Пандемия экономикалық жағдайды біршама «шайқалтты» десек те, статистика басқаша «сөйлеп» тұр. Соның бірі – былтырғы жұмыссыздық деңгейі. 2020 жылғы көрсеткіш бар болғаны 0,1 п.т. артып, 4,9 пайыз болыпты. Бұл дегеніміз – былайша айтқанда, пандемияның бізге шаңның түйіріндей ғана әсер еткенін білдіреді. Естіген құлақ сеніңкіремейтін бұл көрсеткіш қалай есептеледі? Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштің шынайы көрінісін қаншалықты көрсете алады?
Карантинде жұмыссыз қалғандар есепке кірмеген бе?
Санның аты – сан. Ол белгілі бір есептің нәтижесінде жасалады. Бұл жерде әлденені жасыру не жағдайды қолдан жақсарту мақсаты тұр деп айтуға келмейді. Өйткені статистиканың жүргізілу тәсілі болады. Соған сәйкес қорытындысы да шығарылады. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары есептеген көрсеткіштің неден құралғанына тоқталсақ. 2019 жылы 4,8 пайыз болған көрсеткіш биыл 4,9 болды. Бұл – жұмыссыздардың саны бір жыл бұрынғымен салыстырғанда аса өзгермеді деген сөз. Орталық сарапшыларының айтуынша, пандемия кезіндегі ахуалдың айтарлықтай өзгермеуіне не әсер еткенін былай деп түсіндіреді. Карантин кезінде көбі жұмыссыз қалғанымен, жұмыс істейтін азаматтардың дені уақытша жұмыссыз деген категорияға қосылған. Яғни, кәсіпорынның не жұмыс берушінің қызметін тоқтата тұрғанына байланысты біржолата емес, жай ғана уақытша жұмыссыз саналған. Ал бұл төтенше жағдай кезінде жұмыс істемеуге мәжбүр болған топтың жұмыссыздар қатарына қосылмағанын білдіреді. Олар бұрынғысынша жұмыс істейтін азаматтар қатарында қала берген. Жалпы алғанда, олардың саны 2019 жылы 129,1 мың болса, былтыр 300,9 мың адамға жеткен. Сонда бір жылдағы өсім 2,3 есе болыпты.
Экономика күшеймесе, «конвертпен» алу азаймайтын сыңайлы
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев «Бізде жұмыссыздық деңгейі былайша анықталады: жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына барып, арыз тастайтын, тұрақты түрде табысын нақтылап тұратындар ғана есепке кіреді. Яғни, бізде жұмыссыз жүргендердің бәрі есептелмейтіні анық. Бұл – тұрақты жұмыс істеп жүргендер мен әкімдік тарапынан аз төленетін жалақыны қарастыратындардың көрсеткіші. Біржылдық пандемиядан кейін бұл көрсеткіштің өзгермеуі де еңбек нарығында шынайы көрсеткіш емес екенін көрсетеді. Біздегі есептеу тәсілі біраз қиындатылған. Себебі жұмыссыздықты рәсімдеу – бізде күрделі процесс. Өйткені жұмыссыз екенін білдіру үшін барып тіркеліп, белгілі бір уақыт өткен соң статусын растап тұру сияқты қиындықтар бар. Онымен бәрі бірдей айналыса бермейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар категориясы өнімді және өнімсіз жұмыс істейтіндер болып бөлінеді. Сол көрсеткішке қарап біздегі тұрақты жұмыс істейтіндер мен шартты түрде жұмыссыздардың үлесін білуге болады. Осыны жұмыссыздықтың балама көрсеткіші ретінде қолдануға болады деп ойлаймын. Мысалы, бізде өзін-өзі жұмыспен қамтитындар шамамен 2 млн. Бірақ бұл категориядағылар тұрақты және қорғалған жұмыспен қамтылмаған. Жартысынан көбінің жұмысы рәсімделмеген. Демек, еңбек статусы да тұрақсыз. Ресми түрде рәсімдету шаралары ретінде еңбек инспекторлары тексеріс жүргізіп тұрады. Жұмыс орындарына барып, тіркелмегендерді анықтап, айыппұл салады. Дегенмен белсенді түрде іске асырылады деп айта алмаймын. Инспекторлар саны аз. Одан бөлек, ақпараттандыру да жүргізіледі. Бірақ мұндағы мәселе – экономикамыздың ерекшелігіне байланысты. Қанша жерден ресми тіркелуге ынталандырғанмен, егер экономика әлсіз, тұрақты жұмыс орындары болмаса, жұмыс беруші шығынын азайтуға тырысады. Сол үшін қолма-қол ақша беруді ұсынады. Оның үстіне, тұрақты еңбек шартымен жұмыс істесе, мемлекетке жалақының 30 пайызына дейін қайтару керек. Сондықтан онсыз да айлығы аз жерде істейтіндер «конвертпен» алуға келіседі. Егер жұмыссыз азаматтың бәрі тіркелетін болса, біздегі көрсеткіш одан әлдеқайда көп болар еді», – дейді сарапшы.
Уақытша жұмыссыз қалғандардың 60 пайызға жуығы вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер екен. Былтыр карантин кезінде үй көрмейтін талай азамат айлап жұмысқа бармай қалғанын жақсы білеміз. Ал енді 11 пайызы – жұмыс берушілердің тарапынан жыл сайынғы кезекті еңбек демалысына жіберілгендер. Жұмыс күшіндегі басты өзгеріс өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының азаюы есебінен туған жұмыспен қамтылғандар санының төмендеуіне байланысты деседі. Яғни, 2019 жылы 8,78 млн адам болса, 2020 жылғы көрсеткіш – 8,73 млн адам. Осылайша, бір жылда жұмыспен қамтылғандар саны 2,6 пайызға азайып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 3,4 пайызға қысқарған. Ал өнімсіз жұмыспен қамтылғандар саны 5,8 пайызға өскен.
Біле білсек, өнімді және өнімсіз жұмыс түсінігі бар. Ол – қоғамның атқаратын жұмысының көрсеткіші. Яғни, өнімді жұмыс істейтін азаматтың көрінісі мынадай болады: жұмысындағы табысы жақсы өмір сүруге мүмкіндік беретіндей деңгейде болуы тиіс. Әрине, бұл ретте жұмыспен қамту саясаты мен табыс саясаты, инфляцияға қарсы күрес шараларының бұл көрсеткішке тікелей әсер ететінін айта кету керек. Екіншіден, өнімді жұмыс деген формальды жұмыспен қамтуға қарама-қайшы. «Көз» үшін жұмыспен қамту дегеніміз, жұмыссыздықты жасыру үшін ғана жұмыс орындарын ашу болмаса басы артық қызметкерлер ұстауды білдіреді. Демек, мемлекет жұмыссыздық деңгейін азайту үшін екінші қадамға бармауы керек. Егер табысы ішіп-жемінен артылып, жақсы өмір сүруге жол аша алса, демек ол адам экономикалық тұрғыдан ойға қонымды әрі қоғамға пайдалы болып жатыр деген сөз.
Статистиканы сөйлетсек…
Осы орайда соңғы бес жылдағы жұмыссыздық деңгейі көрсеткішіне қысқаша тоқталсақ. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2016 жылдан бері айтарлықтай өзгеріс жоқ. Мысалы, сол жылы 5 пайыз болса, 2017 және 2018 жылы 4,9 пайыз болған. 2019 жылы 4,8 пайыз болып азайып келе жатқан үрдіс былтыр 0,1 п.т. артып, қайтадан 4,9 пайыз болыпты.1994 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан көрсеткіштің ең шарықтау шегі 1999 жылдың еншісінде – 13,5 пайыз. Сол уақыттан бергі 21 жылда біртіндеп төмендегенін байқаймыз.
Соңғы статистикаға қайта оралсақ. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, 2020 жылдың соңына қарай жалдамалы қызметкерлер саны 6,69 млн адамға көбейген. Одан бір жыл бұрынғы көрсеткіш 5 мың адамға аз болған еді. Бұған әсер еткен жайт экономиканы қалыпқа келтіруге бағытталған шаралар деседі. Қай салада артқанына келсек, 2019 жылмен салыстырғанда жылжымайтын мүлік операциялары мен денсаулық сақтау, түрлі қызмет көрсету салаларында байқалыпты. Денсаулық сақтау саласында жұмыспен қамтылғандардың көбеюі ойға қонымды. Өйткені науқас саны күрт көбейген шақта артуы заңды. Сонымен бірге зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат берілгелі бері жылжымайтын мүлік операциясы саласында да өзгеріс болып отыр. Өзге де қызмет түрлерін қамтитын салалардың ішінде сұлулық салонының қарқыны күшейген. Өйткені қатаң карантинде бұғып жатқандар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған. Көлік, өнер, ойын-сауық, әкімшілік және көмекші қызметтерде, тамақтану саласында, керісінше көрсеткіш төмендеген.
Бір жыл ішінде жұмыссыздар саны, әсіресе 35-44 жас аралығындағы азаматтар арасында көбейген. Атап айтқанда, 2019 жылы 103,8 мың болса, 2020 жылы – 109,4 мың адам. Бұдан бөлек, зейнетке шығуға таяп қалғандар арасында да артыпты. Яғни, былтыр 55-64 жас аралығындағы 54,9 мың адам жұмыссыз қалған. Одан бір жыл бұрынғы көрсеткіш 49,5 мың адам болған екен. 29-34 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар саны, керісінше 4,2 мың адамға қысқарған.
Ұлттық санақтың жұмыссыздық деңгейіне әсері қандай?
Қазақстанда ұлттық халық санағы он жыл сайын өтеді. 2019 жылы өткізілуге тиіс науқан 2020 жылға шегеріліп, былтыр пандемияға байланысты 2021 жылға жылжытылған еді. Енді биыл қазанда ұлттық санақ өтеді деген жоспар бар. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың айтуынша, осы санақты сапалы жүргізсе, жұмыссыздық деңгейінің шынайы көрсеткішіне қол жеткізуге болады. «Бізде еңбек шартын мүлдем жасамайтындар бар. Олар көбіне қызмет көрсету және көлік салаларында жұмыс істейді. Міне, осы азаматтар еш жерде есепте тұрған жоқ. Маңыздысы – осылардың статистикасын шығару. Өйткені бұл азаматтар еңбекке қабілетті, бірақ потенциалды жұмыссыздар деген сөз. Ресми статистикада осы категория ескерілмейді. Негізі, санақты сапалы жүргізсе, жұмыссыздықтың нақты сипатын білуге болар еді. Өйткені санақ ең үлкен Big data-ны береді. Соның ішінде халықтың жұмыспен қамтылуына қатысты мәліметтер базасы жасақталады. Дегенмен бізде халық толыққанды қатысып, шынайы жауап беруде белсенді емес, сауалнамаларға немқұрайды, нигилизммен қарайды. Жұмыссыздық статистикасында да жағдай осындай. Яғни, жұмыспен қамту орталығына барып, тіркелсе, жәрдемақы алатынын не басқа вакансия ұсынылатынын біле бермейді. Бүгінде жұмыссыздық статистикасы бір жақта, жұмыссыздар бір жақта күн кешіп жатқаны соған байланысты», – дейді әлеуметтанушы.
Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін ұлттық даму жоспары аясында жұмыс жүргізу ойда барын Ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиев атап өткен болатын. «Еңбек нарығын қалыпқа келтіріп, жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін қазіргі және жаңа жұмыс орындарын жаңғырту шаралары қолға алынады. Еңбек қарым-қатынастарының жаңа прогрессив формасын енгізу арқылы жұмыспен қамтудың икемді түрлерін дамытуға болады. Өздігімен білім алып, білікті арттыру тұрақты түрде жүзеге асырылып тұру үшін жағдай жасалып, сонымен бірге жұмыс орындарына қатысты болжам жасаудың жүйесін жетілдіреміз» деген еді министр.
Ирғалиевтің айтуынша, әлеуметтік қамсыздандыру саласы еліміздің Әлеуметтік кодексімен реттеледі. «Осы шараларды жүзеге асыру арқылы 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыздан аспайтын нәтижеге қол жеткіземіз. Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесі толық көлемде беріледі. Инфляция деңгейін есепке ала отырып, әлеуметтік төлемдер индекстеледі» деген болатын. Ұлттық даму жоспары мынадай үш бағыт бойынша 10 жалпыұлттық басымдықтан тұрады: азаматтардың аман-саулығы, институттар сапасы және мықты экономика.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары өзге елдердегі жұмыссыздық деңгейін қарастыра келе біздегі көрсеткіштің ең төменгілердің қатарында екенін атап өтіп отыр. «Мысалы, АҚШ-дағы жұмыссыздық деңгейі соңғы жылы 4,4 п.т. артып, 8,1 пайызды құраған. Ал Канадада – 9,6% (+3,9 п.т.), Испанияда – 15,5% (+1,4 п.т.). ТМД елдерімен салыстыратын болсақ, Арменияда (+4 п.т.), Әзербайжанда (+2,3 п.т.), Украинада (+1,7 п.т.), Өзбекстанда (+1,6 п.т.)», – дейді орталықтың Стратегия және жобалық басқару департаменті директорының орынбасары Әлихан Қарабаев. Әр елдің жұмыссыздық деңгейін анықтау методологиясы әртүрлі. Сондықтан мұндай көрсеткіштердегі санға қарап, белгілі бір елдің жағдайы мен біздің ахуалды салыстыру қиын. Әйтсе де, ресми статистика жарияланды. Ондағы көрсеткішті де білдік. Енді қалғаны – мамандар айтқан ұсыныстардың ескерілуі арқылы шынайы көрініске қол жеткізу.
Жадыра АҚҚАЙЫР