Мигранттар мәселесі де маңызды

Мигранттар мәселесі де маңызды

Пандемия кезінде қиын жағдайға душар болғанның бірі – еңбек мигранттары. Олардың құқығы жайлы бұрын-соңды көп қозғала бермейтін. Өйткені жұмысын заңсыз, «көлеңкелі» жүргізетін мигранттар көлеңкеде, елеусіз қалып қоятын. Бірақ карантин жарияланып, шекаралар жабылып, ашылған күннің өзінде медициналық тексеріс талап етіле бастағанда еңбек мигранттарының мәселесі де жағаға шыға бастады. Бұл топтың құқығы қорғалуға тиіс екені де айтылып жүр.

Мигранттарға көмек көрсетіліп жатыр ма?

Расында, қанша жерден пан­демия салдары көп болды десек те, біраз тұста оның пайдасы да тиді. Атап айтқанда, еңбек мигрант­тарына назар аударыла бастады. Біріншіден, олардың мәселелері көтеріліп, жағдайы сұралатын бол­ды. Екіншіден, жұмыс күші ретінде олардың қаншалықты маңызды болғаны да іс жүзінде көрінді. Әсіресе, мигранттар мә­селесін түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен Миграция жө­ніндегі халықаралық ұйымның Қазақ­стандағы өкілдері жақсы көтерді. Қатаң карантин басталғаннан бастап олар аза­маттардың еліне қайтуына, қажет көмекті, соның ішінде меди­ци­налық жәрдем алуына көмектесті. Мысалы, үкіметтік емес ұйым­дар азық-түлік себеттері, дәрі-дәр­мек не ақпарат түрінде қол көмегін аямады. Мигранттар тұр­мақ ел азаматтарының өзі мүшкіл жағ­дайға түсіп, ауруханада орын бол­май, көпшілік жұмыссыз қалып, 42 500 теңгеге «талас» туғаны есімізде. Негізі, ТМД және Еуразиялық экономикалық одақ аясында жасалған түрлі мемлекетаралық келісімдер бар. Соларға сәйкес, мигранттарға қол ұшын беру қарастырылған. Дегенмен ондай жағдай жасалғаны туралы көпшілігі біле бермейді.

Жұмыс күші жеткіліксіз

Ендігі мәселе – пандемияда Қазақстанға жұмыс күші жетпей қалғаны. Қазақстан-Неміс уни­верситетінің профессоры Ирина Черных еңбек миграциясын Еу­разиялық экономикалық одақ кеңістігінде реттеу керек деген пікірде. «Пандемияға байланысты бізде жұмыс күші жеткіліксіз болып қалды. Әсіресе, құрылыс саласында. Түркістан облысында жүргізіліп жатқан құрылысқа жұ­мысшы жетпей жатқаны туралы ақпарат көп айтылып жатыр. Оң­түстік аймақта адам саны көп болғанымен, жергілікті кадрлардың кәсіби білігі жеткіліксіз секілді. Бәлкім, жоғары жалақы талап етіп, болмаса сапасыз жұмыс істейтін болса керек. Мұндай мәселе туып жатқандықтан, концептуалдық құжаттар әзірлеу қажет екенін көрсетіп отыр дей аламыз» деген еді сарапшы. Мигранттардың медициналық көмекке зәру екені де белгілі. Осыдан бірнеше жыл бұрын бүкіл Орталық Азия бойынша HOPE («Үміт») деген бағдарлама жүзеге асырылды. Оның мақсаты – ту­беркулез жұқтырған еңбек миг­рант­тарын анықтау. Осылайша, мигранттарға тегін тексеріліп, ем­де­ліп, тіпті емін жалғастыру үшін еліне қайтаруға көмектесу қолға алынған. Механизмі толық­тай жасалған бағдарламаны CОVID-19 жұқтырған мигранттарға қолданса да болатын сыңайлы. Өйткені көбіне оларды тәуекел тобына жатқызады. Неге десеңіз, әлеу­меттік жағдайы төмен болған­дық­тан тиісті ем-дом жасай алмауы мүмкін. Әсіресе, маусымдық жұ­мыстарға бір ғана Өзбекстаннан миллионға жуық адам келеді екен.

Заңды жұмыс істегенге – жол ашық

Өзбекстанның Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Нияз­ходжаев еңбек миг­рация­сының статистикасын атап көрсеткен еді. Айтуынша, 2019 жылы – 49 мың, 2020 жылы 23 мыңға жуық адам тұрақты түрде жұмыс істеуге кел­ген. Ал маусымдық жұмысқа ша­мамен 800 мыңдай адам келеді екен. «Көбіне жұмыс берушілер бес не одан да көп адамнан тұратын отбасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беретін заңды қол­данады екен. Ал шын мә­нінде, басқа нысандарға жұмыс істейтін бо­лып шығады. Сөйтіп, тиісті құ­ры­­­лымдар тарапынан тексеру бол­ған кезде Өзбекстан азаматтары Қазақстан заңнамасын бұзып жүр­гені анық­талады. Негізі, қай жерде және қандай жұмыста тір­келсе, сол жерде істеуге тиіс» деген еді Саи­дикрам Пархатұлы. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квоталарға келсек. Биыл Қазақстанға 255 мың шетелдік келеді деген жоспар бар. Әлгі квоталар облыстарға бөлініп, таратылады. Соның ішінде 40 мыңы Алматы облысына беріледі. Ал Алматы қаласы мен Атырау облысына – 35 мыңнан, Маңғыстау облысына – 30 мың, Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан облысына – 25 мыңнан, Шымкент қаласына 20 мың адам тартылады деседі. Кво­талар саны жөнінен ең аз бөлінген аймақтарға келсек, Шығыс Қазақ­стан, Сол­түстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Пав­лодар облыстарына 2 мың шетелдік жұмыскер қабылданады.

Қазақстаннан кеткендер

Көбіне қазақстандықтар Ресей мен Оңтүстік Кореяға кетеді. Мы­салы, Оңтүстік Кореяда шамамен 30 мыңдай отандасымыз жүр. Ал 10 мыңнан астамы заңсыз кеткен. 90-жылдары Жұмыспен қамту ор­талықтары арқылы кез келген қа­зақстандық ол жаққа емін-еркін жұмысқа аттана алатын. Бірақ кейін келе ондай мүмкіндік Қа­зақстан азаматтығы бар этникалық кәрістерге ғана берілетін болып өзгерді. Өйткені заңсыз жұмыс істеп қалып қоятын қазақ­стан­дықтар саны күрт көбейді. Мә­селен, былтырғы тамыздағы ста­тистикаға сүйенсек, Оңтүстік Кореядан Қазақстанға жасалған ақша аударымы 3,9 млрд теңге болыпты. Ал Ресейден аударылған сома – 6,5 млрд теңге. Мәжіліс депутаты Елнұр Бей­сенбаев осы мәселені көтеріп, Сыртқы істер министрлігіне Оң­түстік Кореямен келісіп, еңбек ви­­засын алу жолын жеңілдету жо­лын қарастыруды ұсынған еді. «Еңбек миграциясына тартымды елдердің бірі – Оңтүстік Корея. Ол жақта туристік виза алып, кейіннен заңсыз жұмысты жалғастыруға мүм­кіндік бар. Қазақстандық жас­тардың заңсыз еңбек етуін бір жолға қою мәселесі жиі айтылады. 2014 жылы қазақстандықтарға виза беруді алып тастағалы бері заңсыз еңбек мигранттарының саны 359 адамнан 2019 жылғы көрсеткіш бойынша 12 мыңға көбейді. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі, еңбекке қабілетті ер адамдар көп», – деп Сыртқы істер министріне депу­таттық сауал жолдады. Е.Бейсенбаевтың айтуынша, отан­дас­тарымыз ол жақта түрлі ауру-сырқаудан қайтыс болып жа­тыр. Өйткені тегін медициналық көмек қарастырылмаған. «Бұл тен­денция әлі де сақталып, жалғаса береді. Азаматтарымыз, соның ішін­де жастар еш қиындыққа қа­рамастан басқа елдерге ақша табу үшін кете береді. Сондықтан осы жағдайда бақылауға алып, еңбек визасын алуды жеңілдету жолын қарастыру керек. Сонда азамат­тарымыздың амандығы мен заңды еңбек етуіне кепілдік болар еді» деп сөзін түйіндеді депутат. Расында, виза алу мәселесі қанша қиын болса да, қисынын тауып шекара асатындар кө­беймесе, азаятын түрі жоқ. Сол себепті осы мәселені шешуге бағытталған жаңа меха­низмдер ойлап табу керек болып тұр.

Айша ЕРСҰЛТАН