Жамбылда Оразада ауызашар беруге рұқсат етілді
Жамбылда Оразада ауызашар беруге рұқсат етілді
126
оқылды
Биыл исі мұсылман жұртшылық асыға күткен қасиетті ай сәуірдің 13 жұлдызында басталады.  Ал 12 сәуірде тарауық намазы оқылады және ораза 30 күнге толмақ. Ұлық Ораза айт мерекесі 13 мамырда аталып өтіледі. Қадір түні мамырдың 8-інен 9-ына қараған түніне белгіленген. Ең жағымды жаңалық – Жамбылда Рамазан айында ауызашар беруге рұқсат етілді.   «Һибатулла-Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің айтуынша, биыл Рамазан айында санитарлық талаптарды сақтай отырып, ауызашарлар ұйымдастыру, Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үйлер тігіп, ұлттық ойындар өткізу, Ораза айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл сыйлау секілді іс-шаралар жасауға рұқсат етіледі  екен. Пітір садақасы жан басына – 420 теңге болып бекітілген. Пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелінеді. Пітір садақасын онлайн түрде «Каспий банк» қосымшасында пітір-садақа бөлімі арқылы да аударуға болады. Ал биылғы фидия мөлшері оразаның әр күні үшін 2500 теңге деп бекітілген. Құранда Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «Бір міскіннің тамағын берсін» деген. Яғни, фидия дегеніміз – ораза ұстауға шамасы келмеген адамның бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең, яки кешке тамақтандыру. Оны ақшалай да беруге де болады. Оның мөлшерін әр елдің мүфтияты нарыққа байланысты белгілейді. Фидия беруге шамасы келмеген кісі Алладан кешірім тілейді.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы