Жамбыл облысында жоғалған келіншекті іздеген сүңгуір табылмай жатыр
Жамбыл облысында жоғалған келіншекті іздеген сүңгуір табылмай жатыр
261
оқылды

Жамбыл облысында жоғалып кеткен 23 жастағы қызды іздестіруге барған сүңгуірлердің бірі суға кетіп, денесі он төрт күннен бері табылмай жатыр. Тергеу мәліметтері бойынша, енді су қоймасында бірден екі адамға іздеу жүріп жатыр.

КТК телеарнасының хабарлауынша, 23 жастағы келіншекті іздеуге Тасөткел су қоймасына бір топ құтқарушы Тараздан арнайы барған екен. Олар полицейлердің сұраныс хатында көрсетілген төңіректі сүзіп шығуға кіріскен. Кешке кенеттен жел тұрып, екі метрлік толқын пайда болған. Асау ағыс 50 жастағы сүңгуір мінген қайықты қойманың ортасына қарай тартып әкеткен. 20 жылдық тәжірибесі бар Жұмағали Әбдірахманов кері қайта алмасын түсініп, желдің бағытымен  жүре берген. Ол сол бойда оралған жоқ.

Телеарна тілшісінің айтуынша, тіс қаққан маманның қалай суға батып кеткені түсініксіз. Жарты сағаттан кейін қарсы жағалаудан оның құтқару жейдесі мен мотор қайығы табылған. Ал өзін он төрт күннен бері әріптестері іздеп жатыр. Алматы облысынан да құтқарушылар көмекке келген. Тасөткел су қоймасының ұзындығы - 21, ал ені 8 шақырым. Тереңдігі 25 метерге жуық. Ауқымды аумақтан адам денесін табуға 100-ге жуық құтқарушы мен екі тікұшақ жұмылды.

"Өте тәжірибелі сүңгуір. Бәрі қатты дауылдың кесірі. Қатты толқын қайықтың дер кезінде жағаға қайтуына дес бермеген", - дейді Жамбыл облысы ТЖД бастығының орынбасары Мақсат Қосыбаев.