Ұлттық өнімдердің «ұнжырғасы түсіп» тұр
Ұлттық өнімдердің «ұнжырғасы түсіп» тұр
215
оқылды

Басқасын айтпағанның өзінде, мал шаруашылығы – қазақтың ежелден бергі басты табыс көзі. Темірден түйін түйіп, ағаштан үйін құрастырған ата-бабамыз төрт түліктің еті, сүті, жүні мен терісінен де киім, бұйым жасап, солардың күйбеңімен өз күйін өзі күйттеген. Ал қазір ше? Мыңғырған малдан қалдықсыз өнім өндіру ісінде көршілердің өзінен көп кенжелеп қалғанымыз қалай? Басынан бастайық...

Экономикаға ет те сеп бола алмады

Бүгінде ет индустриясында Қа­зақ­станның әлеуеті әлі де болса әлсіз. Өзімізде өндірілген ет ішкі сұраныстың 87%-ын ғана қам­­тамасыз етіп отыр екен. Мы­салы, 2019 жылдың қоры­тындысы бойын­ша, Қазақстан халқы 879,5 тонна ет тұтынған. Ал оның 754 тоннасынан басқасы шетел­ден тасымалданған. Өндірілген еттің 2 пайызы ғана экспорт­та­лыпты. Дайын шұжықтың 38%-ын сол сырттан сатып алып жүрміз десек, оның экспорты – небәрі 1 пайыз. Өкінішке қарай, етті өндеу және сақтау жағынан да көрсеткіштер көңіл көншітпей тұр. Айталық, ет сақтай­тын қой­­малар­дың тек 38,7 пайызы қол­­даныста, қалғаны бос. Ал Ауыл шаруашылығы ми­­­нистрлігі 2020 жылдың соңына қарай Қазақстанда ет өндіру көлемі тұтыну деңгейіне дейін жеткі­зілгенін сүйіншіледі. Республика бойынша сиыр етінің қоры – 16,5 мың тонна, қой етінің қоры – 7,8 мың тонна, жылқы етінің қоры 7,3 мың тонна болыпты. Статистика бойынша отандастарымыздың ет өнімдерін тұтыну көрсеткіші жы­лына 7%-ға артқан-мыс. Орташа есеппен бір азамат 21 келі ет жепті. «Ет дегенде бет бар ма?!» дегенді Қарағанды облысының тұрғындары қатты ұстанғанға ұқсайды. Онда әр тұрғын орташа есеппен 26,8 келі ет жеген. Одан кейінгі орындарда Ақмола облысы (25,4 келі) және Алматы қаласы (25,2 келі) тұр. Есесіне елде сұраныс көбейгеннен еттің бағасы да айтарлықтай ша­рықтап шыға келді. Соның ішінде қатты қымбаттағаны қой еті екен. Бірден 16,2%-ға, келісіне 1 990,3 теңгеге өсіпті. Одан кейін жылқы етінің 11,9%-ға, келісіне 2 271,8 теңгеге жеткені байқалды. Ал сиыр еті 8%-ға, келісіне 1 947,4 теңгеге қымбаттаған. Бұл ретте ішкі бағаға сыртқы фактор – көрші елдер мен ха­лықаралық нарықтағы ұқсас өнімдер бағасының өзгеруі әсер еткен көрінеді. Сол сәтте Ұлттық экономика министрінің №503 бұйрығына сәй­кес азық-түлік өнімдерін тұты­ну­дың ғылыми негізді физиоло­гиялық нормалары бекітілген. Бірақ... «Ұлт­­­тық экономика ми­нистрлігі бе­­кіткендей, жылдық орташа ет тұты­­ным деңгейі 78 келі деп алатын болсақ, Қазақстанның 18 миллион­­нан астам тұрғыны жы­лына 1,4 миллион тонна сиыр, қой, құс және балық етін тұтынады. Қазіргі санды нақты білмеймін, бірақ 2018 жылы Қазақстан 477 мың тонна сиыр етін өндірген болатын. Демек, еліміз өзін етпен толық қам­тамасыз ете алмайды деп нық се­­німмен айта аламын», – дейді қар­жы саласының сарап­шысы Расул Рысмамбетов. Сол себепті былтыр тұрақ­тан­дыру қорын жасақтауға және несие үшін бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінген. «Орта есеппен Қа­зақ­станның көтерме сауда нары­­­ғында өндірушінің қолындағы салмағы 250-350 келі болатын өгіз шамамен 215-250 мың теңгені құрайды. Бір өгізді сойғанда одан 55%, ал қыстың соңында тірі салмағының 42-43% шамасында ет шығады. Бұл есеп бойынша 1 келі үшін баға шамамен 1,5 мың теңге. Демек, 7 миллиард теңгеге 4,7 мың тонна ет сатып алуға болады. Ал өнім түрлеріне шақсақ, 800-900 тонна ет, ондаған тонна картоп, макарон және басқа да өнімдер сатып алуға болады», – дейді Расул Рысмамбетов.

