Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика және коммуникация жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының қолдауымен «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту моделдері» (МТIJ) атты V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Биыл бесінші рет өткізіліп отырған конференцияға шетелдік оншақты жоғары оқу орындарының (АҚШ, Гонконг, Польша, Түркия, Ресей, Украина, Қырғызстан т.б.) ғалымдары қатысып, қашықтан оқыту тәуекелдері, білім берудегі цифрландырудың жаңа форматы, онлайн-форматта білім беру мүмкіндіктері туралы өзекті ойларын ортаға салды.
Қашықтан білім беру оқу жүйесіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізумен бірге, жаңа білім беру ортасын қалыптастырды. COVID-19 пандемиясына байланысты әлемдегі жағдай білім беру жүйесіне көптеген өзгерістер алып келді. Қашықтан білім беруді ұйымдастыру 2020 жылдың ең маңызды мәселесіне айналды. Көптеген жоғары оқу орындары бұл өзгеріске дайын болған жоқ, оқытушылар мен студенттерге техникалық мәселелермен қатар психологиялық кедергілер де болды. Бастапқыда монитор арқылы білім беру студенттермен жанды қарым-қатынасты ауыстыра алмағаны анық. Алайда жаһандық қашықтан білім беру оқытудың әдістерін жетілдіріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Конференция модераторы Адам Мицкевич университетінің профессоры (Познань, Польша), АМУ әлеуметтік ғылымдар мектебінің жетекшісі, саясаттану және журналистика факультетінің еуропалық емес саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі, «Фидлер» қорының төрағасы Радослав Фидлер қатысушыларға медиа-индустриядағы қазіргі өзекті мәселелерді ашық ортаға салып, талқылауды ұсынды. Тұрақты даму мақсаттары бойынша журналистік білім берудің маңызына тоқталды. Бұл дәстүрлі конференция 2016 жылы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімімен бірлескен шешім нәтижесінде тұңғыш рет өткізіліп, Журналистика және коммуникация жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының құрылуының 20 жылдығымен тұспа-тұс келген еді. Содан бері ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов өз баяндамасында қатысушыларды «Еркін пікір білдіру саласындағы жаһандық тенденциялар және бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы», «Журналистика бойынша оқу бағдарламаларының моделі» т.б. ЮНЕСКО-ның құжаттарымен таныстырып келеді. Биылғы конференцияда да Сергей Карпов ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы өкілі Криста Пиккаттың атынан құттықтау сөз сөйлеп, ЮНЕСКО-ның журналистерге арнап дайындаған оқу құралымен таныстырды. ЮНЕСКО-ның білім саласындағы ресурстары тұрақты даму мақсаттарымен үйлесіп, халықаралық стандарттарға сай көкейкесті тақырыптарға негізделіп, заманауи журналистерді даярлауды көздейді. БҰҰ-ның жаһандық коммуникациялар департаменті, Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек конференция қатысушыларын құттықтай келіп, тұрақты даму мақсаттарына арналған жиынның маңыздылығын ерекше атады. Конференция өткізіліп келе жатқан бес жылдың ішінде ғалымдар мен практик мамандар, халықаралық ұйымдардың өкілдері журналистік білім беру саласындағы ЮНЕСКО-ның стратегиялық міндеттерін, мамандықтың жаңа стандарттарын, журналист мәртебесі, білім беру сапасы, журналистік шеберліктің кәсіби құзіреттіліктері, ТДМ мен журналистиканың қызмет ету әспектлері, азаматтық журналистика контенті сияқты көптеген мәселелерді талқылап, шешілу жолдарын қарастырды. Бәсекеге қабілетті, кәсіби білікті журналист мамандарын даярлауда практиктер мен академиялық орта өкілдерін бір алаңға тоғыстырған конференция өз жемісін беріп келеді. 2016 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігіне жіберілген конференция Қарарының нәтижесінде бакалавриатта «Халықаралық журналистика» мамандығы ашылды. Сондай-ақ, практик мамандардың маман даярлауға байланысты ұсыныстары ескеріліп, білім беру бағдарламаларына енгізіліп келеді. Конференцияда Журналистика және коммуникация жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының тұрақты даму мақсаттары бойынша қазіргі таңдағы атқарып отырған қызметі кеңінен таныстырылды. Аталмыш бағытта кафедрада бірнеше халықаралық және ұлттық жобалар жүзеге асырылды. Соңғы жылдары Коммуникацияны дамыту халықаралық бағдарламасының және БҰҰ Әйелдер өкілдігінің, сондай-ақ АҚШ елшілігінің жобаларын жүзеге асырды. Халықаралық жетекші жоғары оқу орындарымен келісім-шарттар жасалып, академиялық ұтқырлық бағдарламасы, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша әріптестікті дамытып келеді. Кафедраның студент, магистранттары мен оқытушылары осы келісім-шарттар негізінде Колумбия, Вайоминг, Огайо, Лестер, Дюк, Страсбург университеттерінен ғылыми тағылымдамадан өтті. Кафедра ұйымдастырған маусымдық мектептерге Ауғанстан, Қырғызстан елдерінен де жас журналистер қатысып, білімдерін жетілдіреді. Кафедра ЮНЕСКО Кластерлік бюросымен тығыз байланыста жұмыс істейді.Огайо университетінің профессоры (АҚШ) Джатин Сривастава, Колумбия университетінің жанындағы Жер институтының профессоры (АҚШ, Нью-Иорк) Рафис Абазов, Кастамону университетінің профессоры, Түркі әлемі қолданбалы зерттеулер орталығының директоры (Түркия) Хаджи Ахмет Шимшек, Акдениз университетінің профессоры (Түркия) Суат Колукирик, М.В. Ломоносов атындағы ММУ журналистика факультетінің доценті (Ресей) Малыгина Лидия, мәдениеттану саласындағы философия докторы, Халықаралық кадрлар академиясының философия профессоры (Киев, Украина) Надежда Лебедева COVID-19 пандемиясы кезіндегі қашықтан білім берудің өзекті мәселелеріне байланысты пікір білдіріп, тәжірибелерімен бөлісті. Журналист мамандарын даярлаудың алгортимдері мен заманауи моделдеріне қатысты ойларын ірікпеді.Шетелдік жоғары оқу орындарында пандемия жағдайында қашықтан білім берудің қалай жүзеге асырылып отырғандығы туралы студенттер де ой бөлісті. Гонконг Мемлекеттік университетінің 3 курс студенті Мөлдір Шыңғыс пен Платтсбургтегі Нью-Иорк Мемлекеттік университетінің 2 курс студенті (Нью-Иорк, АҚШ) Мадияр Рахымжанның баяндамалары әсіресе студенттер үшін қызықты болды. Конференция практик мамандардың шеберлік сыныптарына жалғасты. «Әділ сөз» Сөз бостандығын қорғау Халықаралық қорының сарапшысы Ғалия Аженова, Интерньюстің Қазақстандағы өкілдігінің медиа сауаттылық жөніндегі аймақтық кеңесшісі Асанбаева Гүлнар, «Түркі тілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызы, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы ҚҚ президенті ф.ғ.к. Есенгүл Кәпқызы, ҚР ДСМ Медиа-орталығы өңірлермен жұмыс үйлестірушісі Алуа Мырзаханова, Абылай хан ат. ҚазХҚжӘТУ Халықаралық коммуникация кафедрасының профессоры, Қазақстан Коммуникативтік Ассоциациясының директоры Бағила Ахатованың мазмұнды тренингтері конференция қатысушыларының ерекше қызығушылығын туғызды. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қырғыз тілдерінде өткізілген жиында тілдік кедергіні ешкім сезінбегендігін де айту қажет. Бесінші рет ұйымдастырылып отырған конференция бес сағатқа созылғанымен, қызықты баяндамаларды ынтыға тыңдаған қатысушылар тапжылмады. Білім беру саласындағы цифрлық технологиялар, жаңа жобалар, түрлі жоғары оқу орындарындағы пандемия жағдайында жаңа форматта оқыту тәжірибесі туралы ой бөліскен конференция қатысушылары ризашылық сезімдерін жасырмады.
Назгүл Шыңғысова, Филол.ғ.д., әл-Фараби ат. ҚазҰУ профеессоры, Журналистика және коммуникация жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі