Атышулы шошқа фермасы жабылып тынды
Атышулы шошқа фермасы жабылып тынды
155
оқылды

Жалпы, қазақ ұғымында еті арам саналатын талпақ танау шошқаны асырамақ түгілі атын атағымыз келмей жататыны бар. Соған сай, елімізде шошқа етіне сұраныс жоқтың қасы. Әйткенмен, өзге мемлекеттерге тасымалдау мақсатында кей өңірлерде шошқа фермалары ашылған. Бірақ көбіне жұртшылық қарсылық танытары белгілі. Алайда халық пікірін де орынсыз дей алмаймыз. Шошқа фермалары жөнді жұмыс істемесе, экологияға үлкен залал тигізетінін байқадық. Бұған Ақтөбедегі атышулы шошқа шаруашылығы дәлел болды.

10 жылдан бері қарсылық танытқан

Ақтөбе қаласына жақын ор­наласқан Бестамақ ауылындағы шошқа фермасы жайлы осыған дейін талай мәрте айтылды. Шы­нында да, ауыл тұрғындары 10 жылдан бері ферманы жабуды талап етіп келген. Дегенмен нәти­же бола қоймаған соң былтыр қазан айынан бастап нара­­зылықтарын үдеткен болатын. Оған назар салған шенді бол­ма­ған. Ал енді тұрғындар қарсы­лығы жай ғана ферманың шошқа өсіргені үшін бе, әлде нақты се­­бептері бар ма, осыған келсек. Армян кәсіпкері Гайк Тертерянға тиесілі мал шаруа­шылығы фер­масы 2008 жылы индус­триалды-инновациялық даму картасы аясында ашылыпты. Бір қызығы, әуелде аустралиялық түйеқұстар өсірілетіні айтылған. Экзотика­лық құстардың орнында шошқа жануарының болатынын тұр­ғындар мекеме жұмыс істей бас­таған кезде білген. Сөйтіп, Бес­тамақтағы 26 базада 40 мыңға жуық шошқа бағылып, күніне 280-ні етке өткізілген екен. Жал­пы, шошқа фермасының қалдық­тары 900 шаршы метр аумаққа төгілген. Оған дейін қалдықтарын Байбақты өзеніне ағызыпты. Бұл су тұрғындар тұтынып отырған Елек өзенінің суымен қосылады. 2014 жылы Байбақтыда балықтар қырылып қалып, оның шошқа шаруашылығындағы қалдық­­­­тардан болғаны анықталған. Сол кезде не болды дерсіз. Шенеу­­ніктер кәсіпкерлерді тексеруге мораторий бар екенін алға тар­тып, өзен суының таза болып шыққанын баяндап, мүлде шара қолданбаған. Демек, шошқа фермасы ауыл айналасын ластап, аймақтағы өзендер экологиясын бұзған. Сол себепті ауыл тұрғын­дарының қарсылығын негізсіз дей алмаспыз. Қалдықты өзенге төгуді до­ғарған шошқа фермасының бас­шылығы одан кейін жаңа айлаға көшкен. Сойылған талпақ танау­дың қан-жынын ауыл маңына көме салатын болған. Ал одан шыққан мүңкіген иіс тұрғындарға тыныс алдырмай, көршілес ауыл­дарға дейін жеткен. Тағы бір айта кетер жайт, ферма Есет батыр ке­сенесінің түбіне салыныпты. Ақыры қараша айында наразы­лардың арызы облыстық Эколо­гия департаментіне жолданған еді. Ал бұл кезде ферма басшы­лы­ғы шошқа қалдықтарын каус­тикалық содамен араластырып, жерге көміп отырғандарын мойын­дап үлгерген.

Экологиялық залал 7 млрд теңге

Одан кейін осы өңірге арнайы Экология министрі Мағзұм Мыр­зағалиев келгенін білеміз. Об­лыстағы шенділер ведомство бас­шысынан секем алды ма, әй­­теуір мәселе тез арада қарала бастады. Алдымен шошқа фер­масы сот шешімімен жабылатыны хабарланса, ізін ала ферма қо­жайынына қатысты Қыл­мыстық кодекстің «Жерді бүлдіру» бабы бойынша іс қозғалатын болып, үйқамаққа алынды. Сонымен, бір шошқа фер­масынан келген залалды айтсақ. Ақтөбе облыстық Жердің пай­даланылуы мен қорғалуын бақы­лау жөніндегі басқарма тұжы­­рымы бойынша, 13,8 гектар жер­дің топырақ құнары бүлінген. Яғни, 5,6 гектар жер қазылып, қатты және сұйық қалдық кө­мілген. Байбақты өзенінің бойындағы шаруашылыққа арналған жерге құрылыс жұ­мыстары заңсыз жүргізілген. Рұқсат етілмеген карьер де қа­зылған. 8 шақырым жер қа­зылған. Кейбірінің ені 10 метр болады. Ал ең басты мәселе, басқарма мамандары жерді за­лалсыздандыру жұмыстары үшін кемі бір жылға жуық уақыт қажет болатынын айтады. Сондай-ақ кәсіпорын соңғы 2 жылда қор­шаған ортаға эмиссиясыз жұмыс істеп келіпті. Ал тұрғындар арызы бойынша тексеру жүргізген облыстың Эко­логия департаменті жерге тек ішек-қарын мен өлексе емес, тұр­мыстық қатты қалдық, құры­лыс материалдары да көмілгенін анықтапты. Экологтер жерді қа­зып, 189 тонна қалдық шы­ғарған. Мұның шығын көлемін 40 млн теңге деп бекіткен. Одан бөлек, шошқа фермасында 40 мың басты бағып, күтуге рұқсат етілген. Бі­рақ фермада 52 мыңға жуық шошқа өсірілген. Бұл да тағы бір құқықбұзушылық. Оның шы­ғыны 119 млн теңге деп есеп­телген. Бұған қоса, қи сақтау және қалдық су төгу заңдылығы мүлде сақталмаған. Ал жалпы залал 7 млрд теңгеге жетіп отыр. Түйін:

Сөз соңында шошқа шаруа­шылығына қатысты маңызды жайларды айта кеткенді жөн са­­надық. Былтыр елімізде шошқаға бөлінетін субсидия артқан кезде біраз дүмпу болғанын білеміз. Сол кезеңде Қытайда шошқа індеті тарап, талпақ танау етіне сұраныс артқан кез болатын. Бұл шошқаны түлік қыaлып отырған біздегі шаруа­лардың да айын оңынан туғызса керек. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің дерегіне сенсек, 2019 жылы Қазақстандағы шошқа са­нының артуы, шошқа еті экс­портының өсуіне әсер еткен. Егер 2017 жылы Қазақстан шетелге 300 тоннаға жуық ет сатса, былтыр ол 800 тоннаға жетті. Бірақ осы кезеңде өз ішімізде шошқа етін тұтыну үлесі 8 пайызға төмендеген. Ресми дерекке сүйенсек, 1991 жылы Қазақстанда 2,9 млн бас шошқа болса, 2018 жылы 800 мың бас тіркелген екен.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