Таңдаулы өнімдермен экспорттағы орнын нығайтқан зауыт
Таңдаулы өнімдермен экспорттағы орнын нығайтқан зауыт
184
оқылды

Алматы облысындағы өндірісі экспортқа негізделген және отандық астықты тереңдете өңдеуге бейімделген аса ірі кәсіпорындардың бірі әрі бірегейі – осыдан екі жыл бұрын «Қазақстанда жасалған: Индус­трия­ландырудың екінші бесжылдығы» атты  жалпыұлттық телекөпірі кезінде ашылған «Маревен Фуд Тянь Шань» ЖШС бүгінде нарықта, оның ішінде экспортта өз орнын тауып, алғашқы белестерін бағындыра бастады. Алға жылжыған жылдармен бірге өндіріс ауқымын да арттыруда.

Қазақстандық астықты тереңдете өңдеп, кеспелердің көптеген түрін шығаратын, қазір қарқынды жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жанында элеватор, ұн тартатын комбинат, сусындар құятын цех, қосалқы қоймалар салынып жатыр. Трансұлттық компанияның өндірістік алаңы Қапшағай қаласының маңында, Алматы – Талдықорған автожолының бойында орналасқан. Теміржол да дәл қасынан өтеді. Алматы облысы өз тарапынан те­мір­жол желілерінің зауытқа дейін тартылуын қамтамасыз етіп, бірқатар жеңілдік қа­рас­тырып, сыртқы инженерлік желілерді төсеуге көмектесіпті. Қазір де қажетті жағдайды мүмкіндігінше жасап отырған көрінеді. Компанияның өндіріс ау­қы­мын одан ары кеңейтуге, өнім түрлерін барынша арттыруға бағытталған әр қадамы құпталып, тиісті қолдау көрсе­тіліп келеді. Сапалы әрі сұранысқа ие өнімдерімен қуантып отырған серік­тес­тік алдағы уақытта жаңа жұмыс орын­дарының ашылуына да оң ықпал ете бермек. экспорт «Маревен Фуд Тянь Шань» өндіріске бүгінге дейін 55 млн доллар инвестиция салып, 610 жұмыс орнын ашыпты. Қа­зіргі кезде мұнда өнімнің 65 түрі өн­діріледі және негізінен алыс-жақын шетелдерге жөнелтіледі.  «Роллтон»,  Big Bon және «Петра» сынды әлем мо­йын­даған брендтер аясында дәстүрлі кеспе өнімдері мен сорпалар шығаратын зауыт қысқа мерзім ішінде толайым табыстарға қол жеткізген. Серіктестік директоры Бернарда Ва­вр­жинаның айтуынша, олардың жетіс­тіктерге жетуіне мемлекет тарапынан жасалып отырған жан-жақты қолдау көп көмектескен. Өндірістік желілерді кеңейту арқасында жылына 40 мың тоннадан астам дайын өнім өндірілсе, алдағы кезде өндірістің қуаттылығын 85 мың тоннаға жеткізу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы шы­ғарыл­ған өнімнің 80 пайызы экспортқа жөнелтіледі деп жоспарланған. Қазір зауыттың өнімдері Орталық Азия ел­дерінде кеңінен таралып қана қоймай, Ауғанстанға да шығарылады. Ал Қытайға алғашқы керуендер жөнелтіле бастапты.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы