Кубада Кастро дәуірі аяқталды
Кубада Кастро дәуірі аяқталды
378
оқылды

50 жылға жуық Кубаның Қарулы күштер министрі Фидель Кастроның орынбасары болған 2008-2018 жылдары ел билеген Рауль Кастро да соңғы қызметінен кетті. Бостан­дық аралындағы революцияға белсене араласқан көнекөз коммунистің саяси аренаны тастап шығуының се­бе­бі не? Аралда жаңа өзгерістер басталуы мүмкін бе?

Кубада Кастро дәуірі аяқталған сыңай­лы. 1959 жылдан бері жалғасқан ағайынды Кастролардың билігі өзінің логикалық соңына таяды. Революциямен билікті басып алған Кастролар сол билікті өзінің ізбасарларына кезең-кезеңімен беріп жатыр. Бүгінге дейін Кубаның Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болған Рауль Кастро қызметін доғарып, партия тізгінін Мигель Диас-Канельге тапсырды. Кастро бұл қадамға неге барды дерсіз. Бәлкім, кәрілік дегенін істетіп, денсаулығы сыр берген шығар. Себебі Рауль Кастро 2 айдан соң 90 жасқа толады. Тоқсанға жетсе де, төрді бермеді деген сөзге қалғысы келмеді ме, мерейтойына 2 ай қалғанда орнын босатыпты. Жалпы, биліктегі ағайынды Кастролар Кубадағы бар билікті 1959-2018 жылдар аралығында қолында берік ұстады. Алайда алғашқы өзгерістер 2008 жылы басталды. Өйткені атақты комендантенің денсаулығы 2006 жылдан бастап нашарлап кетті. Сондықтан 2008 жылы ол Кубаның министрлер кабинетінің төрағасы, Кубаның мемлекеттік кеңесінің төрағасы қызметтерін інісі Рауль Кастроға тапсырды. Ал 2011 жылы Куба Коммунистік партиясының бірінші хатшылығынан да бас тартты. Осылайша, 2008 жылдан бері Рауль Кастро аралдағы шынайы билік иесіне айналды. Алайда үнемі ағасының орынбасары әрі екінші рөлдегі тұлға болып келген Рауль Кастро алғаш рет «төраға» деген қызметтерді атқара бастағанда оның жасы 77-де еді. Яғни, сол 2008 жылы-ақ оның да саяси карьерасы «ұзаққа» бармайтыны белгілі болды. Ұзаққа бармайды дегеніміз Кубаның саяси мерзімдік өлшемімен айтылып отыр. Өйткені Фидель Кастро билік басында 50 жылға жуық отырды. Ал өз кезегінде Рауль Кастро билік тұтқасын тура 10 жыл ұстады және 2018 жылы Мигель Диас-Канельге Кубаның ми­нистрлер кабинетінің төрағасы, Кубаның мемлекеттік кеңесінің төрағасы қызмет­терін тапсырды. Оған қоса, елдің жаңа Конституциясы бойынша 2019 жылдан бастап Диас-Канель Кубаның президенті қызметіне сайланды. Міне, енді ол биылғы 16 сәуірден бастап Куба Коммунистік партиясының бірінші хатшысы атанды. Осылайша, Бостандық аралының саяси, идеологиялық билік ресурстары «жас саясаткер» Диас-Канельдің қолына тиді. Жас дейтініміз, ол 1959 жылғы рево­люцияны көрмеген. Нақтырақ айтсақ, ол кезде әлі дүние есігін ашпаған. Биыл 20 сәуір күні жасы 61-ге толды. Жалпы, Рауль Кастро – Кубадағы шағын да болса өзгерістерге бастамашы болған саясаткер. Кеңес Одағы ыдыраған соң Бостандық аралы 1990 жылдары күрделі экономикалық дағдарысқа душар болды. Сол кезде Рауль Кастроның ұсы­нысымен біршама капиталистік элемент­тері бар экономикалық пакеттер қабыл­данған. Мәселен, жеке және мемлекеттік базарлар, еркін сауда аймағы, ауылшаруа­шылық және өнеркәсіптік парктер ашыл­ған. Бұл қадамдар дағдарыстан шығуға кө­мегін тигізді. Ал 2008 жылы билік тұтқа­ларын ұстаған Р.Кастро бірнеше реформа жүргізді. Алдымен ел азаматтарына ұялы телефон және интернетті қолдануға рұқсат берді. Кейін кубалықтар шетелдіктер тоқтайтын қонақүйлерде демалуға мүмкіндік алды. Алайда ондағы баға әлі де жергілікті тұрғындар үшін қымбат. 2010 жылы социализмге бет алған елде алғаш рет жекеменшікке рұқсат берді. Бұл Кубада жарты миллион адамның өзін-өзі жұмыс­пен қамтуына түрткі болды. Яғни, азамат­тар жеке кәсіппен айналыса бастады. Соң­ғы уақытта ағылшын тілін үйретуші­лердің қызметіне сұраныс жоғары екен. Рауль Кастро әкімшілік те реформа жүр­гізді. Ағасы Фидель Кастро елді 50 жылға жуық басқарса, енді жаңа заң бойынша 10 жылдан артық басқару мүмкін емес. Мем­лекет басшысының жасы 60-тан, партия басшысы 70-тен аспауы керек. Аталған заңдарды қабылдағанда өзінің жасы 86-да еді. Сондай-ақ 2011 жылы үй мен көлікті сатуға, сатып алуға рұқсат берді. Өйткені 1959 жылы бұл елде жеке  меншікке тыйым салынған еді. Жаңа өзгерісті кубалықтар жылдам пайдаланған, сол жылы-ақ 80 мың көлік, 40 мың үй сатылған. Ал 2013 жылы шетелге шығу үшін берілетін виза алынып тасталды. Бірақ үкімет инженер, дәрігер, спортшы, әскери адамдардың шетелге саяхаттауын шектеп келеді. 2013 жылы 800 мың Куба азаматы аталған құқықты пай­даланып, шетелге аттанған. Дегенмен олардың 11 пайызы Отанына оралмапты. Сырттай қарағанда бұларды реформа деуге де келмес. Аталған өзгерістер - XXI ғасыр азаматы еркін пайдалануға құқығы бар мүмкіндіктер. Тек олар Кубада шектеліп келді. Сондықтан Рауль Кастро өз халқын одан әрі тұсаулай алмайтынын білді ме, әсте-әсте рұқсат бере бастады. «Қайта құру» кезеңіндегі кеңес үкіметінің әрекетін қайталағандай болды. Жалпы, жасы тоқсанға таяған Рауль Кастроның барлық билік тетіктерін тапсырып, компартиядан кешегі күнге дейін кетпей қойғаны түсінікті-ақ. Өйткені бұл елде коммунистік партияның ықпалы зор. Мигель Диас-Канель ел президенті болып сайланса да, басты шешімдерді бәрібір партия қабылдайды. Алайда қызмет атаулының барлығынан кеткен Рауль Кастро әлі де елдегі жағдайға ықпалын тигізері хақ. Өйткені ол – Кастро. Революцияны жасаған көнекөздің бірі. Ал билік олимпіне шыққан Мигель Диас-Канель деген кім? Ол ағайынды Кастролар сынды әскери карьера жасаған адам емес. Мамандығы инженер, 2009-2012 жылдары Кубаның Білім министрі болған. Кейін түрлі қызметтерде Раул Кастроның орынбасары міндетін атқарды. Ол 2018 жылы билік тұтқаларын ұстаған соң Кубада жаңа Конституция қабылданды және онда жекеменшік, еркін нарық, кінәсіздік презумпциясы мойындалады, жыныстық, этникалық дискриминацияға тыйым салынады. Шетелдік инвестиция экономикалық өсім үшін маңызды фактор ретінде қарастырылады. Президент және премьер-министр қызметтері қалпына келеді. Дегенмен әлі де Кубада коммунистік партия жалғыз заңды саяси күш ретінде танылып отыр. Куба экономикалық өсімге қол жеткізу үшін капиталистік элементтерді қолдан­баса, жоспарлы, социалистік экономика­лық модель өз нәтижесін бермейтінін түсініп отыр. Сондықтан өздерінің саяси-идеологиялық бағдарына қарсы шешімдер қабылдауға мәжбүр. Енді Кубаның жаңа елбасшысы Мигель Диас-Канель қандай бағыт-бағдар ұстанатынын уақыт көр­сетеді.

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА