Ақсу ауданындағы Барлыбек Сырттанов ауылының тұрғындары 800 түп алма көшетін отырғызды. Көктем басталғалы өңір тұрғындары өздері тұратын аумақты көгалдандыру, жасыл желекке бөлеу ісіне белсене кіріскен.
Аудан аумағындағы ауылдарда өрік, үйеңкі, қарағаш, алма, арша, қарағай, шырша шыбықтары жаппай егіліп жатыр. Жалпы, биыл ауданда 12 мыңнан астам ағаш отырғызу көзделген. Сол жоспарға Сырттанов ауылының азаматтары да өз үлесін қосты. Алма ағаштар ауылдың ішіндегі бос жатқан жерлерге, Ғани Мұратбаев атындағы мектептің ауласына, тұрғын үйлердің маңына отырғызылды. Енді оларды күтіп-баптау әкімдікпен бірге әрбір маманның, әр тұрғынның жауапкершілігінде болмақ. – Жердің тоңы жібіген кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырақ жайған саялы ағашқа айналады. Біз жыл сайын көшет отырғызу, күтіп-баптау жұмыстарына тұрақты көңіл бөлеміз. Соның ішінде жеміс ағаштарына айрықша назар аударып отырмыз. «Бағбан болсаң, бақ өсір, балама деп тағы өсір» дейді ғой. Енді сол ағаштардың өсуіне атсалысуды үлкендерден бастап балаларға дейін парыз санап, әр тұрғын жауапкершілікпен қараса, бұл іс өз жемісін береді ғой деп ойлаймын, – дейді Барлыбек Сырттанов ауылдық округінің әкімі Бекзат Ермұханбетов. Алматы облысында санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру айлығы жүруде. Облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының ақпаратына сәйкес, өңірдің елді мекендерінде көгалдандыру және жасыл аймақтар құру жөніндегі Жол картасы бекітілген. Соның аясында жергілікті атқарушы органдар аумақты тазарту бойынша 3 сенбілік өткізіп, 19,3 мың көшет отырғызды.Болат АБАҒАН, Алматы облысы