Түркінің төрі – Түркістан
Түркінің төрі – Түркістан
483
оқылды

Мағжан ақын: – Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түрігім туып-өскен, – деп текке жырламаған болар. Ақын жырға қосқан Түркістанның да облыс орталығы болғанына үш жылға жуықтады. 2018 жылдың 19 мау­сы­мында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл оқиға Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы ең маңызды, тарихи-рухани мәні зор оқи­ғалардың бірі еді.

Елбасының: «Екі-үш жыл ішінде Түркістан жайнап, басқа қала болып, еңсесі көтеріліп, бәріміздің қуанышымызға өсіп-өркендейтін болады» деген сөзі шындыққа айналғандай. Бүгінде бұл өңір қарқынды дамудың жолына түскендей. Түркістан күн сайын түлеп, түрленіп келеді. Түркі төріне алғаш келген адам қаланың өзіне тән ерекше аурасын сезінеді. Қалада құрылыс қарқын алып, ерекше нысандар бой көтеріп жа­тыр. Аз уақыт ішінде жаңа ша­ғынаудан салынып, көне шаһар көр­­­­­­кейіп, абаттандырылған. Об­­­­­лыс орталығының дамуы аудан­­­дарға оң ықпалын тигізді. Түр­­кіс­тан руха­ниятқа оң ықпал етіп, кә­­­­­­сіпкер­ліктің дамуына жол ашты. Елбасы Жарлығы екі бірдей қала­­ның қайта түлеуіне мүмкіндік берді. Жалпы, түркістандықтар Ел­­­­басы тарихи шешімді дер кезінде қабылдағанын айтып, мұсылман әлемі қадір тұ­татын Түркістанның екінші ты­нысының ашылуын ғасырдың жағымды жаңалығына балап жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға сапарында тұр­ғын­дармен кездесіп: «Тәуелсіздік ал­ғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ өз­деріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүр­гізілуде. Барлық жоспарланған нысандардың құрылысы аяқтал­ғаннан кейін біз туристердің көбеюін күтеміз. Сонымен қатар қосымша жұмыс орындары ашы­лады. Мұның бәрі біздің хал­қымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді» деген болатын. Елбасы Түркістан қаласында әкімшілік-іскерлік орталықтың капсуласын салған тарихи сәтке арнап орна­тылған ескерткіш белгіге «Көне Түркістан жаңа Қазақстанның шы­­­райлы шаһарына айналады» деп жазды. Елбасы айтқандай, бүгінде Түркістан шырайлы шаһарға ай­нала бастады.

Түркістан – еліміздің алтын бесігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең алғашқы сапарын Түркістаннан бастағаны ел есінде. «Бүгін мен түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістанға тағзым ету үшін арнайы келдім. Түркістан – еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың символы және бүкіл халқымыздың бой­­тұмары. Бұл қасиетті жерді кө­зіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Түркістанды түлетіп, өркендету мәселесі әрдайым Тұңғыш Пре­­­­зидентіміздің назарында болады. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы және жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Президент ретіндегі алғашқы сапарымның Түр­кіс­таннан басталғаны мен үшін аса маңызды», – деген еді Пре­зидент. Түркістан облысы Қазақ­станның оңтүстігінде орналасқан. Өңір аумағы – 116,1 мың км2. Облыста облыстық маңызы бар 3 қала, 13 аудан, 836 елді мекен, 117 кент және ауылдық округтер бар. 2019 жылғы 1 желтоқсандағы мә­ліметтер бойынша облыста 2 мил­лионнан астам халық тұрады. Президент Жібек жолы бойын­да жатқан Түркістан қаласын, өңі­рін жаңартып-жаңғыртуды уақыт оздырмай қолға алуымыз керек деген еді. «Оның үстіне, оңтүстік өңір – еліміздегі тұрғындар саны ең көп аймақ. Осы өңірді ұл­­ты­мыздың «демографиялық ал­тын діңгегі» десек те жарасады. Ал адам капиталы біз сияқты жері кең, елі шағын мемлекет үшін аса өзекті фактор екені айтпаса да түсінікті. Сапар барысында мен облыстың даму жоспарымен, жалпы жағ­дайы­мен мұқият таныстым. Алда атқарылатын шаруалар бастан асады. Ол шаруалардың барлығын асықпай-аптықпай, жүйелі, кешенді түрде атқаруымыз өте маңызды», – деген еді Президент. Түркістан облысы көптеген шетелдік инвесторлар үшін де тар­тымды аймақ. Оның басты ар­тықшылығы – адам капиталы және еңбекақы төлеуде шығын­дардың төмен болуы, АӨК және туризмнің дамуының жоғары әлеуеті. Түр­кістан облысының аумағында дайын инфрақұрылымы мен ин­вестициялық артықшылықтар беру мүмкіндігі зор алаңдар бар. Олар – «Түркістан» арнайы эконо­микалық аймағы және аудан­дардағы ин­дустриялық аймақтар. Әлеуметтік-эко­номикалық да­муымен қатар, Түр­кістан қала­сының идеоло­гия­лық негізде­месін қалыптастыру бойын­ша 4 бағыт айқындалған болатын. Олар: бі­ріншіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес ел­дер­дің ең ірі зия­рат және ту­ризм ор­талығы. Екін­­­шіден, Түр­кістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшіншіден, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда ор­талығы. Төртіншіден, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Міне, осы төрт бағыт бойынша идеологиялық жұмыстар қолға алынады. Оның бірқатары кейінгі екі жыл ішінде атқарылды десек те болады.

Түркістандағы жаңа аудан

Өткен жылы Түркістанда жаңа халықаралық әуежай ашылған. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ха­лықаралық әуежайдың және өзге де ғимараттардың ашылу сал­танатына қатысты. Халықаралық әуежайдың құ­рылысы мемлекеттік-жеке­меншік серіктестік аясында жүзеге асы­рылды. Қаладан 20 шақырым жерде орналасқан әуежай ха­лық­аралық стандарттарға сай за­ма­науи технологияларды қолдана отырып салынған. Оның құры­лысына 102 бірлік арнайы техника мен 300-ден астам құрылысшы жұ­мылдырылды. Жалпы ауданы 905 гектар болатын халықаралық әуе­жай жылына шамамен 3 мил­лион жолаушыға қызмет кө­рсетеді. Сон­дай-ақ Елбасы сол жолы жаңа «Түркістан-Арена» стадионына ат басын бұрып, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауы­мен салынған жаңа спорт нысанын аралап көрген еді. Тұңғыш Прези­­­дент аралаған тағы бір нысан – «Конгресс Холл» көпфункцио­налды концерт залы. Жаңа ғима­ратта мың орындық көрермен залы, төрт дайындық бөлмесі, әкім­шілік кеңселер және бала­­­­­­лар­­ға арналған ойын бөлмесі ор­наласқан. Көпшілік жаңа ны­сандардың ерекше сипатына мән беріп, ри­зашылық сезімін біл­дірген. Осы жылдың ерекше жаңа­лығы – Сауран ауданының құ­рылуы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысын өзгерту туралы тиісті Жарлыққа қол қойған. Сауранның әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы. Жаңа ауданға Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүй­нек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық ок­ругтері кіреді. Шорнақ ауылы Түркістан қа­ласынан солтүстік-батысқа қа­рай 20 шақырым жерде орналасқан. Қазір бұл елді мекенде 12 мың адам тұрады. Ал бүкіл халық саны 100 мың адамнан асады. 12 ауылдық округтен тұратын Сауран ауда­нының жалпы ауданы – шамамен 650 мың гектар. Жаңа ауданды құруға байланысты бар­лық іс-шараларды жүзеге асыру үшін арнайы комиссия құрылды. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт: «Түркілер төрі Түркістан күйінде терең түсінбекке тағы­лым­дайтын, ұлылығын ұждан ұна­сымдарымен ұғындыратын әле­міңіз – Әзірет Сұлтан, яки Ясауи кесенесі. Аруағынан айна­лайын Ахмет бабамыз тұтас туын­дыларын түркі тілінде жазған. Ізгілік ілім­дерін, адамдық қадір-қасиет ха­қындағы хикметтерін хұсни хат­тардайын құнар­лан­дырып, қайт­кенде түркі жұр­тының көзін аша­мын, көкірегін оятамын деп, ұйқы көрмеген көрегеніміз. Түр­кістанды түбе­гейлі түрде түлету тірлігіндегі тұл­­ғаларымыз тұжы­рымды түрін түйген. Әуелден-ақ Әзірет Сұлтан мавзолейі маңайындағы құры­лыстар одан биік болмауы қажет екені қағидаланған. Киелі кесе­неден күншығысқа қараңызшы. Ара­ласаңыз, абат ажарға абзал­данасыз. Қанатты қағидалар текті түрде сақталған», – деп сүйсінеді. Түркістанда көз тартатын ғи­мараттар көп-ақ. Облыс әкімдігі мен қос қапталындағы басқармалар мен департаменттер ғимараттары да өзгеше күйде. Ұлттық ұлағаттағы ою-өрнектермен, ақбоз түсті ай­шықтармен ажарланған. Бұл –  үш жылдың бедерінде жасалған дүниелер. Әлі де талай-талай озық дүниелердің куәсі бо­латынымыз айқын. Бүгінде түрленген Түркістанға күллі түркі жұрты қызыға көз тігеді. Түркі дүниесінің төріне айналған Түркістанның тыныш-тіршілігі әрдайым Елбасының, Прези­дент­тің назарында. Ендеше, түлей бер, түрлене бер, Түркістан!

Айым БЕКТҰР