Шетелдерде университеттің 2 филиалын ашамыз – Ерлан Сыдықов
Шетелдерде университеттің 2 филиалын ашамыз – Ерлан Сыдықов
556
оқылды

Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде пайда болып, елге танылған, азат елдің айшықты бейнесіндей болған құрылымдар елімізде аз емес. Солардың бірі – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Бұл университет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйғарымымен 1996 жылы Ақмола қаласында құрылған болатын. Сөйтіп, ел астанасының Алматыдан Арқа төсіне көшірілуі кезінде бас қаланың ғылыми-рухани, зият­кер­лік ордасына айналды. Қаламен бірге өсіп, көркейді. Дамыды. Бүгінде университет еліміздегі және ТМД кеңістігіндегі танымал ЖОО-лардың бірі. Біз университет ректоры Ерлан Сыдықов мырзамен сұхбаттасып, білім мен ғылым, ЖОО-ын дамыту, уни­верситеттің жетістіктері жайлы сұрадық.

– Ерлан Бәтташұлы, биыл Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы. Жоғары білім беру саласының қандай жетіс­тігін айтар едіңіз? – XX ғасырдың 90-жылдары әлемдегі алып империяның бірі – Кеңес Одағы ыдырап, тараған тұста, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев­­­­тың басшылығымен ежелден еге­­­­­мендікті көксеген ата-бабалары­мыздың сол арман-тілегі, мақсат-мүддесі алғаш жүзеге асып, тәуелсіз Қазақстан мемлекеті құ­рылды. Міне, содан бері 30 жыл өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Мұны елдіктің қадірін білетін, Қазақ­станның бүгіні мен болашағына қам жейтін отаншыл азаматтар тереңі­нен түсінеді деп ойлаймын. Өйткені ата-бабамыздың асыл мұраты, жаң­ғыруымыздың бастамасы болған Тәуелсіздік – өткеннің бағалысын, бүгіннің керектісін, келешектің пайдалысын сезіндіргені үшін қым­бат. Бұл – Қазақстанның ай­барлы биігі, тәуекел алаңы, қайрат белесі, еңбек бәсекесі, сындарлы сабақ­тастығы. Ал түптеп келгенде, ел іргесінің мығым болмағы білім мен ғылымға келіп тіреледі. Тарихқа да, танымға да, қоғамдық жаңғыруға да, елдік ұстанымға да, жаңашыл бағдарға да білім-ғылым қуаты керек. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлының: «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетіл­діріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен техно­ло­гия, жо­ғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс» деген тұжырымы жоға­ры мектеп саласын жаңа міндеттерге жұ­мылдырады. – Сіз жуырда ЕҰУ ректоры болып қайта сайландыңыз. Сайлауға қалай іріктеліп, қалай дайындалдыңыз, ар­найы бағдарлама әзірлеп, сайлау­шы­ларға ұсындыңыз ба? Қандай уәде бердіңіз? – Өздеріңізге мәлім, бұрын елі­міздегі ұлттық университет рек­торларын Президент тағайын­дай­тын. Ендігі жерде ашық конкурс арқылы сайланады. Бұл еліміздегі ұлттық университеттер арасында алғаш рет болып отыр. 2021 жылғы 5 ақпан күні Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық еткен республикалық комиссия дирек­торлар кеңесі ұсынған кандидат­тармен әңгімелесу өткізіп, «Л.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті» коммерциялық емес ак­ционерлік қоғамының Басқарма төрағасы – ректоры лауазымына үміткер ретінде конкурсқа қатысқан бес азамат әзірлеген университетті дамыту бойынша бағдарламаларды қарастырды. Дауыс беру нәтиже­сінде республикалық комиссия қарауына заң ғылымдарының док­торы, профессор Сәуле Аман­ды­қованың және менің кандида­турам ұсынылды. Мен конкурсқа Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­­сите­тінің даму бағдарламасын ұсын­­­­­дым. Оны әзірлеуде екі маңыз­ды мәселе басшылыққа алынды. Оның бірін­шісі, министрлік әзір­леген страте­гиялық құжат – Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға ар­налған мем­лекеттік бағдарламасы, ал екіншісі, өткен жылы қазан айын­­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жеке қабыл­дауында болғанда Президенттің өзі берген тапсыр­малары. Бағдарламамның негізгі қа­ғи­даты – университеттің жеткен же­тістіктерін одан әрі дамыту. Универ­ситеттің дамуы 5 бағыт бойынша жүргізіледі деп жос­пар­ланып отыр. Біріншіден, ғылым және инно­вациялар, коммерция­лан­дыру және технологиялар тран­сферті. Ол үшін 6 ғылыми кластерді дамыту көзделіп отыр. Келесі мақсатымыз – ЕҰУ-дің экономиканың нақты секто­рын­дағы ғылымның үлесін арттыру. Екіншіден, академиялық үс­тем­дік. Мұндағы мақсатымыз – білім беру бағдарламаларының халықара­лық бағытқа бет бұруын және кадр­лардың дайындық сапасын қамта­масыз ету. Үшіншіден, интернацио­нал­дан­дыру және халықаралық бәсе­кеге қабілетті арттыру. Мұндағы мақ­сат – ғылым мен білім беру қыз­мет­терін интернационал­дан­дыру. Бұл жерде әріптестік гео­графиясы кеңей­ті­леді. Шет елдерде 2 филиал ашып, өзге елдердегі орталықтар мен өкілдіктерді дамытамыз. Уни­верситет базасында Орталық Азия және Еуропа университет­терінің халықаралық хабын ашамыз. Төртіншіден, білім алушылар мен оқытушылар үшін инновация­лық және цифрлық экожүйе құру. Алғашқы мақсат – университеттің инфрақұрылымдық экожүйесін жаңарту. Ол үшін студенттердің жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалады. Осы мақсатта салынып жатқан Денешынықтыру-сауық­тыру кешенінің құрылысы таяу арада аяқталып, нысан ЕҰУ-дің 25 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілмек. Сонымен бірге білім алушыларды жатақханамен толық қамтамасыз етеміз. Ол үшін инвес­торлардың көмегімен жатақ­ханалар кешенінің құрылы­сын бастадық, бес қабатты 2 467 орынға арналған үш заманауи Студенттер үйі кешені Ахмет Байтұрсынов және Кенен Әзірбаев көшелерінің қиылысынан бой көтеруде. Нысан 2023 жылы толық қолда­нысқа берілуі тиіс. Бесіншіден, басқару мен қар­жыландыру жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру. Мұның да мақсаты айқын – университеттің бәсекеге қабілеті мен дамуын қамта­масыз ету. Жаңа кадр саясаты арқы­лы білікті оқытушылар құрамы жа­сақталады. Еңбекақы төлеудің грейдингтік жүйесі енгізіледі. Сондай-ақ  қаржы ресурстарын басқарудың тиімді стратегиясы әзірленеді. Бюджеттен тыс кіріс көздері әртараптан­дырылады. Қар­жы бойынша барлық мәселе ашық болады. Бүгінде ЕҰУ оқы­тушы­ларының жалақысы – ең жоғары. Директорлар кеңесінің қолдауымен ол одан әрі де өсетініне сенімдімін. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – Соңғы кездері БҒМ бірқатар университеттердің лицензиясын қай­тарып алғанын білеміз. Бұл жағ­дай әлі де жалғасуы мүмкін. Мұн­дай ша­ра­ның салдарынан көптеген сту­дент мамандықсыз, оқытушылар жұмыс­сыз қалмай ма? Әлде білім сапасы үшін осындай құрбандық керек пе? – Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес Білім және ғы­лым министрлігі елімізде жоғары оқу орындарының сапасын көтеру бойынша кешенді шаралар қабыл­дап жатыр. Олардың қатарында білім ордаларын оңтайландыру жұ­мыстары да бар. Қазақстанда жүзден астам университет болса, соңғы уа­қытта Білім және ғылым ми­­нистрлігі 4-5 оқу орнының ли­цен­зиясын қайтарды. Оған себеп, тексеру нәтижелері көрсеткендей, жоғары оқу орындарының білім беру саласындағы заңнаманы бұзуға жол бергені. Меніңше, бұл процесс жалғасын табады әрі министрліктің қадамы дұрыс деп білемін. Әрине, бәсекелестік күшейіп, сапасыз оқу орындары сұраныстың төмендігінен нарықтан шығып қалса жөн еді. Бірақ сапаға көңіл бөлмей жатқан оқу орындарын тексеріп тұрған да дұрыс. Өйткені ЖОО сапалы білім беріп, білікті мамандар даярлауы керек. Сол мамандардың деңгейін бағалайтын жұмыс берушілермен тізе қоса әрекет етуі қажет. ­ Осы­лайша, университет бітір­ген соң олардың жұмысқа орна­ласу мүм­кіндігі артады. Алайда өкінішке қарай елімізде сапасыз мамандар әзірлеп жатқан университеттер бар. Сондықтан олардың лицензиясын қайтарып алу әділ болды деп ойлай­мын. Министрлік жабылатын оқу орындарының студенттерін өзге білім ордаларына ауыстыру тетік­терін де ескерген. Сондықтан одан жастар зардап шекпейді.  – Жұмыс берушімен байланыс дедіңіз, ЕҰУ түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші қандай? –ЕҰУ түлектерді жұмысқа орналастыруға көмектесу бойынша кешенді жұмыс істеп келеді. Білім ордамызда Жұмыс берушілер кеңесі құрылған, бізде серіктестеріміздің 1 440 ұйымынан тұратын жұмыс бе­рушілер жөніндегі ақпараттық база бар. Бір ғана мысал, былтыр уни­верситет түлектерінің 87%-ы жұ­мысқа орналасты. – Пандемияның басталғанына бір жылдан асты. Осы бір жыл ішінде қашықтан оқуға көштік. Студенттер де қазір онлайн оқып жатыр. Алайда көптеген студенттің әр жерде жұмыс істеп жүргені жайлы естиміз. Бұл жағдай ертең сапасыз мамандардың қатарын көбейтуге әсер етпей ме? Жалпы, онлайн оқу процесін қалай бақылап отырсыздар? – Әлемді алаңдатқан коро­­навирус пандемиясы басталғаннан кейін, былтыр 16 наурыздан бастап Білім және ғылым министрі А.Ай­мағамбетовтің тапсырмасына сәй­кес университеттер қашықтан оқы­туға көшті. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ де осы талапты қатаң сақтап, бір жылдан аса студенттер мен ма­гистрант, докторанттарға қашық­тан білім беріп келеді. Әзірліктен өткен мамандар реттелген оқу кес­­телеріне сай дәріс берсе, интернет желісі толық жұмыс режимінде. Про­фес­сорлық-оқытушылар құрамы білім алушылардың оқу үдерісіне бұ­рын­ғыдан да ерекше мән беріп, са­бақты қашықтан оқытуды жал­ғастыра береді. Қалыптасқан жағ­дайда біз қоғам алдындағы өз жауап­кер­ші­лігімізді түсінеміз. Жо­ғары оқу орнының әкімшілігі бар­лық үдерісті бақылауда ұстап отыр. Білім алу­шылар індетке байланысты қоғам­нан оқшауланса да, олар жалғыз емес, өйткені басшылық пен сала қызметкерлері, професссор-оқы­тушылар құрамы әр сағат сайын, әр күн сайын бірге. Мәселен, жатақха­наларымызда тегін Wi-Fi сигналы орнатылып, былтыр төтенше жағ­дай енгізілген кезде барлық сақ­тық шараларын қарас­тырдық. Жатақ­ханада қалған ст­у­денттер далаға да шықпады. Оларды ұдайы бақылап отырмыз. Сондықтан өзге өңір­лерден келіп, жатақханада тұрып жатқан студент­теріміз қосымша жұмыс істеген жоқ. Оған сенімдімін. Сонымен бірге білім алушылар мен олардың ата-аналары, оқытушылар мен талапкерлер үшін Call-centеr сенім телефоны жұмыс істейді. Онда студенттер кез келген уақытта, кез келген мәселелер бойынша ха­барласып, сұрақтар қоюға болады. Оған міндетті түрде жауап беріледі. Қоңырауларға жай мамандар ғана емес, өзімнен бастап, барлық