Атырауда көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүгедектер «пара алды» деген күдікпен ұсталған басшыны босатуын талап еткен болатын. Жұртшылық алғаш рет шенеунікті жақтап, наразылық білдірген. Бірінші рет болып отырған жағдай өз нәтижесін берді. Кеше Атырау қалалық соты Серік Қамидоллаға қатысты қылмыстық істі қысқартты.
Атырауда облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысына қатысты сот шешім шығарды. Шенеунік шетелдік жұмысшыға рұқсат қағазын беруге көмектесіп, әр жұмысшы үшін 500 мың теңгеден пара алды деген күдікпен тергеуге алынған еді. Алайда тергеу барысында алаяқтық және пара алу бабы бойынша тағылған айып дәлелін таппаған. Тек қызметтік бабын асыра пайдаланып, жәбірленушілердің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіргені анықталыпты. Бұл эпизодтар бойынша шенеунік өзіне тағылған айыпты толығымен мойындаған және шынайы өкінішін білдірген. Атырау қаласының №2 қалалық сотының баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, тергеу барысында ол айыптаумен толық келісті. Сондықтан сот процесі жеңілдетілген режимде өтті. Сотталушы ҚР ҚК 65-бабын қолдана отырып, оны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады. Оның алғаш рет ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағанын ескере отырып, сонымен қатар кәмелетке толмаған үш баласы, оның ішінде мүгедек баласы барын, жалғыз асыраушы екенін және ісіне шын өкінуіне байланысты сот оны ҚР ҚК-нің 65-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатуға болады деп санады. Бұл ретте өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1 000 АЕК (2 млн 917 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Сот залынан бостандыққа шыққан Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы С.Қамидолла өзіне айып тағылғалы қолдау көрсеткен жұртшылықпен жүздесуінде: «алғашқы сот болатын күні «сені қолдап, қаншама адам келіп тұр» деп полиция қызметкері айтқанда қатты қуандым. Босқа жүрмегенімді, халқыма адал қызмет еткенімді білдім. Халқыммен бақыттымын, біргемін. Халқым сенім артып тұрғанда қызмет ете беремін», – деп толқынысын білдіріп, атыраулықтарға алғыс білдірді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ Атырау облысы