Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған қазақстандық делегация Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өткен ТМД Парламенттік Ассамблеясының 52-пленарлық отырысына қатысты. Іс-шара барысында пандемия кезеңінде көші-қон процестерін заңмен реттеу мәселесі және осы бағытта ТМД елдері парламенттерінің рөлі кеңінен талқыланды.
Отырыста сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев коронавирус індетінің көші-қон процестеріне тигізген әсеріне тоқталып, Қазақстан бұл саладағы проблемаларды шешу үшін қандай шаралар қабылдағанына назар аудартты. Ол COVID-19 пандемиясына тосқауыл қою үшін қолға алынған жаһандық шаралар халықаралық көші-қонды айтарлықтай шектегенін тілге тиек етті. Салдарынан көптеген елдер күрделі мәселемен бетпе-бет келіп, оны шешу жолдарын қарастыруға мәжбүр болды. Бір жағынан, халықты қорғап, індеттің таралуын болдырмау үшін азаматтардың қозғалысына шұғыл және түбегейлі шектеулер қою қажет болды. Екінші жағынан, алда осындай шаралардың экономикалық зардабын азайту міндеті тұрды. «Қазақстан COVID-19 індетінің таралуына тосқауыл қою үшін жалпы қабылданған тәсілдерге сүйене отырып, қазақстандықтардың, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мемлекеттік шекарадан өтулеріне байланысты бірқатар шектеулерді қолға алды. Түсіністік танытып, біздің аумақтағы шетелдіктерді елде болу мерзімін бұзғаны және уақытында Қазақстаннан шықпағаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату жөнінде шаралар қабылданды. ТМД-дағы серіктестеріміз – Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы және Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен бірлесіп әрекет етудің нәтижесінде еліміз арқылы 35 мыңға жуық шетел азаматы транзитпен өткізілді», – деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар Сенат Төрағасы Қазақстанның дағдарысқа қарсы қабылдаған шараларына тоқталды. Ол мұндай кезде келісіп әрекет ету пандемияның әлеуметтік және экономикалық салдарын төмендететініне назар аударып, әріптестерін бұдан да тығыз байланыс орнатуға және жаңа сын-қатерлерге бірге қарсы тұруға шақырды. Пленарлық отырыс кезінде қатысушылар ТМД-ға мүше мемлекеттерге арналған бірқатар модельдік заңдарды да қарады. Сондай-ақ осы күні Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасы Жогорку кенешінің төрағасы Талант Мамытовпен кездесті. Тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және парламентаралық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. «Жыл өткен сайын елдеріміздің байланысы қарқынды дамып келеді. Бұл ретте Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегін ерекше атап өткен жөн. Елбасы бауырластыққа және тату көршілікке негізделген қарым-қатынасымызды нығайтуға және дамытуға үлкен үлес қосты. Бүгінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қырғыз Республикасымен ынтымақтастықты одан әрі арттыруға баса мән беріп келеді. Елдеріміз арасындағы байланыстың барлық салада, оның ішінде парламентаралық бағытта да кеңейе түскеніне мүдделіміз», – деді Сенат Спикері. М.Әшімбаев Молдова Парламентінің төрайымы Зинаида Гречаныймен кездесті. Жүздесуде екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер сөз болды. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты, экономикалық серіктестікті және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.Елдос СЕНБАЙ