Әлеуметтік желіде үш жасөспірімнің бір балаға дөрекілік көрсетіп, оны ұрып тастағанын суреттейтін видео тарады.
Кадрдан үш жасөспірімнің бірі балағат сөз айтып, оқушының бетінен тепкен. Бұған тағы екі бала қосылып ұра бастаған. Бір уақытта соққыдан құтылып, бала қашқан. Содан үшеуі баланың соңына түскен. Міне, видео осы тұстан аяқталған.
Белгілі болғандай, бұл оқиға 12 сәуір күні сағат 18.30-да Авангард ықшамауданындағы Атырау облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының аумағында болған. Жәбірленушінің анасы құқық қорғау қызметкерлеріне арызданыпты. Тәртіп сақшылары ұрған балалардың жеке басын анықтады. Олар 2005, 2007 және 2008 жылы туған жасөспірімдер екен.
Бұған қатысты Атырау облыстық Полиция департаменті Ақжайық газетіне пікір білдірген.
"Аталған факті бойынша Атырау облысы Полиция департаменті қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы ("Адамдар тобы ала сөз байласу арқылы жасаған бұзақылық") бойынша тексеру жүргізуде", - деп хабарлады ведомство.