Бүгінгінің балалары туа сала демесек те, екі-үш жасынан-ақ смартфондар мен өзге гаджеттерге үйір келетіні айтпаса да белгілі. Тіпті, қазір жылаған баланың көңілін YouTube-пен аулаймыз. Одан қалса, баланың ойынды да интернетте ойнайтыны бар. Сөйте тұра, жас ұрпақ кітап оқудан, ертегі тыңдаудан алыстап бара жатыр деп дабыл қағамыз. Ал ойы мен санасын смартфон жаулаған балаға ертегі тыңдатып, кітап оқыта аламыз ба? Осы турасында ертегі жазатын авторлармен пікір алмасып, кітаптардың жайына тоқталдық.
Тәрбиенің таптырмас құралы
Бұлшық етке жаттығу жасағандай ми да қимыл-қозғалысқа зәру. Ал миға шабуыл кітаптан басталады. Сондықтан зерттеушілер балаға кішкентай кезінен кітап оқып беру маңызды екенін көрсеткен. Сол сияқты ертегі тыңдап өскен баланың қиялы дамып, естігенін ойға түюді үйренеді. Мәселен, Рузанна Жанболатқызы – дәрігер-инфекционист. Ол қолы қалт еткенде балаларына ертегі оқып береді әрі өзі де ертегі жазады. Қауырт жұмыс кезінде ертегінің аудио нұсқасын көмекке шақырады. Оның айтуынша, балаға ертегінің аудио нұсқасын тыңдату шығармашылық қабілет пен интеллекттің жоғарылауына көмектеседі. Көркем сөйлеп, тереңнен ойлауға мүмкіндік береді. Есте сақтау қабілетін арттырып, жаттықтырады. Бастысы, ақпаратты тыңдау арқылы қабылдап, мүдірмей баяндауға дағдыланады. Нақты, анық және екпінмен сөйлеп үйренеді. «Ұлым алты айлық кезінен ертегі тыңдап өсті. 2 жасынан бастап өзім айтып берген ертегіні айна-қатесіз қайталайтын болды. Екпіндетіп, рөлге кіріп баяндағанына таңғалдым. Қазір жасы жетіден асты. Өсе келе тыңдау талғамы өзгеріп, күрделі тарихи әңгімелерді айтып беруімді сұрайды. Жалпы, үш балам да ұйықтар алдында ертегі тыңдағанды ұнатады. Басында солар үшін ертегіні күндіз диктофонға жазып, түнде бірге тыңдайтынбыз. Қазір де солай. Жақын достар, туған-туыс қызығушылық танытқасын әлеуметтік желіде парақша ашып, жазған ертегілерімді жариялаймын. Күнделікті бала тәрбиесінде туындайтын мәселелерді шешу үшін ертегі жазамын. Қиял-ғажайып жануарларды мысалға алып, ойымды ұл-қызымның түйсігіне жеткіземін. Әдетте, балаларым қандай кейіпкерді сұраса соған үйлестіріп жазамын. Көбінесе, олар жан-жануарларды жақсы көреді», – дейді Рузанна Жанболатқызы. Иә, әр ертегіні оқи қалсаңыз, түбі бір жақсылыққа, еңбекке үндейді. Байқап қарасақ, ата-анамыз бұрыннан ертегі құрастыруға әуес. Үш-төрт ертегіні біріктіріп, ішіне атымызды қосып, қызықтыратыны есте болар? Қанша заман өзгерді десек те, ертегідегі кейіпкердің есімін өзгерту әлі де трендте. Мысалы, балаға арнап «Әсел неге есімін жоғалтты?» деген арнайы ертегі кітап сатып алуға болады. Ішіндегі иллюстрациясы да көздің жауын алады. Мұны кейбірі маркетингтік қадам деп түсінеді. Бірақ қазір ата-аналардың сұранысы осындай. Ordagen балаларға арналған әлеуметтік жобасының жетекшісі Парасат Танен де аталған ұсыныстың көбірек түсетінін айтады.Баланы қызықтыра білу – өнер
Жақында Orda ертегілері жарық көрді. Кітапта 33 заманауи ертегі жинақталған. Жоба жетекшісінің айтуынша, 600 ертегінің ішінен 33-ін іріктеп алу қиынға соққан. Сол үшін олар 33 құндылықты негізге алған. Мәселен, адами құндылық, ұлттық, таным мен қоршаған орта құндылықтары үлкен рөл ойнаған. Ертегі жазатын авторларға қоятын шарты да осы құндылықтар турасында екен. Аталған ертегілер жинағынан «2180» және «Айналаңнан үйрен» туындысына көзіміз түсті. Қос ертегі де ата-аналар мен бүлдіршіндер тарапынан жоғары баға алған. Алғашқы ертегі ғылым-білімге құштарлықты арттырып, 2180 жылғы ауыл баласының арманына негізделген. Ал екінші ертегіде «қолымнан келмейді» дегеннің жай сөз екеніне көзіңіз жетеді. «Айналаңнан үйрен» ертегісін бір аптадай ішкі ой қазанымда қайнаттым. Кейіннен бір