Сүт сапасы да нашарлау екен

Қазір елімізде тамақ өндірісімен айналысатын 2,1 мың кәсіп­­­орын­ның тіркелгені мәлім. Оның ішінде жыл сайын шамамен 5 141 278 тонна сүт өндіріледі. Ол жағынан Алматы, Шығыс Қазақстан, Қос­танай, Түр­кістан және Солтүстік Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Демек, елде өндірілетін сүт бар. Бірақ дайын өнім көңіл көн­шітпейді. Экономист Санат Құр­манғалиевтің айтуынша, жыл сайын өндірілетін 5 миллион тон­надан астам сүттің өзі-ақ Қазақстан хал­қын жарылқап тастауы керек еді. Сөйте тұра им­порт көлемі ар­­­­­тып бара жатыр. Өйткені біздің қауқар аталған тонналардың 27 пайызын ғана өңдеуге жетеді. Өң­деу сала­сындағы кәсіпорындар тех­никалық және технологиялық жағынан артта қалып қойған. Со­ның салдарынан бізде тұтынылған сүтті жан басына шаққанда, жы­лына 260 литрден (ме­дициналық норма 405 литр) ке­леді екен. Ал Германия, Франция сияқты ел­­дерде көрсеткіш – 490-500 литр. Одан бөлек, Қазақстанға құрғақ сүттің 83 пайызы, сары майдың 31 пайызы, ірімшіктің 61 пайызы, қоюлатылған сүттің 85 пайызы Ресей, Беларусь, Украина және Қыр­ғыз елінен импортталады. Еу­разиялық экономикалық одаққа мүше болғаннан бері олар, тіпті еркін ағылып жатыр. Сүт өнімдері нарығындағы та­нымал кәсіпкер Ерлан Әшімнің ай­туынша, бізде сүтке қосылатын ұнтақтың 90 пайызы шет мемле­кет­терден жеткізіледі екен. Ал эконо­мист-сарапшы Ермұқан Мә­диев: «Біздің елімізде шаруа қо­жалық­тарының 90 пайызы – же­кемен­шіктің қолында. Сон­­дықтан да бізде шикі сүт өндіру көлемі үлкен бол­ғанымен, одан дайын өнім өндіру жағы кемшін. Мысалы, біз қаймақ, айран, сүзбе, иогурт, ірімшіктен бас­тап, түрлі сүт өнім­дерін шетелден тасымал­дай­мыз. Негізінде көптеген да­мыған және дамушы елдер ал­дымен өз өнім­дерінің өтімділігін арттырады. Бізде сұранысты арт­тырайын десе, жекелеген отандық сүт өндіру­шілердің қолында сапалы техника аз, ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істейтін кластерлік ұйымдар жоқтың қасы. Отандық өн­діріс­­­шілерге лизинг, дотация, субсидия беру мәселесі – қағаз­­бас­ты. Сон­дықтан алдағы уақытта осы мә­селелерді шешуге күш салу қа­жет», – дейді. Ол үшін алдымен елі­­міздегі өз-өзін қамтамасыз ету ме­жесі 80 пайыз болуы керек екен. Бұл ретте экономист-сарапшы Марал Төртенқызы: «Біз ет-сүт, дәнді дақылдар, тағы басқа ауыл шаруашылығы өндірісін қайта қаржыландыру жағын жиі айтамыз. Ал өзге дамыған елдерде бұл сала­ларға қатысты жеңілдікпен қам­тылған бірнеше жоба бар. Тіпті, бұл мәселелерге қатысты салалық қар­жы бөлу институттары құрылса да аздық етпейді» деген пікірде. Сондай-ақ өңдеуге түсетін қа­зақстандық 50 пайыз сүт Кеден одағының техникалық талабына сай келмейтін болып шықты. Зауыттар сүттің көп бөлігін ірі сүт ферма­­­ла­ры­­нан емес, жекелеген шаруашы­лықтардан алып отыр. Себебі қазір Қазақстанда сиыр саны 3,8 миллион басты құрайды. Соның 55,4%-ы (2,1 миллионы) жекелеген адам­­дардың, 37,1%-ы (1,4 миллионы) шағын фермер­лердің, 7,5%-ы ғана (284,7 мыңы) ірі шаруалардың қолында. Енді 2025 жылға дейін бұл сала техни­калық регламент тала­­бына сәй­кестендірілмесе, онда мә­селенің күр­делене түсетіні ескер­тілді. Алайда оған Қазақстан сүт одағы тарапынан айтылатын уәж де дайын. «Мысалы, Еуропада сүтті қабылдаушы мен оны өткізушінің арасы 50 шақырымдай алшақтықты құраса, бізде сүтті өндіретін орынға дейінгі қашықтық 600 шақырымнан артық болып жатады. Біріншіден, оны бір жерден екінші жерге жет­кізу үшін жол шығыны кедергі болса, екіншіден, жаңа сауылған сүтті бұзылмаған күйінде дер ке­зінде жеткізу керегі тағы бар. Сон­дықтан кейде шалғайдағы шаруа­шы­лықтарға сүт өндіру тиімсіз сана­лады», – дейді одақ сарапшысы Лидия Михеева.

