Павлодар облысында биткоин өндіретін майнинг ферма өртенді
Павлодар облысында биткоин өндіретін майнинг ферма өртенді
203
оқылды

Оттың неден тұтанғаны белгісіз. Тәртіп сақшылары себебін анықтап жатыр. Бұл туралы КТК хабарлады.

Солнечный ауылының тұрғындары өртті түс ауа байқаған. Сол маңдағы майнинг фермадан шыққан түтін айналаны түгел басып қалды. Алыстан көрінетін алапат өрт жайында бірден өрт сөндірушілерге хабар берген. Оқиға орнына 14 құтқарушы жетіп, тілсіз жау екі жарым сағатта әрең ауыздықталды. Криптовалюта өндірушілеріне қанша шығын келгені әзірге айтылмады. Белгілісі, бір биткоинның құны 60 мың доллардан жоғары сатылып жатыр.

Павлодар облысы ТЖД бастығы Ернұр Өтегенов: «Гидроэлектр стансасы маңындағы майнингпен айналысатын компания кеңсесінің 150 шаршы метрі жанып кеткен. Қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ. Қазір келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр», – деді.

Бұған дейін емделуге жиналған қаржыны WhatsApp арқылы иемденіп, биткоин сатып алған оқушы туралы жазған болатынбыз.