сағаттың көлемінде жазып шықтым. Қазір балалар фантастикалық ертегілерге қызығады. Өз басым «бүлдіршіндер неге қызығады емес, оған не керек?» деген сұрақ турасында жұмыс істеймін. «Не керек?» деп сұрақ қойғасын, көз алдыңызда қаңқа пайда болады. Оған деталь қосқанда «неге қызығады?» дейтін сауалға жауап іздейсіз. Сонда ертегі өтімдірек болады. Жақында химия, биологияға байланысты ертегілер жарық көреді. Осы тақырыпты зерттеп, жазу үстіндемін. Мысалы, балалар химия мен биологияға қызықпайтыны белгілі. Бірақ оларға ертегі түрінде жеткізіп, өздері күткен, елестеткен кейіпкер кейпінде алдына әкелсек, бұл әрі танымға, әрі құндылыққа жұмыс істейді», – дейді жас автор Ыдырыс Дәулетхан.Алғашқы 10 секундтың сиқыры
Авторлармен әңгімелескенімізде оқырманды тарту амалының әртүрлі екенін байқадық. Мәселен, Мейіржан Жылқыбайдың ертегілері ұзақ толғаныс пен талдаудан кейін дүниеге келеді. Шетел авторларын қаузап, балалар әдебиетін зерттеп жүрген ол әлемдік стандартқа сай дүние жасағысы келеді. Сол үшін қатал сыншы болуға тырысады. Қағидаты қандай дерсіз. Оның айтуынша, жазған дүниесін араға уақыт салып қайта оқып шығады. Оқығасын, кей нәрсесін түзетіп немесе түгелдей өшіріп тастайды. «Оңтүстік Кореямен бірігіп, «Батыр қоян» кітабын шығарғанымда шетелдегі баспа өндірісі мен еліміздегі саланың дамуын салыстырдым. Бізде де әдебиет бар, ауыз толтырып айтарлық шығармалар жетерлік. Бірақ олар неге танымал емес? Осы сұрақтың жауабын табу үшін бірнеше жыл әдебиеттен қол үзіп, зерттеу жүргіздім. Түсінгенім, заманауи авторлар шығармасына өнімге қарағандай қарап, әдебиетке бизнес ретінде мән бермейді. Қалағанымызды жазамыз да, бізді оқымады деп ренжиміз. Қазір баланың тұтынушы ретінде рөлі өзгерген. Мәселен, YouТube-тағы мультфильмнің баланы қызықтыру үшін 10 секунды бар. Әйтпесе, ол басқа контентті қосады. Мұның кітапқа да қатысы бар. Эдютейнмент дәуірі басталды. Яғни, оқып-үйрену ойын-сауық форматына, өз кезегінде ойын-сауық оқып-үйрену форматына көшті. Сол сияқты кітап та оқырманды барынша қызықтыру керек. Тек көркем әдеби шығарма жазу жеткіліксіз. Айналада ақпарат өте көп. Ал ақпаратты жеткізу үшін эмоция қосу қажет. Сол себепті YouТube-та видеоконтент түрлі түске толы», – дейді Мейіржан Жылқыбай. Сондай-ақ автордың айтуынша, кітап пен авторлар өзара бәсекеге түсетін заман келмеске кеткен. Қазір баланы тартудың, қызықтырудың формасын іздеу керек. Мысалы, LOL қуыршақтарын өндіретін MGA Entertainment компаниясы маркетингтік зерттеу жүргізген. Балалардың YouТube-тан жиі тамашалайтын мультфильмдерін іріктеп, ішінен өзіне керек бейнені алған. Бейнені құрастырып болғасын, ата-аналардың әрекетіне назар аударған. Расымен, ойыншықты сатып алатын ата-ана емес пе? Зерттей келе, ата-аналардың ойыншық сыртындағы «балаға пайдалы, ақыл-ойын жетілдіруге көмектеседі» секілді сөздерге мән беретінін түсінген. Сөйтіп, өнімнің сыртына аталған сөздерді жазған. Міне, бүлдіршінді кітап оқуға, ертегі тыңдауға тарту үшін осындай амал қажет. Сонымен, автор балаларды кітап оқуға тарту үшін 4 басымдық керегін нұсқады. Алдымен, кітап болсын, ертегі болсын ата-анаға ұнауы шарт. Екіншіден, балалардың қабылдауы әртүрлі екенін ескерген жөн. Мәселен, бірінде визуал қабілеті жоғары. Демек, ол балаға кітаптағы иллюстрация маңызды. Екіншісінде тыңдау қабілеті жақсы дамыған. Оған шығарма соңында QR-код көрсетіліп, сол арқылы аудио-нұсқасын тыңдаған жеңілірек. Үшіншіден, кітапта көбірек фантастика элементі болып, бала оқиға желісіне өн бойымен енгені әсерлі болмақ. Содан кейін автор ұсынған өнімге бет-бейне керек. Ол не автордың өзі, не болмаса оқиға кейіпкері болғаны жөн.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