Өз теріміздің өнімін сырттан сатып аламыз

Елімізде тері илеп, соны тұр­мыстық кәдеге жарата алатын жеңіл өнеркәсіптердің өзі 90-жыл­дардағы тоқыраудан әлі ес жия алмай, есеңгіреп тұр. Бәсекеге қабілетсіз. Сол себепті тері-терсек, жүн-жұрқа, мақта-мата дегендей шикізатымыз шетел асып, одан өзімізге дайын өнім ретінде қайта келіп, соны қазір екі есе қымбат бағасына сатып алып жатырмыз. Малмен күнелткен жұрт «теріні ешкім алмайды» деп зар илеуде. Сондықтан Қытайға жы­лына 2 миллион ірі қараның, 5-6 миллион ұсақ малдың терісін экспорттап әлекпіз. Жалпы, жы­лына жиналатын 7,5 миллион тонна тері шикізат қалпында шетел асып жатыр. өнім Мысалы, үдемелі индус­­трия­лық-инновациялық бағдар­лама аясында іске қосылған Се­мейдегі тері өңдеу зауыты әлі толық қуат­­тылықпен жұмыс істеп тұрған жоқ. Ол күніне 10 тонна тері өң­дегенмен, бұл – жалпы өндіріс қуа­­­тының тек 30 пайызы. Бар мәселені шикізат сапасының на­шарлығына аудара салып отырмыз. Сөйтіп, іргедегі қырғыз ағайыннан да қалып қой­дық. Қазір олардың 30 пайызы жеңіл өнер­кәсіппен шұғылданып, Ресей нарығының 7 пайызын қам­­тамасыз етіп отыр. Ал әлемдік на­­рықтағы тері шикізаты импор­ты­ның 25 пайызы – Қырғыз Рес­публикасының да емес, Түркияның еншісінде. Ол елде күніне 3 мыңға жуық тері өңделеді, ал жылына 2 мил­­лиард доллардың тері бұйым­дарын сыртқа экспорттайды. Стам­бұл тері және тері өнімдері экспорт­шылары одағының төра­ғасы Мұс­тафа Шеноджак тері секторы­­ның 200-ден астам елге экспорт жаса­ғанын айтты. Сауда жасалған ал­дыңғы қатардағы елдер арасында Германия, Ресей, Италия, Ирак, Испания, Франция, Ұлы­­британия, Нидерланд, Румыния және АҚШ бар екен. Әрине, түріктерді де тері шикізатымен біз қамтамасыз етіп отырмыз. Ауыл­дағы ағайыннан 400-500 теңгеге сатып алынған сол тері шамамен 200-300 мың теңгенің бағалы бы­л­ғары тоны болып қайтып жатыр. Оны Қазақстанның был­ғары ши­­кізаты мен тері өңдеу­шілер ас­социациясы да растайды. «Есептеп қарасақ, бір сиырдың терісінен 20 жұп аяқкиім тігіп шығаруға болады. 20 жұп аяқ­киім­нің бағасы кемінде 15-20 мың тең­геден. Сонда бір сиырдың тері­сінен 300-400 мың теңгенің өнімін өн­діруге болады екен», –дейді ауыл шаруашылығы ғылым­дарының кандидаты Саит Захан­ұлы. Оны толықтыра кетсек, бір ірі қара мал­дың терісінен 7 жұп ерлер туф­лиі, 5 жұп қысқа қонышты ерлер етігі, 3 жұп ұзын қонышты ерлер бәтеңкесі, 2 жұп ұзын қонышты ер­лер етігін жасауға бо­лады. Де­­генмен біздегі тері өнді­рісімен айналысатын 113 кәсіп­орынның 95 пайызы шағын болып тұр. Бұл – тауарды «Тараз­­­­­Кож­Обувь», Алматы был­ғары зауы­ты, Петропавл был­ғары зауы­ты, «Туран скин», «Каз­ЛидерМех», «Пош­Руно» сынды он шақты ірі кә­­­­сіпорын ғана экс­порттай алады деген сөз. Қазір қазақы оюмен көм­ке­рілген түрлі-түсті әмиян, сөмке, сағат, белдікті көріп мәз болып жүрсек, оның өзі Моңғолиядан ке­ліп жатқан дүние екен. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы Khan Mura дүкені менеджерінің айтуынша, Моң­ғо­лияда жұмыс күші мен шикі­зат көзі арзан. Өнім­нің құны қол­жетімді. «Мысалы, біз Есік қала­сынан шағын цех ашып көрдік. Ол жерде тек әмиян ғана шығарамыз. Адам қабылдайық десек, олар тері илеу әдісін білмесе де, еңбек күшін жоғары бағалайды. Сол себепті сауда жүрмей тұр», – дейді Гүл­жайна есімді өкіл. Міне, кезінде са­палы былғарымен күллі КСРО фабрикаларын қамтыған Қазақ­станның саладағы қазіргі салмағы – осы. Ал «шикізат жетіс­пейді» деу – көп сылтаудың бірі. Әйтпесе, өзге ел жоқтан бар жасап, малдың қиы­нан қылшығына дейін нарыққа салып жатқанда, біздің тұрғындар теріні аяққа таптап, қо­қысқа тас­таудан әрі аса алмай отыр. Мысалы, мал шаруашы­лы­ғында қайта өңдеу саласын әбден жолға қойып алған Қытайда бір бас мал­дың өнімінен 15 мың доллар түседі екен. Оның 2 мың доллары ғана етінің құны болса, қалғаны – терісі, сүйегі, мүйізі, ішек-қарын, қан-жыны сияқ­ты терең өңдеуге түскен қал­дықсыз өндіріс нәтижесі. Кейін Үкімет Қазақстанда етті мал шаруашылығы саласында сапалы тері өндірісін арттыру мақ­сатында өнеркәсіптік бор­дақы­лау алаңдарында ұйымдасқан шаруа­шылықтар кооперативтерін құру қарастырылып жатқанын мәлім­деді. Тері шикізатын дайындау қызметін ретке келтіру және заң­дастыру мақсатында мал сою­шы ұйымдарға қосылған құн са­лығы сомасын субсидиялайтын бағдар­лама да жүзеге аса бастады. Рес­публикалық бюджеттен оған жыл сайын 1-1,5 миллиард теңге ба­ғыт­талып отырады екен. Бәлкім, мамандардың «сыртқа кеткен те­ріні өзіміз өңдеп, дайын өнім түр­лерін (етік, белдік, сөмке, т.б.) шығаратын болсақ, қазынаға 1 млрд 800 млн еуро құйылар еді. Яғни, алыпса­тарлардың Қытай мен Түркияға шикі күйінде өткізіп жіберуінен республикамыз 2 мил­­­лиард еуроға жуық қаржыдан қа­ғылып отыр» деген БАҚ-тағы үні Үкіметтің құлағына енді жеткен шығар, кім білсін... Мәселеге дұ­рыстап мән берер болса, біздегі кәсіпорын­­дардың қазіргі жағ­­­­­дайында өңдей тұруға 600 мың бас малдың терісі жеткілікті екен.

Жүн өңдеушілер де жүнжіп кетті

«Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген қазақтың қой саны 90-жылдары 34-36 мил­лионға жеткен еді. Олардан жы­лына 100-105 мың тонна жүн өндірілген. Әлемнің 12 еліне экспортталған жүннің 60-65%-ы жоғары сапалы, бағасы қымбат биязы жүн болатын. Ал қазір елі­мізде 15 фабрика жыл сайын 37-40 мың тонна жүн өндіреді екен. Оның тек 15 тоннасы Алматы, Жамбыл облыстарында бағылып жатқан қойдың биязы жүні. Ел ішін­де сол жүннен иірілген жіпке деген жыл сайынғы сұраныс 200 тоннадан асады. Алайда осы сұра­­ныстың бар-жоғы 5%-ын қамтитын жуылған биязы және жартылай биязы жүн өңделіп отыр. Жалпы, биязы жүннің бағасы әлемдік нарықта сапасына бай­­ланысты әр келісі 4-15 доллар десек, Қазақ­станда бар болғаны 1 доллар, тіпті одан да арзан. Дегенмен Алматыдағы Қарғалы фабрикасы мен Жамбыл облы­сындағы жүн фабрикаларын дұрыс жолға қоюға әлі де кеш емес кө­рінеді. Сондай-ақ 2015 жылы Аты­рауда индустрияландыру бағ­­дар­ламасы аясында ашылған, он шақты адам ғана жұмыс істейтін жүн өңдеу фабрикасының жұмысы да тоқырап тұр. Жылына 500 тонна жүн өңдеп, одан дайын өнім шы­ғаруға қауқарлы ол кәсіп­орын­ның қуаттылығы қазір 30 пайыздан ас­пайды. Осындай жағ­дайдағы фаб­риканың 2018 жылы респуб­ли­калық «Алтын сапа» бай­қауында «Ең үздік тауар» атанғанына сену қиын. «Жүнді өңдеп қана қой­май, киім мен түрлі бұйымды на­рыққа шығарғымыз келеді. Бірақ шикізат қымбат. Бір келі жүнді 500 теңгеге емес, 900 теңгеге сатып алатын бол­сақ, дайын өнімнің ба­ғасы ас­пандап кетеді. Шығынға бел­шеден ба­тып, тығырықтан шығар жол таппай жүрміз», – дейді СASPIY LANA ATYRAU ЖШС директоры Назгүл Есмаханова. Жылына 7 мың тонна шикізат өңдейтін «Шым­кент-Кашемир» ЖШС-нің бас маманы Санат Ша­ғанбекұлы да: «Шикізатты дайын­­дауға қомақты қаражат керек. Әсі­ресе, үш ай қыр­қым ке­­зінде банктен несие алуға мәж­­бүрміз. Бұл жуылған жүннің ба­­­ғасына әсер етеді. Ком­муналдық төлем, жұмысшы­­­­­­лар­дың жала­қысы, салық бар. Ресей мен Бе­ларусьте жүн экспортына салық салынбайды. Тіпті, Қырғыз елі мен Арменияда да солай. Оның үстіне, қытайлық алыпсатарлардың жүнді қымбатқа сатып алып жатқанын білесіздер. Көптеген шаруа­­­­шы­­лық­тарда техника ескі, өңделген жүн­нің сапасының төмен екені рас. Сон­дықтан іште сұраныс жоқ» деп отыр. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, қой шаруашылығы өте жақсы да­­мыған Аустралия, Жаңа Зеландия сияқты мемлекеттерде асыл­­тұ­қым­ды қой шаруа­шылықтары 100-150 жыл бойы сақталып, осы сала­ның дамуына негізгі себепші болып отыр. Мысалы, «Коллин­свилл» шаруа­шылығы – 1889 жылдан, Sims Uardry – 1865 жылдан, Boonoke 1860 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Салыстырмалы түрде бізде бір кез­дері алтынға бағаланған қа­ракөл елтірісіне де сұраныс жоқ. Қазіргі төсенішіміз – ковролин, жамылғы-жастығымыз – синтепон. Ал Қыр­ғыз Республикасы, Өз­­бекстан, Қытай, Моңғолия сынды көрші­леріміз қылшық жүнді кәдеге жаратып отыр. Тіпті, түрікмендер қалы кілемін ұлт­тық брендке ай­налдырып, заңмен қорғалатын етіп қойған.

Еркеғали БЕЙСЕН