Жалпы, қазақ ұғымында еті арам саналатын талпақ танау шошқаны асырамақ түгілі атын атағымыз келмей жататыны бар. Соған сай, елімізде шошқа етіне сұраныс жоқтың қасы. Әйткенмен, өзге мемлекеттерге тасымалдау мақсатында кей өңірлерде шошқа фермалары ашылған. Бірақ көбіне жұртшылық қарсылық танытары белгілі. Алайда халық пікірін де орынсыз дей алмаймыз. Шошқа фермалары жөнді жұмыс істемесе, экологияға үлкен залал тигізетінін байқадық. Бұған Ақтөбедегі атышулы шошқа шаруашылығы дәлел болды.
10 жылдан бері қарсылық танытқан
Ақтөбе қаласына жақын орналасқан Бестамақ ауылындағы шошқа фермасы жайлы осыған дейін талай мәрте айтылды. Шынында да, ауыл тұрғындары 10 жылдан бері ферманы жабуды талап етіп келген. Дегенмен нәтиже бола қоймаған соң былтыр қазан айынан бастап наразылықтарын үдеткен болатын. Оған назар салған шенді болмаған. Ал енді тұрғындар қарсылығы жай ғана ферманың шошқа өсіргені үшін бе, әлде нақты себептері бар ма, осыған келсек. Армян кәсіпкері Гайк Тертерянға тиесілі мал шаруашылығы фермасы 2008 жылы индустриалды-инновациялық даму картасы аясында ашылыпты. Бір қызығы, әуелде аустралиялық түйеқұстар өсірілетіні айтылған. Экзотикалық құстардың орнында шошқа жануарының болатынын тұрғындар мекеме жұмыс істей бастаған кезде білген. Сөйтіп, Бестамақтағы 26 базада 40 мыңға жуық шошқа бағылып, күніне 280-ні етке өткізілген екен. Жалпы, шошқа фермасының қалдықтары 900 шаршы метр аумаққа төгілген. Оған дейін қалдықтарын Байбақты өзеніне ағызыпты. Бұл су тұрғындар тұтынып отырған Елек өзенінің суымен қосылады. 2014 жылы Байбақтыда балықтар қырылып қалып, оның шошқа шаруашылығындағы қалдықтардан болғаны анықталған. Сол кезде не болды дерсіз. Шенеуніктер кәсіпкерлерді тексеруге мораторий бар екенін алға тартып, өзен суының таза болып шыққанын баяндап, мүлде шара қолданбаған. Демек, шошқа фермасы ауыл айналасын ластап, аймақтағы өзендер экологиясын бұзған. Сол себепті ауыл тұрғындарының қарсылығын негізсіз дей алмаспыз. Қалдықты өзенге төгуді доғарған шошқа фермасының басшылығы одан кейін жаңа айлаға көшкен. Сойылған талпақ танаудың қан-жынын ауыл маңына көме салатын болған. Ал одан шыққан мүңкіген иіс тұрғындарға тыныс алдырмай, көршілес ауылдарға дейін жеткен. Тағы бір айта кетер жайт, ферма Есет батыр кесенесінің түбіне салыныпты. Ақыры қараша айында наразылардың арызы облыстық Экология департаментіне жолданған еді. Ал бұл кезде ферма басшылығы шошқа қалдықтарын каустикалық содамен араластырып, жерге көміп отырғандарын мойындап үлгерген.Экологиялық залал 7 млрд теңге
Одан кейін осы өңірге арнайы Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев келгенін білеміз. Облыстағы шенділер ведомство басшысынан секем алды ма, әйтеуір мәселе тез арада қарала бастады. Алдымен шошқа фермасы сот шешімімен жабылатыны хабарланса, ізін ала ферма қожайынына қатысты Қылмыстық кодекстің «Жерді бүлдіру» бабы бойынша іс қозғалатын болып, үйқамаққа алынды. Сонымен, бір шошқа фермасынан келген залалды айтсақ. Ақтөбе облыстық Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарма тұжырымы бойынша, 13,8 гектар жердің топырақ құнары бүлінген. Яғни, 5,6 гектар жер қазылып, қатты және сұйық қалдық көмілген. Байбақты өзенінің бойындағы шаруашылыққа арналған жерге құрылыс жұмыстары заңсыз жүргізілген. Рұқсат етілмеген карьер де қазылған. 8 шақырым жер қазылған. Кейбірінің ені 10 метр болады. Ал ең басты мәселе, басқарма мамандары жерді залалсыздандыру жұмыстары үшін кемі бір жылға жуық уақыт қажет болатынын айтады. Сондай-ақ кәсіпорын соңғы 2 жылда қоршаған ортаға эмиссиясыз жұмыс істеп келіпті. Ал тұрғындар арызы бойынша тексеру жүргізген облыстың Экология департаменті жерге тек ішек-қарын мен өлексе емес, тұрмыстық қатты қалдық, құрылыс материалдары да көмілгенін анықтапты. Экологтер жерді қазып, 189 тонна қалдық шығарған. Мұның шығын көлемін 40 млн теңге деп бекіткен. Одан бөлек, шошқа фермасында 40 мың басты бағып, күтуге рұқсат етілген. Бірақ фермада 52 мыңға жуық шошқа өсірілген. Бұл да тағы бір құқықбұзушылық. Оның шығыны 119 млн теңге деп есептелген. Бұған қоса, қи сақтау және қалдық су төгу заңдылығы мүлде сақталмаған. Ал жалпы залал 7 млрд теңгеге жетіп отыр. Түйін:Сөз соңында шошқа шаруашылығына қатысты маңызды жайларды айта кеткенді жөн санадық. Былтыр елімізде шошқаға бөлінетін субсидия артқан кезде біраз дүмпу болғанын білеміз. Сол кезеңде Қытайда шошқа індеті тарап, талпақ танау етіне сұраныс артқан кез болатын. Бұл шошқаны түлік қыaлып отырған біздегі шаруалардың да айын оңынан туғызса керек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сенсек, 2019 жылы Қазақстандағы шошқа санының артуы, шошқа еті экспортының өсуіне әсер еткен. Егер 2017 жылы Қазақстан шетелге 300 тоннаға жуық ет сатса, былтыр ол 800 тоннаға жетті. Бірақ осы кезеңде өз ішімізде шошқа етін тұтыну үлесі 8 пайызға төмендеген. Ресми дерекке сүйенсек, 1991 жылы Қазақстанда 2,9 млн бас шошқа болса, 2018 жылы 800 мың бас тіркелген екен.
Мадияр ТӨЛЕУ