2020 жылғы 1 ақпанға дейін Армениядан көлік әкелген және Қазақстанда есепке қойған қазақстандықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көлік салығын төлейді, деп хабарлайды Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
2006 жылғы 6 қарашадағы Табыс пен мүлiкке салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияның ережелеріне сәйкес Қазақстан және Армения қаржы министрліктері қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында көлік құралдарына салық салу бойынша өзара уағдаласты.
«Біздің азаматтарымыз Қазақстан Республикасының аумағына әкелген автомобильдер бүгінгі күнге дейін Армения Республикасының уәкілетті органдарында тіркеу есебінен шығарылмағандықтан, екі мемлекет те осындай көлік құралдарына салық салуға үміткер бола алады.
Осылайша, келіссөздер нәтижесінде Армения Республикасынан 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген, меншік құқығы бойынша Қазақстан Республикасының резиденттеріне тиесілі автомобильдерге Конвенцияның 21-бабы 4-тармағының ережелеріне сәйкес, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында тіркеу есебіне қойылған сәттен бастап ұлттық заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасында ғана салық салынуға жатады деген уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы мақсаттар үшін екі мемлекеттің салық органдары Қазақстан Республикасында тіркелген күнін көрсете отырып, тіркелген көлік құралдары бойынша мәліметтер алмасуды жүргізетін болады. Мұндай көлік құралдарына қатысты қосарланған салық салу туындамайды», - делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің нормаларына сәйкес көлік салығын төлеу міндеті көлік құралын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында есепке қойған кезден бастап туындайды.
Мысалы, егер көлік құралы 2020 жылғы 1 қарашада тіркеу есебіне қойылса, 2021 жылғы 1 сәуірден кешіктірмей 2020 жылғы қараша мен желтоқсан үшін бюджетке көлік салығын төлеу қажет.
Олай болмаған жағдайда әрбір мерзімі өткен күн үшін өсімпұл есептеледі.