рет Қазақстанның көлік саласындағы физикалық көрсеткіш индексі 103,8% болды. Сол сәтте логистика тимділігі бойынша халықаралық рейтингте 88-орыннан 77-орынға көтеріліп, ТМД бойынша ең үздік елге айналдық. Онымен шектелмей, 2020 жылы рейтингтегі позиция бойынша 40-орын межесі көзделді. Жалпы алғанда, тәуелсіздіктің алғашқы 25 жылында Қазақстан ТМД елдері арасында 2 500 шақырым жаңа теміржол желісін салған жалғыз мемлекет болды. Осылайша, халықаралық көлік дәлізін Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий бағдарында (ТРАСЕКА) оңтайландырып алдық. 2014 жылы салынған бір ғана Жезқазған – Бейнеу теміржол желісі Қытайдан Каспийге, одан әрі Түркияға, оңтүстік Еуропа мен Парсы шығанағы елдеріне бағытталған жүк пойыздарының жол үстіндегі қашықтығын 1 000 шақырымға дейін қысқартты. Ал 2015 жылы пайдалануға берілген ұзындығы 214 шақырым Арқалық – Шұбаркөл желісі Орталық Қазақстаннан солтүстік өңірлерге орта есеппен 550 шақырымға тасымалдау қашықтығын қысқартқан. Сондай-ақ «тар жерлерді» жою және өткізу қабілетін арттыру мақсатында 53 шақырым Шу – Алматы учаскесінде екінші жолдардың күзетілуі аяқталып, ол аталған учаске бойынша тасымалдау мерзімін 2 есеге қысқартты. Міне, енді содан бері инфрақұрылымды дамытуға салынып жатқан инвестициялардың арқасында Қазақстанның көлік-логистика саласы үш бағытта дамып келеді. Бірінші бағыт – Шығыс – Батыс дәлізі. Бұл – Қытайдан Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, Қазақстан, Ресей арқылы Еуропа мен Скандинавия еліне шығатын бірден-бір көлік дәлізі. Соның нәтижесінде 2011 жылы Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік тасымал көлемі 15 контейнерлік пойызды құраса, 2016 жылы 1 100 контейнерлік пойыз шамасында болған. Ал 2017 жылы межелі 2 250 контейнерлік пойыз жолға шықты. Сол кезде «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның еншілес ұйымы KTZ Express АҚ президенті Диас Ысқақов жылдамдық пен тасымал қауіпсіздігінің жоғары деңгейде қамтамасыз етілуінің нәтижесінде бұл бағдарға жылдан-жылға сұраныстың артып келе жатқанын, 2020 жылға қарай бұрын теңіз жолымен жүзеге асырылып келген шамамен 800 мың контейнерді қосымша тарту көзделіп отырғанын айтқан еді. Екінші бағыт – Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізі. Бұл бағдар Қытай және Орталық Азия елдері, сондай-ақ Ресей мен Шығыс Еуропаның Қазақстан және Түрікменстан арқылы Иранға, Парсы шығанағы елдері мен Үндістанға шығу мүмкіндігін қарастырды. Осы орайда, Түрікменстан және Иран мемлекеттерімен бірлесіп, Өзен – Берекет – Горган теміржол желілерін салу бағытында трансұлттық инфрақұрылым жобасын табысты жүзеге асырдық. Бұл жоба тек сол үш елдің көлік ағынына ғана емес, Азия – Еуропа бағытындағы тасымал географиясына да оң ықпал етіп отыр. Үшінші бағыт – Транскаспий бағыты – ТРАСЕКА. Ол – Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен Түркия, Украина, Оңтүстік Еуропа бағыттарына жөнелтілетін жүк дәлізі. 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті Каспий теңізі арқылы Стамбұлға 300 мың контейнерге дейін жеткізу көзделген.Отарбалар «Нұрлы жол» арқылы жүйткіді
Негізінен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен ұлт жоспары – 100 нақты қадам Қазақстанның транзитті-көлік әлеуетін дамыту бағдарын айқындап, көлік-логистикалық хабты құруға және Еуразияның халықаралық көлік-коммуникациялық ағынында еліміздің біріктірілуін мақсат етті. Осы орайда, 2013 жылы қыркүйекте елордамызда ҚХР төрағасы Си Цзиньпин бірінші рет көтерген «Жаңа жібек жолы» экономикалық белдеуін құру туралы бастама теміржолдағы жүрдек контейнерлік тасымалды дамытуға серпін берген еді. Ғалымдардың айтуынша, «көлік-логистикалық инфрақұрылымы» дегеніміз кейін пайда болған құбылыс емес. Көне заманда да ел мен елдің арасын қосатын керуен жолдары болған. Алысқа бармай-ақ кейінгі орта ғасырларға дейін экономикалық қана емес, «мәдениетаралық, дінаралық қатынастардың күретамыры» атанған Ұлы