Алматы облысында жеңіл көлік дүкенге соғылып, жүргізуші мерт болды.
Алматы облысының Полиция департаменті жол-көлік оқиғасы 19 сәуір күні сағат 13:00 шамасында Қарасай ауданының Шамалған ауылында болғанын мәлімдеді.
«Алдын ала ақпарат бойынша, Kia Cerato автокөлігінің жүргізушісі Алдашев көшесімен оңтүстік бағытта жүріп келе жатып, жол жиегінде тұрған Faw автокөлігімен соқтығысқан. Одан әрі инерциямен дүкенге соғылған. Алған жарақаттары салдарынан Kia Ceratto автокөлігінің 79 жастағы жүргізушісі апат орнында қаза болды. Сондай-ақ оның үш жолаушысы түрлі жарақаттармен Қаскелең қаласының орталық аудандық ауруханасына жатқызылды», – делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, сараптама тағайындалған.