Қоғамдық кеңестер жоғары жауапкершілік жүктейді – Мархабат Байғұт
Қоғамдық кеңестер жоғары жауапкершілік жүктейді – Мархабат Байғұт
314
оқылды

Өте-мөте өркениетті, аса алпауыт саналатын Америка Құрама Штаттарында баяғы замандарда саяси партиялар бірталай болған көрінеді. Осы жағдайды онша жақтырмаған жалғыз жазушы Марк Твен: «Көптеген көп сөйлейтін партиялар өз өтіріктеріне өздері тұншығып өледі», – деген екен. Шынында да солай болыпты. Қазір АҚШ-ыңызда қатар шабатын қос партия бар.

Өз басым «Nur Otan» партиясын көктем партиясы деймін. Алғашқы құрылтайы 1999 жылғы 1 наурызда өткені жадымызда жаңғырады. Былтыр онлайн форматында өткен съезіне Түркістан шаһарында отырып қатыстық. Оның алдында онлайн емес, кәдімгідей айналайын форматында, Астанада ұйымдастырылған съезінде Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев нақты міндеттерді нақ-нақ айқындай келе әкімдердің халыққа жақындауы керектігін үш мәрте қадап-қадап айтқаны есімізде. Бүгінде «Nur Otan»-ды жұртшылық халық партиясы дейді. Нақты істің партиясы дейді. Көп жерден әділдік таппаған қарапайым адамдардың: «Nur Otan» партиясына барам»,– дейтінін жиі естиміз. Осы орайда «Miras» қоғамдық кеңесінің де лайықты үлесі бар. Біраз жылдардан бермен қарата орталықтағы және жергілікті филиалдар жанындағы «Miras» қоғамдық кеңестері елеулі-елеулі тірліктерді еңсерді десек, артық айтқандыққа жатпас. Түркістан облыстық филиалы жанындағы  «Miras» та мәдениет және руханият салаларындағы маңызды мәселелерді тереңдей талдап, талқылап, таразылап, талай-талай ұсыныстар жасап келе жатыр. Олардың уақытылы орындалуы да кезекті отырыстарда қорытындыланып, нақтыланады. Облыстық  «Miras» біршама беделге ие. Мойындалған. Бүгін Түркістанда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Саяси кеңес бюросының мәжілісі өтіп, қоғамдық кеңестердің төрағалары мен құрамы бекітілді. Елге қызмет етсем дейтін ниеттегі азаматтар қатарға қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәжілістеген «Халық үніне құлақ асатын меммлекет»  қағидасы, «Түркістан – түркі халықтарының рухани астанасы» мұратынан туындайтын мақсат-міндеттер «Miras» кеңесінде де, оның белсенді мүшелері болып табылатын зиялыларға да жоғары жауапкершілік жүктейтіні аян. Ең басты назарда сайлауалды бағдарламаның іске асуын қадағалау болатыны белгілі. Аянбай қызмет етеміз, әрине.

Мархабат Байғұт, жазушы, Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесінің төрағасы.