Кәмиланың кәсібі
Кәмиланың кәсібі
196
оқылды

Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында тұратын тігінші Кәмилә Байматова мемлекеттік бағдар­лама бойынша ұлттық және заманауи стильде сыртқы киім мен интерьер бұйымдарын тігетін жеке тігін цехын ашты.

Кәсіпкерлікті үш жыл бұрын бастаған оның негізгі мамандығы – байланысшы. Тігін ісінде 11 жылдық тәжірибесі бар. Сән үйінде тігінші болып қызмет атқара жүріп, ұлттық нақышта киім мен үй бұйымдарын тігетін жеке ісін ашуды мақсат етеді. Ақыры табандылығының және мемлекеттің қолдауы арқасында арманына қол жеткізді. «Мен тігін цехында 10 жылға жуық жұмыс істедім. Тәжірибе мен білім жинадым. Тұрақты тұтынушыларым болды. Сатып алушылар менің жасаған дүниелерімді әрдайым жоғары баға­лайтын. Дәл осы қолдау мені бизнесті бастауға итермеледі. Барлық кемшіліктер мен артықшылықтарды ескере келе, өз ісімді ашамын деп шештім. Осылайша, мемлекеттік қолдаудың арқасында ойла­ғанымды жүзеге асырдым, қажетті жаб­дықтарды сатып алып, бірнеше адамды жұмысқа қабылдадым. Біз жеке тапсырыс бойынша ұлттық және заманауи стильде пәлте, пиджак, жилет, күртеше, көйлек, сондай-ақ көрпе, жастық, қоржын, қыз жасауы және басқа да бұйымдар тігеміз. Цех ай сайын 90 дана өнім мен жиынтық бұйым шы­ғарады»,  – дейді кәсіпкер. 2018 жылы Кәмилә «Еңбек» бағдар­ламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өтті. Кәсіпкерлер пала­тасы арқылы бір ай бойы ол бизнестің қыр-сырын біліп, қаржы есебін жүргізуді, өз ісін дамытып, ілгерілетуді үйренді. 2019 жылы сәуір айында аталмыш бағ­дар­лама бойынша 250 000 теңге сома­сында грант, ал бір жылдан кейін 3 млн теңге мөлшерінде 6% жеңілдікпен несие алды. Кәсіпкердің айтуынша, қомақты қаражатқа тігудің кіріктірілген бағдар­лама­лары бар автоматтандырылған машина сатып алған. Көпфункциялы тігін машиналары материалдарға әртүрлі бекітпелерді орындауға, тігу бағытының мәндерін, тігілетін бөліктің орналасуы мен жиектерін және басқа да жұмыстарды бағдарламалауға мүмкіндік береді. Мұнда тігілетін  күртешелер, пәлте мен көйлек­тер танымал киім брендтерінен кем түспейді, ал интерьер бұйымдары үйге сән кіргізіп, тамаша сыйлық бола алады. Сонымен бірге биыл кәсіпкер киім мен бұйымдарды тігу бойынша оқыту курсын ашуды жоспарлап отыр. Бүгінде Кәмиләдан басқа тігін цехында тағы төрт тігінші жұмыс істейді. «Тапсырыс жеткілікті, халық арасында сұраныс жоғары», – дейді тігіншілер.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы