Артында екі ұлы қалды: жоғалған қызды іздеуге шыққан сүңгуір де жоғалып кетті
Артында екі ұлы қалды: жоғалған қызды іздеуге шыққан сүңгуір де жоғалып кетті
274
оқылды

Жамбыл облысында екі ай бұрын жоғалып кеткен 23 жастағы Гүлдана Санақбайды іздеуге шыққан сүңгуірдің өзі жоғалып кетті. Тасөткел су қоймасына Тараз қаласынан келген сүңгуірлердің бірі Жұмағали Әбдірахмановты екі метрлік толқын өзімен бірге тартып кетіп, ол ізім-ғайым жоғалып кеткен.

Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, 1 сәуір күні департаментке Шу ауданында жоғалып кеткен Гүлдана Санақбайдың Тасөткел су қоймасына батып кетуі мүмкін деген болжаммен сүңгуірлерге сұраныс хат келген екен. 2 сәуір күні 6 құтқарушы мен 1 қайық Көкқайнар ауылынан 5 шақырым жерден Тасөткел су қоймасына қарай іздестіру жұмыстарын бастаған. 3 сәуір күні кешкі сағат 20:10 минутта тәуліктік іздеу жұмыстары аяқталған тұста кенеттен жел күшейіп, 1970 жылы дүниеге келген 20 жылдық тәжірибесі бар Жұмағали Әбдірахмановтың моторлы қайығын екі метрлік толқын су қоймасының ортасына қарай тартып кеткен. Шамамен жарты сағаттан кейін қозғалтқышы жоқ қайық 5 шақырым қашықтықтағы қарсы жағалаудан шыққан. 20 минуттан кейін су бетінен құтқару кеудешесі табылған. Бұл жағдайдан кейін Тараз қаласынан Тасөткел су қоймасына 74 адам, 9 техника және 5 қайық қосымша жіберілген. 4 сәуірден басталған іздестіру жұмыстарына 98 адам, 16 техника, 8 қайық, 1 ұшқышсыз ұшу аппараты, 2 тікұшақ, 1 кинологиялық есеп, ГНОМ және ЭХОЛОТ тереңнен іздеу аппараттары, сондай-ақ «Лидер КЗ» жастар қозғалысының еріктілері мен аудандық полиция бөлімінің мамандары және Балық инспекциясының қызметкерлері жұмылдырылса да суға кеткен сүңгуір 14 күннен бері табылмай жатыр. Осылайша құтқарушылар енді Тасөткел су қоймасынан екі адамның денесін іздеуде. 50 жастағы сүңгуір Жұмағали Әбдірахмановты әріптестері өте тәжірибелі маман екенін айтады. Су айдынында жел тұрғанда оның желмен бірге жүре беруінен басқа амалы болмаған екен. Жұмағали Әбдірахманов жанұялы. Артында екі ұлы қалып отыр. Гүлдана Санақбайға келсек, оның анасы қызының жоғалып кетуіне күйеубаласын кінәлап отыр. Себебі, Гүлдананың соңғы рет соның көлігіне отырған видеосы дүкендердің біріндегі бейнебақылауға жазылып қалған. Алайда күдікті ретінде қаралған күйеубала ол күні Гүлдананы үйіне дейін жеткізіп тастағанын айтқан.
– Күйеубалам қызымды өрімдей жас кезінде алып қашып кетті. Алайда, беташардан кейін анашамен ұсталып, бес жыл түрмеде болды. Күйеубалам түрмеден мүлде басқа адам болып шықты. Қызыма қол көтеріп, түрлі әрекеттер жасады. Содан екеуі ажырасып тынды. Алайда, қызымның қыр соңынан қалмай, жоғалатын түні де көлігімен алып кеткен. Гүлдананы үйде баласы күтіп отыр. Қызым баласын өз еркімен тастап кетпейтіндігі анық. Сондықтан оны күйеубалам бір жерде қамап ұстап отырған секілді. Немереме осы таңға дейін анасы іссапарда жүр деп алдап келгенмін. Алайда жақында бар шындықты айтуға тура келді, – дейді Гүлдананың анасы.
Қазір тәртіп сақшылары Гүлдана Санақбайдың жоғалуына байланысты «адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғаған. Алайда тергеу амалдары құпиялығына байланысты айтылмауда. Ал Тасөткел су қоймасында іздеу жұмыстарының басталуына Гүлдананың ұялы телефоны соңғы рет осы маңда сөндірілгені себеп болған.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы