Жаңа зауыт вакцина өндіруге дайын
Жаңа зауыт вакцина өндіруге дайын
181
оқылды

Коронавирус кеселімен  күресіп жатқанымызға жылдан асты. Осы мерзім ішінде әр мемлекет індетке қарсы өз вакцинасын шығаруға  күш салып жатыр. Алайда бұл бағытта Ресейдің  «Спутник V» вакцинасы көш ілгері келеді. Бүгінде аталған вакцинаны 60 мемлекет тұтынуда. Десе де, отандық екпенің де елге егілетін күні алыс емес.

Жамбыл облысы  Қордай ауданы  Гвардейский ауылындағы  Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты жанынан кірпіші қаланған  биофармацевтикалық зауыттың құрылысы аяқталып, алғашқы өнімді шығаруға дайын тұр.

Алғашқы  партия сәуір айының соңында  жөнелтіледі

Жалпы, мұндай кәсіпорынның құрылысы 2-3 жылды қамтуы керек. Алайда Жамбылдағы зауыт тоғыз айда тұрғызылып отыр. Былтыр маусым айында қазығы қағылған өндіріс орнында қазір негізгі жұмыстар аяқталған. Бірінші кезеңнің жобалық құны 7 миллиард теңге болған зауыттың    құрылыс-монтаж және  әрлеу жұмыстары бітіп отыр. Тек аумақты абаттандыру және тасжол төсеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанға жиһаз бен құрылғы­лар­ды кіргізу 95 пайызға аяқталса, тех­нологияның дені АҚШ, Германия, Италия және Қытай мемлекеттерінен жеткізілген.  Бүгінде  технологиялық жабдықты монтаж­дау  және оларды инженерлік желілерге қосу  жұмыстары басталса, жергілікті мамандарға техника тілін үйрететін шетел­дік азаматтарды елге кіргізуге рұқсат алу мә­селесі пысықталуда. Құрылғылар то­лық­тай орнатылып болғаннан кейін   тех­но­логиялық жабдықты, таза бөлмелі кешендерді, инженерлік желілерді және технологиялық процестерді тексеруге жіті көңіл бөлінбек. Сондай-ақ  алдағы уақытта  зауытқа  халықаралық GMP стандартының сертификатын алу да қолға алынады. Осы­лайша, салаға жауапты мамандар «жеті өлшеп» барып, кәсіпорынды іске қосуды көздеп отыр. Ал өндіріс орнының  бірінші кезеңі  биылғы  тамыз-қыркүйек айларында коронавирусқа  қарсы отандық вакцинаны құю кезінде іске қосылады. Оған дейін Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында  QazVac вакцинасының пилоттық партиясы  сәуір айының соңында шығарылады деп  жоспарланыпты.

50 мың доза 25 мың адамға жетеді

Негізі, бүгінге дейін Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының базасында ауыл шаруа­шылы­ғына қажетті 67 түрлі вакцина шы­ғарыл­ған-ды. Ал былтыр ғалымдар ең қауіпті саналатын 6 ауру түріне 27 миллион вакцина дайындаған. Енді мұнда  әлемдік стандарттар бойынша иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирус инфекциясына, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығарылатын болады. Жыл сайын биопрепараттардың 30-60 миллион дозасын  дайындау  жоспарланып отыр. Ал коронавирусқа қарсы отандық QazVac вакцинасының алғашқы кезеңі бойынша бүгінде 50 мың данасы  дайын. – Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты мен «СҚ-Фармация» арасында 2 миллион доза вакцинаны жеткізу туралы келісімшарт жасалды. Бірінші кезең бойынша 50 мың екпені дайындап, сәуір айының соңында жөнелткелі отырмыз. Қазір вакциналар биологиялық бақылауда тұр. 25 сәуір күні «СҚ-Фармация»  компаниясының жүк көліктеріне тиелетін болады.  50 мың доза вакцина 25 мың адамға  жетеді. Екпе егу жұмыстары екі кезеңде жүргізілетіндіктен, қазір біз вакцина құятын қосымша орындарды іздестірудеміз. Себебі біз аз уақыттың ішінде 2 миллион вакцина шығаруымыз керек, – дейді Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Күнсұлу Закарья. Институттың вирусолог-ғалымы Леспек Құтымбетов вакцинаның бір қораптағы көлемі мен сақталу мерзімі туралы айтып берді. – Бір қорапта 10 құты вакцина болады. Яғни, бір қорап 10 адамға екпе салуға жетеді. Бір құтыға жарты миллилитр вакцина құйылған. Вакцинаны қолданбас бұрын оны шайқап жіберген жөн. Себебі құрамындағы компоненттердің барлығы араласуы керек. Вакцинаны 2-8 градус суықта сақтау қажет. Тоңазытқышқа қатырып қоюға болмайды. Дәрі бір жылға дейін өз күшін  жоймайды, – дейді вирусолог-ғалым.

Зауытқа вирусолог мамандар ауадай қажет

Жалпы, отандық вакцинаның құрамы мен шығарылу тәсілі құпия сақталуда. Алайда мамандар QazVac-тың  «Спутник V» екпесінен кеш шығарылуының өзіндік себебі бар екенін айтады. – Ресей мемлекетінде вирусология бағытында жұмыс істейтін 6 зауыт бар. Ал бізде бұған дейін тек біздің ғылыми институт жұмыс жүргізді. Зауыттың өзін мұнда салып  жатырмыз. Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтында бүгінде 56 ғалым еңбек етсе, Ресей мемлекетіндегі ғалымдардың саны 2 мыңнан асады. Десе де, мамандар санының аздығына қара­мастан көрші мемлекеттерден қалмау­ға тырыстық. Қазір елімізге  вирусолог мамандар ауадай қажет болып тұр. Ондай кадрларды  даярлау үшін жаңадан салынған зауытта қажетті қондырғыларды орнаттық. Енді осы бағытта жұмыс жүргізуіміз керек, – дейді Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Күнсұлу Закарья. Бүгінде институт базасында 13 ғылыми-зерттеу лабораториясы бар. Осы зертхана­ларды қажетті мамандармен қамтысақ, вирусология бағытындағы жұмысымыз көш ілгері жылжитыны  сөзсіз.

Вакцинамызға Түркия мемлекеті қызығушылық танытты

Отандық QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы Ақтөбе облысы мен  Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларына  жеткізіледі деп күтілуде. Ал  мамыр айында тағы  50 мың доза шығарылмақ. Алайда аз уақытта  мұндай көлемдегі вакцина шығару үшін еліміз Түркия мемлекетімен келіссөз жүргізіп жатыр екен. Бұл жайында  жуырда  вице-премьер Ералы Тоғжанов мәлімдеді. Оның сөзіне сүйенсек,  елімізде  вак­цина өндіру қуатын айына 500 мың дозаға дейін жеткізу өте қиын екен. Сол себепті  маусым айынан бастап үлкен өндіріске шығу жоспарланып отыр. Бұл  ретте  Қазақ­стан Үкіметі Түркиямен келісімге келіп, отандық ғалымдар әзірлеген вак­цинаны аталған елдің өндірістік базасында құюға келіскен. «Түркия мемлекетінің  вакцинасы болмағанымен,  үлкен өндіріс орындары бар. Сол себепті олармен  алдын ала келісім­ге келдік. Сондай-ақ Түркия елімен  зауытты сүйемелдеу және салу туралы мәміле де жасалды. Бұдан бөлек  вакци­наның  халықаралық стандарттарға, бірінші кезекте GMP талаптарына сәйкес келуі үшін және жабдықтың өзін монтаж­дауға  демеу көрсету туралы уағдаластық болды. Яғни, Түркияда тек құйылады, ал өндіріс  біздікі», – дейді Ералы Тоғжанов. Міне, осылайша отандық вакцинамыз үлкен нарыққа жол салды. Бұл, әрине жанға жылу беретін ақпар. Десе де, бізге ең әуелі өз еліміздің азаматтарын вакцина­циялап алу қажет екені анық. Алғашқы 50 мың доза 25 мың тұрғынға жететін болса, демек халықтың бір бөлігі отандық вак­цинаны тұтына алады деген сөз. Ең бастысы   екпе дертке дауа берсін деп тілейік.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы