Пандемия кәсіпкерлерге ауыр соққы болды. Бизнес субъектілеріне қатаң шектеу салынды, мүлдем жабылып қалғандары да жетерлік. Елімізде 13 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан әлі күнге дейін жұмысын қайта жандандыра алмай отыр. Енді осы шектеулерге балама ретінде, екінші жағынан эпидемиологиялық ахуалды жақсарту үшін Ashyq пилоттық жобасы іске қосылды. Ол нендей жоба, қалай жұмыс істейді, пайдасы қандай болмақ?
Нәтиже байқала бастады
Жуырда ғана Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов Ashyq жобасы туралы жаңа қаулы шығарды. Ashyq қосымшасы не дерсіз? Бір сөзбен айтқанда, адам көп жүретін аумақ, қоғамдық орын мен мейрамхана секілді нысандарға келушілерді тіркеу қосымшасы. Қоғамдық орынға кірер алдында арнайы QR-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетесіз. Ал ол код сіздің коронавирус бойынша статусыңызды шығарады. Сол арқылы адамдар қызыл, сары, көк, жасыл топтарға бөлінеді. Статусы бойынша қоғамдық орындарға кіруге мүмкіндік болады. Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы жарияланғаннан кейін-ақ алғашқы аптада әр аймақтан 60-тан астам қоғамдық тамақтану орны Ashyq бағдарламасына қосылыпты. Бұдан әрі сервиске тағы 7 қаланың барлық кәсіпкері қосылуға ниетті екен. Ал 5 мамырдан бастап Ashyq қосымшасын банкет пен караоке залдарына қосу жоспарланып отыр. Яғни, соның арқасында кәсіпкерлік нысандар жұмысы біршама үдей түсуі мүмкін. Кәсіпкерлер бұл бағдарламаға еліміздің қоғамдық тамақтану қауымдастығы арқылы қосылуы керек. Егер өңір эпидахуал бойынша «қызыл аймақта» тұрса, онда Ashyq бағдарламасына қатысатын мекеме «сары аймақтың» ережесіне сәйкес сәл жеңілдікпен жұмыс істемек. Яғни, 50 адамға дейін қонақ қабылдай береді. Қала қалыпты секторда болған кезде мейрамханалар мен кафелер үшін жасыл нормалар қолданылады. Бұл тәсіл қаншалықты тиімді дерсіз? Осыған ұқсас әдіс басқа елдерде де көп қолданылды. Нәтижелі болғанын да аңғардық. Мәселен, бүгінгі таңда QR-кодтарды қолдану тәжірибесі Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде іске асты. Гонконг, Сингапур, Малайзияда осы секілді бағдарламалар арқасында жеке кәсіпкерлік нысандары қайта ашылып, эпидемиологиялық ахуал жеңілдеген. Еуропа елдерінде де мұндай аналогтар бар. Былтыр Ресейдің Мәскеу қаласында да аталған әдіс қолданылды. Айтпақшы, Ashyq пилоттық жобасы бізде де нәтиже бере бастаған. Қызығы сол, Қазақстанның қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісованың айтуынша, Ashyq қосымшасының арқасында коронавирусқа шалдығып, бірақ өзін-өзі оқшаулау режимін бұзған 347 адам анықталыпты. Кәсіпкерлерге де өз жұмысын жалғастырудың жалғыз жолы әзірге Ashyq қосымшасы ғана. Мысалы, Рамазан айының уақытында кей өңірлерде мейрамхана мен тамақтану орындары кешкі 8-ге дейін ашық. Ал ауызашар осы уақыттан кейін басталады. Демек, кәсіпкерлер табыстан қағылып отыр. Мұның орнын толтыруға аталған қосымша септесуі мүмкін. – Қауымдастық арнайы чат құрады. «Атамекен» ҰКП өкілі, СЭС өкілі және әкімдік өкілі мен кәсіпкерлер тізімі құрылады. Кәсіпкер өзінің деректерін көрсетіп, толтырады. Бұл тізімдер толтырылған соң оларға екі-үш күннен кейін QR коды беріледі. QR-код бойынша кәсіпкерлер бір апта бойы пилоттық режимде оқып, жұмыстарын істейді. Бұл өздері үшін де тиімді, – дейді Қазақстанның қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.Иммунолог не дейді?
Жалпы, иммунолог мамандар Ashyq қосымшасына «денсаулық төлқұжаты» деген атау берген. Біз тілдескен иммунолог Нарқозы Қабдірахманұлы болса, әзірге вакцинация толық аяқталмай тұрған кезеңде осындай қосымша арқылы адам денсаулығы мен экономиканы сақтай тұруымыз қажет екенін айтады. – Мұндай қосымшалардың енгізілгеніне толық келісемін. «Денсаулық төлқұжатын» өзге елдерде пайдаланып жүргенінен хабарым бар. Бұл тұста жалпы екі жол шығады. Адамдарды оқшаулаймыз десек, экономикаға, кәсіпкерлерге зардабы тиеді. Ал барлығын еркіне жіберейін десек, адам саулығы зақым алады. Сондықтан бұл қосымша – әзірге оңтайлы амал. Қосымшада вакцина алған адамдардың да статусын көрсетіп тұрады. Дегенмен вакцина қауіпсіздігінің өзі тағы бір бөлек әңгіме. Вакцина алған адам қоғамға қауіпсіз. Алайда менің бақылауымша, вакцина коронавирустан қорғағанымен, екпе алғандардың 30 пайызында жүрек ұстамасы шығып жатыр. Яғни, кәрі кісілерге солай әсер етіп отыр. Мұның ықтималдығын ДДСҰ да растаған. Екпеден кейін қанда тромб түзілу қаупі бар. Дегенмен бұл вакцинаны жоққа шығару емес, жанама әсер бола береді. Қорыта келгенде, вакцинация толық аяқталмай тұрып, Ashyq секілді қосымшалардың көмегіне жүгінуге тура келеді, – дейді маман. Алдағы уақытта бұл жобаның ауқымы бүкіл ел аумағын қамтуы тиіс. Себебі тұралап қалған кәсіпкерлік үшін үлкен серпін әкелмек. Оның үстіне жұртшылық та көп тыйымнан шаршағаны белгілі. Пандемия кезінде бұл да бір тиімді амалдың бірі болса игі.Мадияр ТӨЛЕУ