«Киік қырғыны» тағы басталды ма?
«Киік қырғыны» тағы басталды ма?
566
оқылды

Кең даланы емін-еркін жайлаған ақбөкендер! Сұлулығы талай ақын­ның жырына арқау болған киелі жануар. Кезінде топ-тобымен қазақ жерін шарлаған киіктер браконьерлер мен қарақшылардың шабуылынан мыңдап қырылған. Табиғаттың да тосын мінезі бейкүнә жануарлардың санын қысқартқан.

Дегенмен соңғы жылдары киіктердің саны едәуір көбейгені анықталды. Өткен жылдардағы санақ бойынша Қазақстан­дағы киіктердің жалпы саны 334 мыңнан ас­қан. Тек бір ғана Қорғалжын қорығы аумағында 14 мыңнан 20 мыңға дейін киік мекендейді. Соңғы күндері әлеуметтік желі­лерде Қорғалжын қорығы аумағында киіктердің қырылып жатқаны жайлы ақпарат желдей есіп тұр. Мәселенің анық-қанығын білмек болып, Қорғалжын ауданы тұрғындарынан, сол сияқты тиісті сала мамандарынан мән-жайды сұра­дық... Сөйтсек, адамға да, малға да қатал болған қыс киіктерге оңайға соқпапты. Қытымыр қыста қардың мол болуынан киіктер азық таппай, тебіндейтін шөп іздеп, ауылдарды аралап кетіпті. Әсіресе, қыс бітіп, көктем тақаған тұста қардың бетіне мұз қатқан соң іс насырға шапқан көрінеді. «Жануарлар ауылдың іргесіне дейін кіріп кетті. Бұрындары алыстан шыбық­тың сыбдыры естілсе, жалт етіп жоқ бо­латын киіктер енді адамдардан тіпті қо­рықпайтын болған. Өйткені далада дым шөп жоқ. Тұяқты жануарлар қорек таппай,  ауылдың маңын жағалап, егіннің орнын паналауға мәжбүр. Күні кеше ғана қорам­ның жанына бір топ киік келіпті. Байқа­сақ, әбден азып кетіпті. Қатты аяп кеттім. Айырмен сабан алып шашып тастадым. Өкінішке қарай, көбіне адам­дардың шашқан шөбін жемей кетеді. Жануарға еш­кім тиісіп жатқан жоқ», – дейді Қор­ғал­жын ауданының тұрғындары. Киіктердің қырылып жатқанын рес­публикалық «Охотзоопром» кәсіп­орнының Ақмола облысындағы өңір­лік басшысы да хабардар. Оның ай­туынша, киіктерге биыл қыс қатты әсер етіп, қырыла бастаған. Бірақ бұл олардың саны­ның азайып кетуіне ықпал етпейтінін жеткізді. «Биыл қыс өте қатты болды. Қар қа­лың түсіп, киіктер жайылатын жер таба алмады. Тіпті, бетін қалың мұз басқан­дықтан, тұяқты жануар шөп таппай, осыдан қырыла бастады. Бүгінде шамамен 200-ден астам киік қырылды. Бұл – таби­ғи жағдай. Қарақшылық және браконьер­лік оқиғалар тіркелген жоқ. Әлеуметтік желілерде киіктердің мүйізі шығып жа­тыр. «Киіктерді атып кетті» дегендердің бәрі – жалған. Біз, әрине жергілікті атқарушы биліктің, жергілікті аумақтық инспекциялардың көмегімен қарды таза­лат­тық. Киіктер жүретін жерлерге шөп шашып кеттік. Шараға аудандардың әкім­діктері, Қарағанды және Ақмола облысы әкімінің орынбасарлары барын­ша көмек қолын созып, техникаларын бер­ді», – дейді «Охотзоопром»  ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалы басшысының міндетін атқарушы Достай Нұрбеков. Ақмола облысының Орман шаруа­шылы­ғы және жануарлар дүниесі аумақ­тық инспекциясының мәліметінше, жыл басынан бері киіктің 207 өлімі тіркелген. Оның ішінде 139 мүйізді еркектер мен 68 ана­лық киік қырылған. Негізі, Астрахан, Егіндікөл, Қорғалжын және Целиноград аудандарында киіктің өлімі басым болып­ты. Сондай-ақ ведомство жануарлардың өлу фактілері полиция бөлімдерінде тірке­ліп, киіктердің зорлықпен өл­тірілмегендіктен номенклатуралық істер­ге есептен шығарылғанын жеткізді. Киік­тер­дің қаза болу фактісі туралы инспекция Ақмола облысының әкімдігі мен Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасын хабардар еткен. «Қазақта «жұт жеті ағайынды» дейді. Бұл көктем киіктер үшін де нағыз жұттың өзі болды. Әсіресе, қытымыр қыс кезін­дегі қатты аяз бен қалың қар, жемшөптің болмауы сияқты фактор киіктердің әл­сіреуіне алып келіп, қырыла бастады. Дегенмен біз қыс бойы қарап жатқан жоқпыз. Жергілікті атқарушы билік өкілдерімен, «Охотзоопром» қызмет­кер­лері­мен, полиция бөлімдерімен және жер­гілікті ауыл шаруашылығы құрылым­дары­мен бірлесіп бірталай шаруа ат­қарыл­ды. Жануарларға көмек көрсету мақсатында 2021 жылғы 30 наурыз пен 1 сәуір аралығында инспекция басшысы Целиноград, Егіндікөл және Қорғалжын аудандарына, сондай-ақ «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК ОАА инспекторларымен барып, аудан әкімдерімен, полиция бө­лімдерімен және ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кез­десу өткізді. Нәтижесінде, киіктер қы­рыла бастаған аудандарда қар тазартылып, жайылатын жерлеріне қосымша шөп шашылды.Киіктерге ауарайы қалпына келгенше үнемі көмек көрсетілмек», – дей­ді Ақмола облысы Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі аумақ­тық инспекциясының басшысы Лашын­тай Дүйсенов. Сәуір туса да, қалың қардың көбесі сөгілмеген ауылдарда киіктерді аман сақтап қалу үшін қарды сырып, шөп шашу жұмыстары жалғасып жатыр. Сала өкілдері мен жергілікті атқарушы билік өкілдері жүргізілген шаралардың сенімді ақтап, киіктердің қырылуын тоқтататынына сенімді. Мамандар киіктердің мамырдың орта шеніне қарай төлдейтінін айтады. Яғни, табиғи жолмен киіктердің орны қайта толуы тиіс. Дегенмен алдағы уақытта тиісті сала өкілдері дер кезінде қимылдап, тиісті шараларды уақытында орындаса жөн болар ма еді дейсің...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы