Ораза тұтудың ағзаға пайдалы екені дәлелденгенін білеміз. Алайда дұрыс режим қалыптастырып, ас мәзірін өзгертпесек, пайдасынан гөрі зияны болуы бек мүмкін. Сондықтан диетологтардың ораза тұту турасындағы ақыл-кеңесін ұсынамыз.
Гүлбала ЕСЕНБЕКҚЫЗЫ, Қазақстан дието лог тар ассоциациясының мүшесі:Ағзаны шаршатып алмаңыз
Әрбір адам ораза ұстамас бұрын ағзасын алдын ала дайындау қажет. Шама келгенше жалпы қан талдамасын, ақуыз мөлшерін, ферритин мөлшерін және Д витаминіне анализ тапсыру керек. Қандай да бір дәрумен жетіспеген жағдайда тағаммен немесе дәрілік препараттарды ораза уақытында әлсіреп қалмас үшін рационға қосу маңызды. Әрине, дәрігермен кеңесіп алған дұрыс. Ораза уақытында міндетті түрде рационда май, ақуыз және көмірсулар жеткілікті болғаны жөн. Күнделікті жылы су ішуді естен шығармаңыз. Айта кетерлігі, салқын немесе ыстық су асқазанның шырышты қабатына кері әсерін тигізеді. Қалыпты температурадағы суды отырып, асықпай ұрттап-ұрттап ішеміз. Мәзірімізде ұннан жасалған тағамдарды мүлдем қолданбаған абзал. Яғни, печенье, бәліш пен ақ нанды біраз уақытқа ұмыта тұрыңыз. Қант немесе қанты бар тағамдардан бас тартып, қуырылған тағамдардан бойды аулақ ұстаңыз. Пандемия кезінде иммунитетімізді көтеру мақсатында сәресіне сүт (бие, түйе, ешкі), сары май (қолдың сары майы), жаңғақтар, әсіп, қазы, балық, құс еті, ботқа, сүзбе, қайнатылған жұмыртқа, сүйек сорпасын, жеміз-жидек (жемісті аз мөлшерде) қолдануға болады. Ауызашарға жеңіл тез қорытылатын тағамдар (көкөністі салаттар, сорпалар, буға, пеште дайындалатын тағамдар, голубцы, долма), кешкі тағам құрамында жасұнық көп болуы қажет. Тойып тамақтануға болмайды, асқазанымыздың үштен бір бөлігі тамақ, тағы бір бөлігі су, қалған бір бөлігі ауаға толы болғаны маңызды. Оразада ұйқының біздің ағзаға тигізер ықпалы зор. Сәресін ішіп болған соң сағат 7-8-ге дейін ұйықтап алған абзал. Күндіз де ағза шаршап қалмас үшін 1-2 сағат ұйқы қажет. Күнделікті иммунитетті көтеру үшін Д дәруменін, Омега-3 ішуге болады. Профилактика ретінде тамақпен бірге 2 мезгіл аталған дәруменді қабылдаңыз. Таңертең С дәруменін және В комплексін ішуге болады. Міндетті күрде таза ауамен үй ішін желдендіріп отыру қажет, шама келсе жеңіл жаттығуларды жасауға болады. Жүкті әйелдер, емізетін әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, қарт кісілер міндетті түрде дәрігер кеңесін алу қажет. Меруерт ҚАЗЫБЕКҚЫЗЫ, дұрыс тамақтану мен СС қалыптастырудың дипломдалған маманы:Құнарлы май өкпе жұмысына көмектеседі
Қазір трендке айналған «құрғақ ашығу», интервалды ашығу, 16/8 және тағы басқа ашығу түрлері көп. Ғылыми тілмен айтсақ, ораза сол күрделі болып саналатын «құрғақ ашығуға» жатады. Енді оразаны тек физиологиялық тұрғыдан қарастырсақ, сол ашығулардан әлдеқайда пайдалы әрі жеңіл өтеді. Оразада ағзада болатын өзгерістерге байланысты ғалымдар сараптама жасап, 4 кезеңге бөлген. Бірінші кезең – ең ауыр кезең. Жүрек айну, бас айналу, әлсіздік, тағы басқа осы сияқты симптомдар болуы мүмкін. Ағзаның тазалануға енді кірісіп жатқан кезеңі. Осы кезеңде қан қысымымен бірге қант төмендейді. Екінші кезең – ағза жаңа тәртіпке бейімделіп, асқорыту жүйесі барынша демалады. Ағза, бар күшін енді тазалануға, жаңару процесіне жібереді. Үшінші кезең – ағзадағы тазалану процесі одан әрі күшейе түседі, энергия арта бастайды. Бауыр, бүйрек, жүрек, ішек, тері барлығында детоксикация жүреді. Осы кезеңде ағза зақымдалған жасушаларды қалыпқа келтіріп, өз-өзін жөндейді. Төртінші кезең – оразаның соңғы он күні, ағза барынша тазаланып, жаңарудың шырқау шегіне жетеді. Адамның күш-жігері тасып, ағза өз максимумында жұмыс істейді. Сондықтан оразада адам ағзасында әртүрлі өзгерістер болуы – заңдылық. Пандемия кезінде ораза жеңіл өту үшін, иммунитет төмендеп кетпеу үшін таң сәресіне ет немесе жұмыртқа қосқан абзал. Өйткені бұлардың құрамында ағзамызға қажетті ақуыз және май бар. Ал құнарлы май өкпеміздің толыққанды жұмысы үшін қажет. Мұнда мен өсімдік майын айтып тұрғам жоқ. Сондықтан жоқ дегенде, таң сәресіне сапалы сары май қосыңыздар. Өйткені өкпеге тікелей әсер ететін пандемия кезінде, өкпенің жұмысына кедергі келтірмеу маңызды. Сондай-ақ еттегі ақуыз бен май біраз уақыт тоқ жүруімізге көмектеседі. Ал таң сәресі мен ауызашарға балғын көкөніс қосу – біздің ағзамызға қажет дәрумендер мен минералды береді. Жалпы, ораза жеңіл өту үшін, өкпе жұмысын жақсарту үшін таза ауаға көбірек шығыңыздар. Ағза тезірек тазалану үшін, кофе, шай емес, таза су ішіңіздер. Ал қимыл-қозғалысы аз адамдарға айтарым, тамақтанғанда ет пен балғын көкөністерге акцент жасап, дәнді дақыл, макарон өнімдерін барынша азайту. Айзада КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ, диетолог:Тамақтану тәртібіне мұқият болыңыз
Ауыз ашқанда құрма жеп, су ішуді ұмытпаңыз. Бұл ауызашарда ағзада неге сұраныс барын анықтап береді. Сәйкесінше, мөлшерден тыс тамақ жеудің алдын алады. Ауызашар болсын, сәресі болсын жаңа піскен өнімдерді пайдаланыңыз. Жеміс-жидек, көкөніс таңдаған кезде осы айтқанымды есте ұстаңыз. Сәресіне дейін бірнеше стақан су ішкен дұрыс. Егер су ішуді ұнатпасаңыз, оның орнына айран, қантсыз компот, өсімдік шайы мен лимон қосылған су ішіңіз. Одан бөлек, тез шөлдететін тағамдардан бас тартыңыз. Рационды уақытша өзгертіп, сіз бен біз пайдаланатын тұзды өнімдерден, балықтан бас тартыңыз. Асықпай тамақтаныңыз. Әсіресе, оразаны алғаш рет ұстаған адамдар тамақты асықпай, жаймен жегені дұрыс. Өйткені ораза кезінде ішкі ағза күйзеліске түседі. Ауызашарды жеңіл тамақпен бастаңыз. Асығыс тамақтансаңыз асқазан тамақты дұрыс қорыта алмайды. Әсерінен ораза біткесін артық салмақ қосып алуыңыз мүмкін. Рамазан айында кофені мүлдем ұмытыңыз. Шектен тыс кофе ішу ағзаға зиян. Кофе ішу қан қысымының көтерілуіне, асқазандағы қыжылдың пайда болуына әкеледі. Тамақтану тәртібіне мұқият болыңыз. Біз күнделікті өмірде 3 рет тамақтанамыз. Рамазан айында да осылай істеу керек. Мәселен, ауызашардың бірінші бөлігін ыстық тамақ ішумен бастап, екінші бөлігінде майсыз тамақты тұтыныңыз. Сәресінде жеміс-жидекті қолданыңыз. Бұл әдіс денсаулық үшін өте маңызды. Егер шайды көбірек ішетін болсаңыз, жалбыз қосылған шай мен көк шай ішіңіз. Одан бөлек, айран, қатық, ірімшік, құрт жеген пайдалы. Аталған өнімдердің құрамындағы кальций, фосфор, мырыш ағза үшін маңызды. Сәресіне сергек оянған абзал. Ол үшін жатар орынға майлы тамақ жемеңіз. Оның орнын жеміс-жидекпен алмастырсаңыз, бұл мидың қалыпты жұмыс істеуіне, тынығуына көмектеседі. Коронавирус инфекциясы ауа тамшылары арқылы таралады. Әдетте, Рамазан айында топтасып қонаққа бару жиілеп кетеді. Сондықтан індеттің алдын алу үшін ауызашарды әркім өз отбасымен бірге өткізгені жөн. Ағзада ақуыз, май мен дәрумендер жеткілікті мөлшерде болмаса, иммунитеттің әлсіреуіне әкеліп соғады. Артынша ағза әлсіреген соң, адам инфекцияны жұқтыруға бейім болады. Сол себепті жеке гигиенаны сақтап, індеттің тарауына тосқауыл қойыңыз.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