Шұрқ тесілген жолдар
Шұрқ тесілген жолдар
147
оқылды

Қазақстанның көп өңірінде әлі күнге дейін автожол сапасы сын көтермейді. Жыл сайын жаңадан асфальт төселгенмен, көп ұзамай оның өзі ойдым-ойдым болып жатады. Өзі сапасыз салынған жұқа жолдың үстінде ауыр техникалар әрі-бері ағылып жатқан соң не оң­сын?! Демек, бұл – жол құрылы­сына мемлекет қаржысы тиімсіз жұм­салып жатыр деген сөз.

Расы сол, бізде жаңадан салынған күрежолдардың да, көше жолдарының да көпшілігінің уақыты жетпей, кетеуі кетіп, жарамсыз күйге түсіп жатады. Норма бойынша сапалы жол халыққа 17-20 жыл бойы мүлтіксіз қызмет етуі тиіс. Бірақ оған дер кезінде ағымдық жөн­деу жүргізіліп, үнемі күтім жасалып тұруы қажет. Бұл жерде «бізбен салыс­тырғанда Еуропаның жолдары неліктен сапалы, оларға қандай ерекше күтім жасалады?» деген сауал орынсыз. Бар мә­селе мемлекеттің жол саласына қа­тыс­ты көзқарасына байланысты.

Жолдар неге сапасыз?

Жол салу ісінде біз көптен бері айтып келе жатқан 4-5 мәселе бар, солар оң шешімін тапса, Қазақстанның жолдары да Еуропадағыдан еш кем болмайды. Бірінші – жолды жобалауға қатысты. Мәселен, әлдебір жоба мемлекеттік са­рап­тамаға түсті дейік, ондағылар бірінші кезекте оның құнын мейлінше азайтуға тырысады: анау да керек емес, мынау да керек емес деп көп шарттарын кеседі. Әлбетте, содан барып құрылысқа қаржы неғұрлым аз бөлінсе, оның сапасы да соғұрлым төмендей беретіні түсінікті, са­пасыз жолдардың салынуын, бірін­шіден осымен түсіндіруге болады,– деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Замир Сағынов. Оның айтуынша, жол салуға тарты­латын мердігерді таңдауда да үлкен қателіктер кетеді екен. Мемлекеттік са­тып алу заңы бойынша, жол құрылысын жүргізу құқы ең төменгі баға ұсынған ком­панияға беріледі. Ол сосын жол са­луға қаражат жеткізе алмай жүреді. Сал­дарынан мердігер тиісті материалдарды бағасы арзан, сапасы төмен басқа ма­те­риалдармен айырбастайды. Оның үстіне өздеріне де пайда табу керек дегендей... Жол салушы осындай болып жат­қанда, жол сапасын қадағалаушы қыз­меттің жағдайы одан да сорақы. Бірін­шіден, бақылаушы инженерлік ком­­пания қызметкерлерінің білікті­лігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Шын мәнінде, олар өз ісінің майталманы ма, әлде бас­қа мамандықтан ауысып келген көл­денең көк атты ма? Екіншіден, инже­нерлік компаниялар өздерінің жұмысы үшін ешкімнің алдында жауап бермейді. Олар тексеріп, пайдалануға рұқсат еткен жол бірер жылдан кейін бұзылып жатса, бұл үшін ешкім жауапқа тартылмайды. Ал инженерлік компаниялардың қыз­меті үшін жыл сайын республикалық бюджеттен 17-20 млрд теңге ақша жұм­салатынын ескерсек, мұншама қаржы­ның артында сұраушысының жоқтығына ішің ашиды.

Құрылысқа қанша қаржы қажет?

Мемлекет жол салу үшін жылына жалпы ішкі өнімнің 0,5 пайызын бөледі, ол – өте аз. Қытай жолға 12 жыл бойы ЖІӨ-нің 5 пайызын беріп келеді. Соның арқасында аталған ел қысқа уақыт ішінде инфрақұрылымы дамыған мем­лекеттің біріне айналды. Еуропа жолға ЖІӨ-нің 2-3 пайыз шамасында жұмсай­ды. Дегенмен олардың жолдары бұрын­нан бері жақсы күтімде тұрғанын баса айту керек. Қазақстанда 1 шақырым жол салуға жұмсалатын шығын Ресеймен салыстырғанда 2 есе, Қытаймен салыс­тыр­ғанда 3 есе, Еуропа мемлекеттерімен салыстырғанда 5-10 есе аз. Енді бір жайт – жол күтіміне қатыс­ты. Еуропа елдерінде пайдаланудағы жолдардың күтіміне Қазақстанмен салыстырғанда орташа есеппен 15-19 есе көп қаржы жұмсалады. ЕАЭО-ғы әріпте­сіміз Беларусьте бізден 8 есе көп қаржы бөлінеді. Ал лайықты күтіліп, тазаланбаған жол мерзімінен бұрын тозады. Замир Сағыновтың айтуынша, бізде жол күтімінің өзі дұрыс жасалмайды екен. Қыста жолдың қары резеңке қыр­ғышпен сырылуы тиіс. Қазақстанға ол технология жетпеген. Қар тазалаушылар асфальт қабатын темір қырғышпен жа­нып, ұшқын шашып келе жататынын өзіңіз де көрген шығарсыз?! Сөйтіп, қармен бірге асфальт қабаты да сырылып жатады. Сосын Еуропа елдерінде бүртабан (шипы) дөңгелектерге тыйым салынған (тек Финляндияда ғана рұқсат берілген-авт). Асфальтты осы бүртабандар ойып тастайды. Еуропаның көліктері қыста жабысқыш (липучка) дөңгелекпен жүреді. Тағы бір айтарлығы, Қазақстанда да, Еуропада да жалпы қолданыстағы жолға салмағы 10 тоннадан асатын көлік жіберілмеуі тиіс, бұл – халықаралық норма! Германияда ғана 11 тонна көлік­тердің жүруіне рұқсат етілген. (Шетел­дерде ауыр машиналар тек карьерлерде ғана жүреді). Ал бізде көшеде 14-15 тонналық ауыр машиналар кетіп бара жатады. Шамадан тыс салмақ жолды езіп жібереді. Осыны заңдық тұрғыдан реттемесе, мемлекет жол жөн­деуге қан­ша қаржы бөлсе де, жағдай еш­қашан түзелмейді. Ауыр машина­лардың сал­мағынан жолдарымыз шұрқ тесік болып жата береді. Бұл ақшаны желге шаш­қанмен бірдей. Сондай-ақ біздің жолдың ерте то­зуы­на күн райы да қатты кері әсер етеді. Қазақстанның климаты шұғыл кон­тинентті. Қыста – 40-50 С аяз, жазда – +40-50 С ыстық. Оның үстіне күндіз күн жылып тұрып, кешке аяқастынан аяз көтеріліп кетуі мүмкін. Немесе қыс ортасында жаңбыр жаууы таңғаларлық құбылыс емес. Мұндай құбылмалы ауа райы жолды тез тоздырады. Ал жол салуға қажетті материал тұр­ғысынан алғанда, ол елімізде жеткілікті. Сапасы да жоғары. Тек Батыс Қазақстан және, Атырау облысында мате­риал жетіспеушілігі білінеді. Бұл өңір­лерде қиыршықтас мүлдем жоқ, ол Ақтөбеден тасылады. Батыс Қазақстан облысында құмның құрамына галька араласқан, бұл жол құрылысына онша жарамайды. Сонымен бірге Солтүстік Қазақстан облысында қиыршықтас тапшы. Басқа өңірлердің бәрінде жол салуға қажетті материалдардың барлығы бар. Бұрын жолға пайдаланылатын құ­ры­лыс материалдарының 80-85%-ы отан­дық болатын, қазір 96%-ға жетті. Қа­зақстанда қазір битум шығаратын 3 зауыт жұмыс істеп тұр. Павлодардың зауы­ты күшейтілді, Ақтау қаласында жаңа зауыт ашылды және Шымкентте Ресейдің «Газпромнефть» АҚ зауыты ашылды. Жол құрылысында жаңа технология бойынша асфальттан бөлек, кейінгі жылдары бетон жолдар салына бастады. Олардың қызмет көрсету мерзімі – 25 жылға дейін, бірақ асфальтқа қарағанда қымбат. Сондай-ақ қиыршықтасты асфальт-бетон қолданылатын болды, оның құрылысы қолға алынғалы да 5-6 жыл болып қалды.

Қай өңірдің жолдары нашар?

 2020-2025 жылдар аралығында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарла­масын жүзеге асыру аясында елімізде жаңадан 11 мың шақырым жол салу және қолданыстағы жолдардың 27 мың шақырымына түрлі деңгейлі жөндеу жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар республикалық маңыздағы жолдардың бойында сервистік қызмет көрсету нысандарын орналастыруға баса назар аударылатын болды. 2021 жылдың соңына дейін жол бойындағы қызмет көрсету нысан­дарының 66 пайызын Ұлттық стандарт талабына сәйкестендіру көзделген. Оған қоса реконструкция аясында 40 сани­тарлық-гигиеналық торап орнату және оларды күтіп ұстау қарастырылған. Сондай-ақ жеке инвестиция есебінен 33 жанармай бекеті мен 15 санитарлық-гигиеналық торап тұрғызылмақ. 2020 жылы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК жол сапасын анықтау үшін 12 мыңға жуық нысанды тексеріп, 26 мыңға жуық сынама үлгі­лерін алған. Оның 9 800-ге жуығы стан­дартқа сай келмей шыққан. Сапасыз жолдардың көпшілігі жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға салынған. Себебі жергілікті жолдар дұрыс тексерілмейді. – Кемшіліктің бірі – құжаттау ісіне қатысты. Мәселен, жолдың әр қабаты салынғаннан кейін хаттамаға түсірілуі керек. Әр қабат инженерлік стандартқа сай екені анықталған соң, екінші қа­батты төсеуге рұқсат беріледі. Ал өңірлік жерлерде бұл талап сақталмаған,– деді кәсіпорын басшысы Замир Сағынов. Облыстық және жергілікті маңыз­дағы жолдардың сапасы бойынша ең нашары Батыс Қазақстан облысы – 28% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, одан кейін Ақтөбеде – 53%, Атырауда – 54%. Ал қала көшелерінің жол сапасы туралы мұндай тиянақты зерттеу жүр­гізілген жоқ. Дегенмен астана көшелерінің жол сапасы жақсы деп айтуға келеді.

Дәулет АСАУ