Алакөлге апаратын жол биыл ашылады
Алакөлге апаратын жол биыл ашылады
232
оқылды

Былтырғы көктемнен басталған  індетке қарамастан Жетісу жерінде  өткен жылдың өзінде ғана «Жұмыс­пен қамту – 2020 Жол картасы» бағ­дар­ламасы аясында 18,8 млрд тең­геге 487,7 шақырым жолға түрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­ламасы іске асырыла баста­ғаннан бері тағы  3,2 млрд теңгеге 97,2 шақырым жол ретке келтіріліпті.

Облыстық Жолаушы көлігі және авто­мобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша, соның арқасында  өңірдегі 240 елді мекеннің ауылішілік жолдарының сапасын жақсартуға мүмкіндік туған. Атқарылған және жыл соңына дейін қолға алынатын жұмыстар нәтижесінде келер жылға дейін сапасы жақсы және қанағат­танарлық жолдардың үлесі 89 пайызға жетіп,  2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 95 пайызды құрамақ. «Нұрлы жол» бағдарламасы да облыс­тың жол-көлік инфрақұрылымын дамы­туға өзіндік серпін беріп отыр. Облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жол­дары басқармасы басшысы Ғалымжан Дәрі­баевтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасының ауқымында  жергілікті маңызы бар 1 800 шақырым автожол қайта жаңартылып, жөнделген. Аумақты дамыту бағдарламасына сәйкес, алдағы 5 жылға автомобиль жолдары желісін дамытудың облыстық жоспары әзірленіпті. Соған сай, 2025 жылға дейін 1 700 шақырымға жуық жол түрлі сатыдағы жөндеуден өтеді және  оған 150 млрд теңге бағытталады. Соның ішінде Үлкен Алматы айналма автокөлік жолына шығатын алты жол салынады, Алматы қаласындағы Саин көшесін Үлкен Алматы айналма автокөлік жолына дейін жеткізу биыл басталады. Мұның бәрі 2025 жылға қарай жолдардың сапасын 95 пайызға жақсартуға  мүмкіндік береді. Алматы қаласына көліктің кіріп-шы­ғуын одан әрі жеңілдету мақсатында жоғарғы Қаскелең тасжолы мен Талғар трактін бірінші санатқа жеткізіп, қайта жаңарту көзделген. Сол сияқты ұзындығы 170 шақырым болатын  «Сарыөзек – Көктал» жолы да  қайта жаңғыртылады. 2023 жылға қарай «Қапшағай – Күрті» және «Күрті – Бурылбайтал» жолдарының 233 шақырымы толық жаңартылады. Алматы облысының туристік тартым­дылығын арттыру мақсатында  өңірдегі туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеудің маңызы аса зор. Сондықтан бұған да баса назар аударылып отыр. Осы­ған орай, жазда демалушылар ағылатын Алакөл көлдер жүйесіне апаратын  «Алма­ты – Өскемен» автожолының «Талды­қорған – Үшарал» бөлігінің, «Үшарал – Достық» автожолының қайта құрылым­далуы биыл  аяқталады. Бұл жаз айларында ауданға келетін туристер санының ар­туына оң ықпал етпек. Балқаш көлінің жағалауына баратын ұзындығы 140 шақырым жол да қайта жаңартылып жа­тыр. Көлсай көліне жеткізетін жол құры­лысы аяқталған. Ал Қайыңды көліне дейінгі 12 шақырым  жолды жөндеу жұмыстары биыл басталады. «Алтынемел» ұлттық паркіне дейінгі жолды қайта жаңар­туға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. «Ақбұлақ» демалыс аймағына бару үшін Талғар қаласын айналып өтетін жол мен көпір салынды, Талғардағы «Лесная сказка» демалыс орнына, Шарын шатқалына кіретін жолдар жасалып, бұл жұмыстарға 6,3 млрд теңге жұмсалыпты. Облыста күре жолдарды қайта төсеу, жаңарту мен жөндеу жұмыстарымен  қатар жол бойындағы сервистің сапасын жақсарту да ұмыт қалмапты. Қазір өңірдегі үлкенді-кішілі трассалар бойында осын­дай 344 нысан бар, оның 60 пайызы ұлт­тық стандарт талаптарына сай. Өткен жылы «Алматы – Өскемен» автожолының Іле ауданының аумағы арқылы өтетін бө­лігінің 20-шақырымында  көлемі 2 гек­тардай жерге салынған, D санатындағы Compass автожанармай құю бекетіне қа­рас­ты жаңа форматтағы, заманауи талап­тарға жауап беретін трассалық қызмет көрсету кешені іске қосылды. Әзірге Қазақ­станда теңдесі жоқ нысанда жолау­шы­лар мен жүргізушілерге қажетті жағ­дайдың барлығы қарастырылған.    Кешен аумағында  14 жанар-жағармай құятын орын мен 2 электромобиль қуаттандыр­ғыш, жүк көліктеріне арналған тұрақ қарастырылған. Көлемі шамамен 1 000 шаршы метрлік ғимаратта жолаушыларға арналған асхана, кофе мен тіскебасар тағам сататын экспресс-кафе орналасқан. Кешен санитарлық желілермен де жабдықталған,  мүгедек жандарға да қолайлы жағдай жасалған. Мұндағы басты ерекшелік – автокөлікке жанармай құю­дан бастап ыстық тамақ ішіп, жолға қа­жет­ті азық-түлік және басқа да заттарды сатып алуға дейінгі қажетті қызметтің бар­лығын  ұсынады. Алдағы уақытта об­лыстағы жолдар бойында дәл осындай сапалы сервис қалыптастыру жұмыстары жалғасады. Алматы облысындағы автокөлік жол­дары­ның ұзындығы 9 634 шақырым болса, оның 6 811 шақырымы – жергілікті ма­ңыз­да, 2 823 шақырымы – республикалық дәрежедегі жол. «Талдықорған – Өскемен» (313,5 шақырым), «Күрті – Бурылбайтал» (166 шақырым), «Ұзынағаш – Отар» (80 ша­қырым), «Қапшағай – Күрті» (67 ша­қырым), «Үшарал – Достық» (180 шақы­рым), «Алматы – Бішкек» («Алтын орда» базары) сынды автокөлік жолдарының құрылысы енетін ірі инвестициялық жо­ба­лар облыстағы жол инфрақұрылымын дамытуға зор ықпалын тигізіп отыр.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы