Ақтөбе облысында 100-ге жуық бала коронавирус жұқтырды
Ақтөбе облысында 100-ге жуық бала коронавирус жұқтырды
5,212
оқылды

Ақтөбе облысында бүгінге дейін 96 балада коронавирус инфекциясы анықталған. Оның 9-ы вирустың симптомды түріне шалдыққан.

Ақтөбе облысы бойынша өткен тәулікте тағы 120 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның тең жартысынан астамы дерттің симптомды түріне шалдыққан. Бүгінге дейін өңірде 7 мыңнан астам жағдай тіркелсе, оның 75 пайыздан астамы жазылды. Әлі де 4400 адам үй карантинінде отыр. Олар екі апта бойы дәрігерлер бақылауында болуы тиіс.

«96 баладан коронавирус анықталса, оның 9-ы ауруханада жатыр. Бәрінің жағдайы бір қалыпты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Көбісі жөтеліп, басы ауырып, дене қызуы көтеріліп-түсіп отыр. Сонымен бірге 8 жүкті әйел пневмонияға шалдығып, ауруханаға жатқызылды. Тағы 22 жүкті келіншек – үй карантинінде. Біз күн сайын мониторинг жүргіземіз. Аурухананың жансақтау бөлімінде жатқандардың 17 пайызының жасы 50-ге толмаған. Ал 50-64 жас аралығында 14 адам жатыр. 24 науқастың жасы 65-тен асқан. Жансақтау бөліміне көбіне қант диабеті, жүрек-қан тамырлары, бүйрек, бауыр жетіспеушілігі, созылмалы ауруы бар адамдар түседі», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Оның айтуынша, соңғы кездері жастар арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі көбейді. «Көбі үйде ем жүргізіп, ауруды асқындырып алады. Бұл – дұрыс емес. Тіпті естіген, сұрап білген дәріні ішіп, жүре береді. «Қызыл» аймақта болған соң, шектеу жоғары. Маска тағу, қол жуу, арақашықтықты сақтау білімге емес, жауапкершілікке, санаға байланысты», - деді Рүстем Исаев.