Қазнетте бір топ адамның медициналық масканы өртеген видеосы тарады. Видеода жеке қорғаныс құралы жанбай, еритіні көрсетілген. Осыдан кейін ролик авторлары маскалар улы деген қорытынды жасайды.
Медициналық маскалардың уыттылығы жайлы ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды.
«Біріншіден, бұл видео Қазақстанда емес, Ресейде түсірілген және біздің елге қатысы жоқ. Екіншіден, бізде сатылатын маскалардың сапасы санитарлық талаптарға сай және сапасы жоғары», - деп хабарлады stopfake.kz.
Медициналық масканың жанбай, ерігені таңқаларлық жағдай емес. Жеке қорғаныс құралдары арнайы материал – спанбондтан жасалады. Бұл синтетикалық тоқыма емес материал, ол берік, жоғары және төмен температураға төзімді, су өткізбейді, сондай-ақ инфекциялардан қорғайтын қасиеттерімен ерекшеленеді.
Спанбонд улы емес және қауіпсіз. Ол синтетикалық материал болғандықтан, жанған кезде ериді, бірақ зиянды қосылыстар шығармайды. Ал пластик медициналық маскалар өндірісінде қолданылмайды.