Бүгінгі болжамдар Сыр өңірінде су тапшылығы күрделене түсетінін көрсетеді. Бұл Қызылорда облысы үшін үлкен қауіп екені жасырын емес. Өйткені жылдан-жылға Сырдария сарқылып барады. Енді тығырыққа тірелген қызылордалық диқандар атакәсібіне айналған күріш дақылынан бас тарта ма?
Сырдария өзенінің тағдыры – 800 мың халық тұрып жатқан Сыр елінің тағдыры десек артық айтқандық емес. Сонау Кеңес Одағының алғашқы жылдарынан бастап күні бүгінге дейін еліміздегі бірден-бір күріш егетін аймақ – Сыр өңірі. Оның басты себебі – аймақтың табиғи климаттық жағдайы – ұзақ ыстық температуралық режим, топырақтың құрамы және облысты жарып өтіп жатқан Сырдария су бассейні ескерілгені анық. Соған сәйкес Сыр бойы халқы ұзақ жылдар суармалы егіншілікке бейімделіп, күріш олардың атакәсібіне айналды. Ал енді осы бағыттан бір күнде, бір мезетте бас тарту мүмкін бе? Бұл сауалға қатысты инженер-гидротехник Қайратбек Сарсенбаев «олай болуы мүмкін емес» деген пікірде. – Облыстың алтын қоры болып табылатын 180 мың гектар инженерлік жүйеге келтірілген жерге екі жыл қатарынан басқа дақылдар еккен жағдайда, жерасты тұзы көтеріліп жарамсыз жағдайға келеді. Яғни, үшінші жылы біз күріш дақылына қайта оралуға мәжбүрміз. Дегенмен 6, 7, 8 танапты ауыспалы егістегі күріш үлесін 75%-дан 62,5%-ға, 50%-ға, оңтүстік аудандарда 37,5%-ға дейін түсіру қажет. Нәтижесінде, бүгінгі 90 мың гектар күріш көлемін 75 мың гектарға дейін төмендеткен абзал. Айта кететін бір мәселе – күріш көлемін азайту нәтижесінде облыстың алып отырған 4,1 млрд текше метр су лимиті 1 текше метрге де азаймауы тиіс. Себебі үнемделген су экологиялық мақсатқа – көлдерге, шабындықтарға және Арал теңізіне берілуі қажет. Сонда ғана біз өңірдегі экологиялық теңдікті сақтауға қадам жасай аламыз. Аймақта бірнеше мың адам күріштің айналасында еңбек етіп, нәпақа тауып отыр. Сол адамдар бір мезетте әлеуметтік желіде айтылғандай көкөніс, бақша, жеміс-жидек егуге бейімделіп кете алмасы анық. Ол жөнінде жергілікті халықты көршілес Түркістан облысы халқымен салыстыра алмайтынымыз белгілі. Сондай-ақ аймақты жаппай жайлаған «қауын шыбыны» бақша дақылы көлемін ұлғайтуға барынша кедергісін келтіріп отыр. Сондықтан бұл жайт жергілікті халықты басқа дақылдар егуге кезең-кезеңімен бейімдеу қажет екенін көрсетеді, – дейді өзен суына қатысты мәселелерді көтеріп жүрген инженер-гидротехник Қ.Сарсенбаев. Гидротехниктің айтуынша, облыс бойынша минералды тыңайтқыш, гербицидтерге, техника сатып алуға бірнеше миллиард субсидия бөлінсе, егістік суы үшін бар болғаны 500 млн теңге төленеді, қалған жарты бөлігін шаруашылықтар төлейді. Осыдан келіп шаруашылықтардың су төлемі үшін жаны қинала қоймайды, артық суды қашыртқыға молынан жіберіп, арнаға сыймай жерасты сулары көтеріліп, елді мекендерге қауіп төндіру фактісі әр ауданда бар. Сондықтан «су жүйелерін қалыпқа келтіріп, тиісті жөндеу, канал тазалау жұмыстарын жүргіземіз» десек, тарифты қайта қарау маңызды. – Бүгінде судың артық шығындарынан суландыру жүйелерінің, каналдардың пайдалы әсер коэффициенті төмен екені шындық. Күріштің суару нормасы 24 мың текше метр гектар (нетто) болса, нақты шығындар 33-34 мың текше метрге жетіп жүр (брутто). Оның себебіне тоқталсақ, Біріншіден, егістік жүйесінде суды реттеуші гидротехникалық құрылыстар тозығы жеткен немесе жоқ. Осыдан келіп суды реттеу, өлшеу жұмыстары жеткілікті жүргізілмейді. Суды вертушкамен, арнайы құралдармен есептеу жоқтың қасы. Қазір рейка көрсеткішімен болжамды есептеу – негізгі әдіске айналған. Нақты есеп болмаған жерде берекесіздік орын алатыны мәлім. Екіншіден, көптеген шаруашылық басшылары штатта гидротехник маманын ұстай бермейді, орнына агроном жеткілікті деп ойлайды. Гидротехникты суармалы егіспен, оның ішінде күрішпен айналысатын Қызылорда облысында ешкім алмастыра алмасы анық. Нәтижесінде, дақылдарды егуде, суаруда реттілік жоқ, гидромодуль графигі жасалмайды, бір мезгілде егісті егіп, бір мезгілде сағаны ашып, су талап ету – су жетіспеушілігіне әкеліп соғуда, – деген пікірде инженер-гидротехник. Мәселен, бұрынғы кезде шаруашылықішілік каналдар кеңшарлар теңгерімінде болса, қазір оның көпшілігі есепте жоқ, одан бірнеше шаруа қожалықтары су алады. Ал «Казсушар» РМК магистральді каналдарға ғана жауап береді. Каналдарды ұстап тұрудың белгілі бір жүйесі жоқ. Кейбір ірі шаруашылықтар қуатты шетел эксковаторын алып, өз каналдарын тереңдетіп, кеңейтіп су өткізу қабілетін екі есе өсіріп, техникалық параметрлерін өзгертіп жіберген. Ал осы арнаны толтыру үшін қаншама қосымша су қажет?! Қанша су алғанмен су деңгейі болмаса, егісті суару мүмкін емесі белгілі. Бір сөзбен айтқанда, дариядан, магистральді каналдан чекке дейінгі бірыңғай суландыру жүйесін өз бетінше бұзудың зардабы өрескел болмақ. Осылай деп ашынған гидротехник су төңірегіндегі мәселе жиі көтеріп келеді. Депутаттардың өзі осыдан 17 жыл бұрын қабылдаған еліміздегі су ресурстарын басқару заңы қазіргі талапқа сай емесін алға тартып отыр. Өйткені жылдан-жылға жерасты суының деңгейі төмен түсуіне байланысты Сырдарияның төменгі ағысындағы 3 мың көлден, қазір 130-дан астамы қалды. Жайылымдықтардың төрттен бірінің өнімділігі күрт азайып, 3 млн тоннаға дейін шөп өсетін табиғи шабындықтардан іс жүзінде айырылып қалу қаупі төніп тұр. Сондықтан суды пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы жасалып, озық технологияларды енгізуге мұрындық болуы тиіс. Ал мамандардың сөзінше, атакәсібімізге айналған күріш дақылынан Сыр өңірінде бас тарту бүгінде мүмкін емес. Десе де, оны кезең-кезеңімен азайта отырып, мал азығына, майлы дақылдарға, бақша егуге басымдық беру – уақыт талабы. Осы бағытқа көшпесек болашақта жер, су ресурсынан айырылып қалуымыз ғажап емес. Мұнай-газ қоры таусыла бастаған Сыр өңірінің болашағын ауыл шаруашылығынсыз елестету әсте қиын. Сондықтан да трансшекаралық су дипломатиясы бағытында жұмыстар белсенді түрде, яғни еліміздің су мүддесіне қарай екіжақты келісімнің, халықаралық заңдылықтардың барлық әлеуетін пайдаланып жүргізсе игі. Халық қалаулылары мен инженер-гидротехниктердің пікірі осыған саяды.Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы