«Nur Otan» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы Қазақстан халқының әлеуметтік әл-ахуалының пандемия жағдайында төмендеп кетпеуін жіті бақылап отырады. Осы тұрғыда, ресми деректер бойынша Қазақстанда күнкөріс деңгейі төмен азаматтар саны 1 млн 065 мың адамнан асқанын көрсетеді. Өткен жылмен салыстырғанда кедейлік деңгейі 21%-ға өсіп отыр. Халықтың кедейлігі ұлттық қауіпсіздікке тікелей кері әсер ететін басты мәселе екені белгілі.
«Nur Otan» партиясы «әлеуметтік мұқтаж адамдар мәселесін экономикалық тұрғыда шешу маңызды» деп есептейді. Бұл мәселені шешудің оңтайлы әдісі – әл-ауқаты төмен азаматтарды микронесиемен қамтамасыз ете отырып, адамдардың бизнес сауатын арттыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Үкіметке берген тапсырмасында микронесие мәселесіне баса назар аударды. «Nur Otan» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы «бұл күрделі мәселені Үкімет оңтайлы шешуі қажет деп есептейді, қалай шешеді?» деген сұрақ туады. «Еңбек» бағдарламасының несиелендіру бағыты бойынша 2020 жылы ауыл тұрғындарына 43,3 млрд теңгеге 11 294 жуық несие берілді. Осы бағдарлама аясындағы биылғы жылдың бюджеті 20 млрд теңгені құрап отыр. Яғни, биыл шағын несие алушылар саны 5 200-ге азаяды. Бұл құптарлық іс емес. Пандемия кезінде Ұлттық экономика және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің кері позициясы бізге түсініксіз. Дегенмен микронесиедегі басты мәселе – кепілзат мәселесі. Бұл мәселені несиеге кепілдік беру механизмін енгізу арқылы нақты шешетін уақыт жетті. Биыл «Атамекен» және жергілікті әкімдіктердің қатысуымен шағын несие ұйымдарын ашу жоспарланып отыр. Ниет дұрыс, бірақ өзінің тиімділігін көрсете білген, оңтайлы жұмыс істеп тұрған, 10 жыл шағын несие беру тәжірибесі бар ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры не себепті жабылмақ? Мемлекет, қарапайым халық мүддесі тұрғысынан қорды сақтау қажет. Өйткені өздері қиналып отырған ауылдағы ұсақ шаруалар мен зәру адамдар қаржы көзінен қағылу қаупі басым. Ауылда микробизнесті дамытудың басты аспектісі – тұтыну және қызмет көрсету кооперативін құру. Халықаралық тәжірибеде бұл кооперативтер өнімді өңдеу, өткізуге көмектесу, ветеринария, мал азығын дайындау, озық білім таратумен айналысады. Осындай кооперативтерді, әсіресе шалғай елді мекендерде құру өте өзекті. Шалғай елді мекендерге арзандатылған микронесие жеткізудің де инфрақұрылымын жасау маңызды. Банкілер мен микронесие ұйымдары қала жанындағы елді мекендерді ғана қамтиды. Алыстағы ауыл арзан несиеге зәру, жеткізетін амал жоқтың қасы. Бұл жөнінде Президент Қ.Тоқаев «бірнеше аймақтарда «егістіктен сөреге дейін» кооперациялық тізбек» жасау жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берген. Осы бастама бойынша 2 млн ауыл тұрғынының кірісін өсіру қарастырылған. Бүгінде бұл тапсырма формальді орындалды, қаржы көзі зәру адамдарға жетпеді деген пікір бар. Ауылшаруашылық министрлігі осы бастама бойынша қанша зәру адамға нақты көмек көрсетілді деген есеп бергені абзал! Бізге әрбір адамның тағдыры қымбат! Сондықтан партия фракциясы осы мәселені болашақта өзінің бақылауында ұстайтын болады.Ерлан САИРОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі