Қарағандылық полицейлер ұйымдасқан трансұлттық қылмыстық топты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау мақсатында Қарағанды облысы Полиция департаментінің басшылығы арнайы тергеу-жедел тобын құрған болатын.
Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің көмегімен ұзақ мерзімде бес облыста жұмыс істеген бес наркологиялық зертхананы құруға қатысқан оннан астам адам ұсталды.
"Қылмыстық істі тергеу барысында аталған зертханаларды ұйымдастырушылар елден тыс жерде отырып, Қазақстан, Ресей Федерациясы, ТМД елдері және алыс шет елдерде психотроптық заттарды өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен және сатумен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан топ құрғаны анықталды. Сондай-ақ біз Қазақстан Республикасының аумағында “Telegram” және “Signal” мессенджерлері арқылы жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшені басқаратын және ұйымдастыратын адамдарды да анықтадық", – деді Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.
Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың кураторлары психотроптық затты шет елден Қазақстан Республикасына жеткізу арнасын ұйымдастырып, психотроптық затты сұйық күйде жеткізіп отырған. Логистикалық фирмалар арқылы автомобиль майлары мен қосалқы бөлшектер, алкогольдік ішімдіктер атын жамылып, оларды тұрмыстық заттардың, май радиаторларының және өрт сөндіргіш құралдардың ішіне құю арқылы жеткізіп отырған.
Трансұлттық ұйымдасқан топ мүшелерінен құрғақ және сұйық күйінде тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы мөлшері 70 келіден асты, дайын зат және 3,5 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді. Трансұлттық ұйымдасқан топты ұйымдастыру және басшылық ету фактісі бойынша ҚР ҚК 264-бабы 1 және 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
https://www.youtube.com/watch?v=zJDfcq4FuaI&t=2s