Мас жүргізуші екі қыздың өмірін қиды
Мас жүргізуші екі қыздың өмірін қиды
168
оқылды

2 наурызда Алматы об­лысы Еңбекшіқазақ ауданы Қорам ауылында 54 жастағы мас жүргізуші 4 оқушы қызды қағып кетті. Олар үйінің жа­нында, жол жиегінде тұрған. Қыздардың екеуінің жасы – сегізде, екеуі – тоғыз жаста. Оқиға сал­дарынан үш қыз ауыр жарақат алды. Оның екеуі ауру­ханада қайтыс бол­ды, біреуінің аяғы сынған. Жүр­гізушіге қандай жаза қолданылмақ?

Полиция департаменті бас­тап­қыда Қылмыстық кодекстің 345-1 бабы 2-бөлігі (Абай­сызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге алып келген дәл сол іс-әрекет) бойынша іс қозғады. Алайда екі жәбірленуші қайтыс бол­ғаннан кейін ПД күдікті жүргізушіге қатысты істің қайта сараланатынын хабарлады. «Тергеу барысында қыздардың бірінің қайтыс болуына байланысты ҚК 345-1-бабының 3-бөлігі бойын­ша қайта саралау жүргізілді. Зардап шеккен екінші жәбір­ленушінің қайтыс болуына байланысты кү­діктінің әрекеті ҚК 345-1-бабы 4-бөлігіне өзгерді. Енді құқық бұзушыны белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Қазір жүр­гізуші тергеу изоляторында қамауда» деп мәлімдеді Алматы облысының ПД өкілі. 54 жастағы жүргізуші Әсет Де­месінов полицейлерге берген жауа­бында сол күні көбірек арақ ішіп қойғанын айтып, кінәсін мойын­даған. КТК арнасының мәліметінше, күдікті алкогольдік ішімдікті жалғыз өзі отырып ішкенін, жол жиегімен келе жатқан оқушы қыздарды таптап өткенін келесі күні бір-ақ түсінген. Қатты соққыдан «УАЗ» көлігінің капоты мен бампері қи­сайған. Елімізде мұндай жол көлік оқи­ғасы көбейіп тұр. Былтыр осын­дай оқиғалардан кәмелетке толмаған 3140 адам зардап шеккен. Қазақстанда 2019 жылы жол-көлік оқиғасынан қайтыс болғандар саны – 2 мың шамасында. Былтыр республика бойынша 13 515 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Зардап шеккендер саны − 19 841 адам (2019 жылмен салыстырғанда 19,3%-ға аз – 24 585), оның ішінде 17 844 адам жараланды. Қайтыс болғандар саны – 1 997 адам. Зардап шеккен­дердің 3 140-ы кәмелетке толмаған. Бас прокуратураның мәлі­ме­тінше, былтыр жалпы жол-көлік оқиғаларының 74,6%-ы елді мекен­дерде болған. ЖКО-ның 86%-дан астамы, яғни, 11 717 оқиға жүр­­гізушілердің кінәсінен болған. Оның ішінде 544 жағдайда жүр­гізушінің алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде болғаны анықталған. Жол апаты кезінде тіркелген өлім фактісінің 65%-ы жаяу жүр­гіншіні қағып кету оқиғасымен байланысты. Былтыр елімізде осындай оқиға салдарынан 1 298 адам қаза болған. Былтыр қазақстандағы ең көп жол-көлік оқиғасы Алматыда тіркелген. Онда елдегі жалпы ЖКО-ның 24%-ы. Былтыр Алма­тыда 3 245 ЖКО фактісі тіркелген. Одан 3 891 адам зардап шеккен. Былтыр ЖКО жиі тіркелетін өңірлердің тағы бірі – Нұр-Сұлтан (466 ЖКО), сосын Шымкент (322 ЖКО). Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылғы мәліметі бойынша, әлемде жол-көлік оқи­ғасынан жыл сайын 1,35 млн адам қайтыс болып, 50 млн адам жарақат алады. Көбіне алған жарақаттан өмір бойы азап шегіп немесе мүге­дек болғандар саны артқан. Айта кетейік, күдікті аталған жазадан бөлек, жол апатынан зардап шеккен қыздарға немесе отбасына моральдық шығын өтеуі мүмкін. Шығын көлемін сот анықтайды.

Мейірім БАҚЫТЖАНОВА