Жібек жолының бойындағы құдықтарды, керуен сарайларын айтсақ та жеткілікті. Енді мына жаһандану заманында өзара байланысқа деген қажеттілік артып, көлік логистикасының арқасында сол Ұлы Жібек жолы «Жаңа жібек жолы» болып, әлемдік экономиканың аса пайдалы сегментіне айналып отыр. Одан бөлек, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015-2019 жылдары Ақтау портында қуаты 3 миллион тонна болатын үш жаңа жүк терминалы салынды. Жобаны іске асыру қуаты жылына 1,5 миллион тонна астық терминалын және қуаты жылына 1,5 миллион тонна жүктер мен контейнерлерге арналған екі терминал салу есебінен Ақтау теңіз порты арқылы жүктерді тиеу жылына 20,7 миллион тоннаға дейін ұлғайды. Нәтижесінде, Ақтау, Құрық порттарын іске қосу арқылы Қазақстанның теңіз порттарының өткізу қабілеті 27 миллион тоннаға дейін артты. Сонымен қатар Әзербайжан, Түркия және Грузия арасындағы шекарада Карс – Ахалкалаки теміржол учаскесінің құрылысын аяқтау маршруттың дамуына қосымша серпін берді. 2020 жылы Қазақстанның құрғақ жүк және паромдық флотындағы кеме санын 4-тен 20-ға жеткізу жоспарланды. Алайда Қазақстан аумағы арқылы транзитпен жүктерді өткізу және тауарларды жеткізу мерзімі 13-15 күнді қамтиды. Бұл – теңіз көлігіне қарағанда 2 есе жылдам көрсеткіш. Енді 2019 жылғы 31 желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңі бекітілді. Бағдарлама шеңберінде 2025 жылға дейін жалпы сомасы 5,5 триллион теңгеге 112 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.Сала сандық технологиямен жаңғырды
Елбасы 2018 жылғы Жолдауында Үкіметке көлік және логистикада заманауи сандық технологияларды ауқымды енгізу бойынша міндет жүктеген еді. Мәселен, «Зияткерлік транспорт жүйесі» көп компонентті жобасы аясында көлік құралдарын, инфрақұрылымды, пайдаланушылар мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ықпалдастыру кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастады. «Бірыңғай терезе» қағидаты бойынша құжаттарды ресімдеудің жаңа жүйесі жүктерді өңдеу үдерісін 10-12 сағаттан орта есеппен 4 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл ретте терминалдың басты мамандануы – контейнерлік операциялар. Ал қозғалыстың ол жаңа түрі 2006 жылдан бастап ұйымдастырылған. Оған қоса, терминалдың тағы бір қызметі – орталығы Алматы қаласы болған Оңтүстік аймақтың негізгі кластерінің кәсіпорындарына және сауда желілеріне қызмет көрсететін логистикалық және дистрибьютерлік орталық. Осы орайда, 2025 жылы «Көлік логистикасы» кластерін қалыптастыру үшін Алматы облысында көліктік-логистикалық кешендер құрылды. Ол кластердің дамуына бағытталатын инвестициялардың көлемі бірінші 5 жылдықта шамамен 2,5-3 миллиард теңге болмақ. Түйін:Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабек транзит әлеуетін дұрыс пайдалансақ, ол мұнайдан кейінгі табыс көзі болатынын алға тартып отыр. Оның айтуынша, «Еуразияның жүрегінде» тұрғанымыздың өзі үлкен транзиттік әлеует. Мысалы, әлем бойынша тауар тасымалының 90 пайыздан астамы су арқылы жүзеге асады. Себебі қызмет құны арзан. Алайда Жапониядан шыққан кеме Еуропаға орташа 22-24 күнде жететін болса, бүгінде Қытай –Қазақстан – Еуропа бағытындағы теміржол тасымалы 11-13 күнді ғана қамтиды.
Сондай-ақ былтыр Асылбек Смағұлов Мәжіліс депутаты кезінде мұндай магистральдардың біздің мемлекетіміз үшін мультипликативтік әсері бар екенін айтқан болатын. «Олар елдің ішіндегі өзара байланысты жақсартып қана қоймай, өз маңындағы аумақта шаруашылық істерін жандандырады. Бұрын бос жатқан жерлер қолға алынып, егіншілік, мал шаруашылығы дамиды. Диқандар мен шаруалардың өз өнімін нарыққа жеткізуі жеңілдей түседі. Оған қоса, жол бойындағы сервис саласы дамып, бюджеттің жаңа кіріс көздері қалыптасады. Адамдар жұмыспен қамтылады. Бұл жолдарды туристік немесе басқа да бағытта пайдалану мүмкіндіктерін де қарастырған жөн. Өйткені логистика дамыған сайын жолға жұмсалатын уақыт пен қаражат кеми түседі» деген еді.
Еркеғали БЕЙСЕН