про­ректор жауап беруде. Пандемия жағдайында үлкен жауапкершілікті өзіме ала отырып, күрделі, ерекше шешімдер де қа­был­­дадым. Соның бірі, жетім және қамқорлыққа алынған әр студентке тамақтану үшін 54 мың теңгеден қосымша қаржы төлеу туралы шешім шығардым. Бұл қиын жағ­дай­да үлкен демеу және өзге­лерге үлгі-өнеге болды деген ойдамын. Студенттер онлайнға көшке­німен бас әкімшілік ғимарат ашық. Қызметкерлер тізім бойынша жұмыс істейді. Жатақхана бойынша кезекшілік жүргізіледі. Жауапты саланың адамдары күнделікті еден жуып, бөлмені құрамында хлор қосылған препараттармен дезин­­­фекциялайды. Төменгі қабатта дис­пенсерлер мен қолға арналған антисептиктер, медициналық ма­с­калар қойылған. Бүгінде университеттің бас­қаруында тоғыз студенттік үй, жеті оқу-зертханалық ғимарат бар. Олар да білім алушыларын күтеді. – ЕҰУ бүгінде көптеген ғалымдар шоғырланған оқу орны ретінде бел­гілі. Университет ғалымдарының нақ­ты қандай ғылыми жаңалықтары бар? Жаңалығын өндіріске енгізген немесе патент алған ғалым бар ма? – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің алға қойған мақсаттарының бірі – ғылыми-зерттеу университеті атану. Бұл бағытта жыл сайын ғылым са­ла­сында жастардың интеллек­туалдық әлеуеті артып келеді. ЕҰУ-да ғы­лыми-зерттеу жұмыстарына жас ғалымдардың қатысуы көңіл қуант­са, дуалды техникалық және кәсіби білім берудің ұлттық жүйедегі орта­лығы нәтижелі жұмыс атқаруда. ЕҰУ ғалымдары соңғы 5 жылда инновацияларды дамыту және технологияларды коммерция­лан­дыру саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін университет 60 қорғау құжаттарын алды, олар­дың құқық иеленушісі ЕҰУ болып саналады. Оның ішінде 17 өнерта­бысқа патент, 29 пайдалы модельге патент, 3 Еуразиялық патент, 2 тауар белгісіне куәлік және 9 иннова­­ция­лық патент бар. Аталған жобалардың ғылыми жетекшілеріне келсек, жы­лу энергетикасы кафедрасының профессоры А.Әлімғазин, техника ғылымдарының кандидаты В.Ким және М.Мыңбаев., Ш.Сейілов, Д.Каргин секілді ғалымдарымызды атауға болады. – Жыл сайын жоғары оқу орын­дарының отандық және халықаралық рейтингі жасалады. Отандық уни­верситеттер әлемдегі ТОП-500-дікке кірсе қуанатын болдық. Бұл біздегі білім сапасының нақты көрсеткіші ме? Рейтингтерде алғашқы жүздік, екі жүздікке кіре алмау шетелден келіп оқитын азаматтар санына кері әсер етпей ме? – Қазір жоғары білім сапасын рейтингтер жүйесі анықтайтыны рас. Елімізде Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі жыл сайын Қазақстан жоғары оқу орындарына сұраныстың ұлттық рейтингін жариялайды. Бұл рейтингке қатысу үшін республика бойынша жүзге жуық ЖОО өтінім береді, екі мыңдай білім беру бағдарламасы тіркеледі. Ұлттық рейтингте Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті көп жылдан бері көш басында келеді. Жиырма бес жыл бойы жоғары білім беру саласындағы қажымас еңбек өз жемісін беруде. Қазір Л.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университеті – QS «TOP 50 under 50» атты құрылғанына 50 жыл толмаған алдыңғы әлем университеттерінің қатарына кірген ТМД бойынша жалғыз жоғары оқу орны. Бұл тізімнің ішінде Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия, АҚШ, Испания, Нидерланд, Финляндия, Швеция, Бель­гия, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Германия, Норвегия, Дания, Италия, Израиль, Франция және Сауд Арабиясының жоғары білім беру ордалары бар. Сонымен қатар халықаралық өзге рейтинг­терде де ЕҰУ жыл сайын көрсеткішін жақсартып келеді. Біздің пайым­дауымызша, құрылғанына 25 жыл ғана болған оқу орнының бұл көр­сеткіштері жаман емес әрі шетелдік жастарды қызықтыруға азды-көпті септігін тигізіп жатыр. Соңғы 4 жылдың ішінде университетімізге шетелден келіп оқып жүрген сту­денттер саны 3 есе көбейді. Кейде рейтингтен гөрі осындай статистика нақты көрсеткіш болады. Ал жаһан­дық рейтингтерге тарихы жүздеген жылдарға кететін, ғылыми-техни­калық базасы өте қуатты, әлемдегі дамыған елдердің көшбасшы оқу орындары да кіретінін ескеру керек. Ерлан Сыдықов – Мектепте жұмыс істейтін пе­дагогтердің жалақысын мемлекет кезең-кезеңімен өсіріп жатыр. 2001 жылдан бері солай. Ал жоғары оқу орындары акционерлік қоғамдарға айналып жатыр. Бұл жағдай уни­верситет оқытушыларының табысын өсіруге кері әсер етпей ме? Оқытушы-профессорлық құрамға жақсы жа­лақы төлеу үшін оларды қысқартуға мәжбүр болмайсыздар ма? – Коммерциялық емес акцио­нерлік қоғам болып құрылу қыз­меткерлер жалақысын өсіруге ке­дергі емес. Өйткені Білім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бетовтің ЖОО оқытушыларының жалақысын арттыру туралы шешімі бар. Жалпы, жоғары білім беру сапасын арттырудың маңызды шарты – оқытушылар үшін тиісті еңбек жағдайларын, оның ішінде лайықты жалақыны жасау. Бұл ту­ралы ел Президенті Қ.Тоқаевтың жоғары оқу орындарындағы оқы­тушы-профессор құрамының жала­қысын көтеру жөнінде тап­сырмасы бар. Сондықтан министр 2021 жылдың қыркүйегінен бастап штаттағы оқытушы айына кемінде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге, про­фессор – 350 мың теңге (ұлттық университеттерде – 400 мың теңге) алуы керегін мәлімдеді. Бұл ең төменгі жалақы ғана. Сонымен қатар әр университет басқа ын­таландыру төлемдерін белгілеп, оқытушылардың белгілі бір жетіс­тіктері үшін ақы төлей алады. Бұл орайда біздің Еуразия ұлттық уни­верситетінде оқытушылар мен профессорлар құрамы және сала қызметкерлерінің жалақысы уа­қыттан қалмай көтерілді. Еуразия ұлттық университеті қазір жүз пайыз мемлекеттің қа­тысуымен КеАҚ болып қайта құрылған білім ордасы. КеАҚ – өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде табыс алуды көздемейтін және алын­ған таза табысты бөлуді жүзеге асырмайтын коммерциялық емес ұйым. Барлық алынған табыс жо­ғары оқу орнын дамытуға, атап айтқанда зертханалық базаны жаб­дықтауға, оқытушылардың жала­­қысын арттыруға, жоғары оқу ор­ны­ның инфрақұрылымын да­мытуға жұмсалады. Бір сөзбен айтқанда, жоғары оқу орындарының КеАҚ-на көшуі – жоғары білім берудің барлық жүйесін дамытудағы жаңа кезең. Бүгінгі таңда жоғары оқу орын­дарына шет елдерде филиалдар, эндау­мент-қорлар құру, стартап-ком­паниялар ашу, сондай-ақ жар­ғылық қызметті жүзеге асыру үшін қосымша қаржы және материалдық қаражат көздерін тарту құқығы берілген. Соның нәтижесінде ЖОО-лардың академиялық дербес­­тігі артып, қаншама ЖОО-лар дербес әзірлеген білім беру бағдар­­ламасы енгізілді. Мұның бәрі жоға­ры оқу орындарының акаде­­миялық еркіндігін одан әрі кеңейтуді талап етеді. Ал оқытушы-профессорлық құрамға келсек, олардың саны қыс­қартылмайды, жалақылары жаңа оқу жылына қабылданатын сту­­денттердің мемлекеттік гранты есе­бінен сақталады. ЕҰУ-ға тиесілі мемлекеттік білім беру грант ыса­нының көбі еліміздің ертеңі мен келешегі үшін қызмет ететін маман­дықтарға бағытталады. Республика көлемінде салыстырмалы түрде алғанда, бұл – ең жоғары нәтиже. Басқасын айтпағанда, ЕҰУ – ақпаратты криптографикалық қор­ғау құралдарын іске асыратын және дайындайтын лицензиясы бар Қа­зақстандағы жалғыз оқу орны. Жыл сайын студент-жастардың сапалық құрамына ерекше көңіл бөледі. Құқықтану, халықаралық құқық, халықаралық қатынастар, эконо­мика, қаржы, есеп және аудит, ме­неджмент мамандықтары бойын­ша өту ұпайы жоғары. – Мамырда Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың құрылғанына 25 жыл толады. Ширек ғасырда оқу орны қандай жетістікке жетті? Оқу орны елордаға жастарды тартатын «маг­нит­тердің» бірі еді. Қазір сол миссиясын қалай атқарып жатыр? – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен екі жоғары оқу орны – Целиноград инженерлік-құрылыс институты мен Целиноград педагогикалық институтының бірігуі негізінде құ­рылған. Сол жылдары мұнда 5 мыңдай ғана студент оқып, 300-ге жуық оқытушы жұмыс істесе, бү­гін­де Еуразия ұлттық университеті қала ішіндегі қалаға айналды. Қазір мықты инфрақұрылым­дарымен, оқу-лабораториялық ғимараттарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен, әлеуметтік әрі мәдени бағыттағы нысандармен толыққан оқу ордасы. Қазір мұнда 20 000-нан аса студент білім алады, 3 500-ден астам қызметкер жұмыс істейді, олардың 1 500-і профессор-оқытушы құрамының өкілдері болып саналады. ЕҰУ ресми деңгейде әлемнің 200 жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан. Күні бүгінге дейін университетімізге әлемнің 45 мем­­лекетінен 1 000-нан аса шетел ма­маны келіп дәріс оқыды. Пре­­зи­денттің «Болашақ» стипен­диясы арқылы 100 шақты студент шетелдік ЖОО-да білім алып, 300-ден аса профессор-оқытушы құрамы ғы­лыми тағылымдамадан өтті. Соңғы бес жылда білім алу­шылар саны 42%-ға артса, бұл жастардың Еуразия ұлттық уни­верситетіне, оның сапалы біліміне, кәсіби тәсіліне үлкен қызығушылық тудыратынын білдіреді. ЕҰУ көп жылдан бері Еуропалық Одақтың білім мен тәжірибені же­тілдіруді мақсат ететін Эразмус Мундус бағдарламасының акаде­мия­­лық алмасу жобасына қатысып келеді. Бұл бағдарламаның грантын жеңіп алу бойынша да ЕҰУ Орталық Азия университеттері арасында ал­дыңғы шепке шығып, отандық ЖОО арасында оқ бойы озық тұр. Университетіміздің халықара­лық бағдарламалар және магис­тратура бөлімдері Болгария, Литва, Румыния, Словакия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Түркия және ТМД елдерімен академиялық ал­ма­сулар жүйесі шеңберінде жұмыс істеп келеді. Осы жүйе бойынша магистрлеріміз білімін шетелдерде жалғастырып жатыр. Тағы бір діттегеніміз – әлемнің ең озық мемлекеттер қатарына кіру және ұлттық университетті халық­аралық 200 озық ЖОО қатарына қосу. Мемлекет пен басшылықтың бүгінде білім беру саласына көңіл бөліп отырғаны қазақстандық ЖОО-ларды халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Ал 25 жылдық тарихы бар Л.Гумилев атындағы ЕҰУ соңғы жылдары қар­қынды жұмыс істеу арқылы халық­аралық білім беру кеңістігінде нық бекіп алды. Тәуелсіз Қазақстанда туған жас ұрпақтың білімге деген махаббатын бәсеңдетіп алмас үшін әлемнің кез келген түкпіріне терезе ашып, бай­ланыс құрып, дамыған елдердің жастарымен терезесі тең түлектер ұшыруды алдына мақсат етіп ұста­ған оқу ордамыз бір сәт те қарқынын баяулатпақ емес. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Амангелді ҚҰРМЕТ