Әскери ұшақ апаттары: себептері сан түрлі
Әскери ұшақ апаттары: себептері сан түрлі
242
оқылды

16 сәуір күні Қорғаныс ми­нистр­лігіне қарасты Су-30 СМ ұшағы Қара­­ғанды облысының аумағында апатқа ұшырады. Құны шамамен 30 млн дол­лардан асатын ұшақ авиациялық оқу орталығында өтіп жатқан оқу-жаттығу кезінде қону алаңына жа­қын­дай бере құлаған еді. Абырой бол­ғанда, экипаж мүшелері аман. Бір айдан астам уақыт бұрын Алматы әуе­­жайының маңында Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің авиациялық қыз­метіне тиесілі ұшақ апатты жағ­дайда қонуға мәжбүр болған. Ол кезде төрт адам қаза тапқан. Әскери ұшақ­тар­­­дың ел тарихындағы апат­тарының хро­нологиясын жасап, се­бептеріне тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

1996 жылы 14 қазанда Қорға­ныс ми­нистрлігінің Миг-23 ұшағы Талдықорған қа­ласында құлаған. Оқиғаға қатысты аса ақпарат жоқ. Нақты себебі ай­тылмаса да, бір себебі ретінде қону­ға беттеген кезде құс­пен түйі­сіп қалған деген нұсқа айты­лады. Араға екі жыл салып, Әскери-әуе күш­терінің Миг-29 УБ ұшағы апат­қа ұшы­рады. Жамбыл облы­сын­дағы Құлан ауы­лына құлаған жой­ғыш ұшақ Луговой әуеба­за­сын­да тіркелген. Ұшқыштар ка­тапульта жасап, аздаған жарақат ал­ған. Себебі ретінде адами фак­тор деп көр­се­тілген. Жаңа ғасыр басталған тұста, 2000 жылы Балқаш аэродромында апат бол­ды. МиГ-21 УБ жойғыш ұша­ғы ұшып-қону жолағында ек­пін ала бергенде форсаж режимі қо­сылмай қалады. Отын жүйесі шіріген ре­зеңке бұйым­дарына толып қал­ған. Осылайша, ұшақ тиісті биік­тік­ке көтеріле алмай, аңғарға құ­ла­ған. Ұшқыш­тар ка­та­пульта жа­сап үлгерген. Ұшақ тіз­гінінде пол­ковник Ж.Сандыбаев болса, авиация генерал-майоры А.Ста­рыш инструктор болған. Кейіннен МиГ-21 ұшақтары пайда­лану­дан алып тасталды. 2001 жылы 19 қаңтарда Қор­ғаныс ми­нистрлігінің Ми-8 тікұ­ша­ғы апатқа ұшырады. Ми-8 ішінде сол кез­дегі Қор­ғаныс министрі, ге­нерал-полковник Сәт Тоқпақбаев болған еді. Леңгір маңында бол­ған әуе апатынан бас штаб офицер­лерінің бірі қаза тауып, он жолаушы түрлі жа­рақат алған. Апат­тың себебі ретінде техниканың іс­тен шығуы аталады. Со­ның сал­дарынан экипаж басқара ал­май, Ми-8 12 метр биіктен құлаған. 17 жыл бұрын, 2004 жылы оқу-жат­тығу полигоны кезінде екі кі­сілік ЯК-18 ұшағы Ақтөбе об­лы­сын­дағы Хле­бо­даров­ка ауылында апатқа ұшыраған. Сал­дары­нан нұсқаушы мен Ақтөбе жоғары әс­кери авиациялық училищесінің кур­санты қаза тапты. 2007 жылы Қа­рағандыдағы Са­рыарқа әуе­жайынан 5 шақырым жерде Әуе қорғаныс күштерінің МиГ-31 жой­ғыш ұшағы құлады. Оқу-жат­тығу кезінде бол­ған қайғылы жағ­дайдан экипаж қаза тапты. 2008 жылы МиГ-29УБ жойғыш ұшағы Алматы маңында құлаған. Екі қозғалтқышы істен шыққан. Ұшқыштың бірі сол жерде көз жұмған. Сарапшылар бұл әуе апатына қатысты түрлі нұсқа айтады. Кейбірі қоз­ғалқыштар ескірген десе, енді бірі жөндеу жұмыстарының салғырт жасалғанын себеп ретінде атаған. 2009 жылы екі бірдей апат тіркелген. Біреуі Алматы облысында 17 маусымда болса, екіншісі сол кездегі Оңтүстік Қа­зақстан облысында 8 қыркүйекте болған. Алғашқысы – Қорғаныс ми­нистрлігінің ие­легіндегі Ми-24 тікұшағы. Апаттың се­бебі – тікұшақ өздігінен сол жаққа, төменге қарай тартып кеткен. Экипаждың үш мүшесі де аман қалды. Ал екінші апат Ми-8 тікұшағында болды. Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің шекара қызметіне тие­сілі техника шекара бұзған адамдарды ұстауға шыққан. Аталған апаттан 10 адам қаза тауып, үш адам жараланған. Апат себебі кейін белгілі болды. Тікұшақтың артқы бөлігі тау тасын байқамай іліп кеткен екен. Әуе апаты көп болған жылдардың бірі – 2012 жыл. 22 тамызда елорда әуе­жайы­­ның маңында әскери жаттығу мақ­сатында көкке көтерілген Ми-19 тік­ұшағы құлады. Тікұшақ екіге бөлініп, өртеніп кеткен. Төрт әскериден тұратын экипаж түгел қаза тапты. Апаттың бірнеше себебі атал­ған. Соның бірі – тікұшақтың басқару жүйесі өздігінен істен шыққан. Желтоқ­санда ел тарихындағы ең үлкен апаттың бірі болды. Ан-72 ұшағы 27 адамның өмірін жалмаған. Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің шекара қызметіне тиесілі ұшақ бас қаладан Шымкентке бет алған. Әуе кемесі Шым­кент әуежайынан 20 шақырым жерде Тас­сай ауылының маңындағы карьерге құла­ған. 2013 жылы сәуірде Қарағанды об­лы­сының Просторное ауылы маңында оқу-жаттығу кезінде Миг-31 құлаған. Эки­паж катапульта жасады, штурман жарақат алған, бірақ ұшқыш қаза тапты. Себебі – қоз­ғалтқыштың істен шығуы. 2014 жылы қыр­күйекте Талдықорған базасына қа­райтын Су-27 құлаған. Себебі ретінде техниканың істен шыққаны айтылған. 2016 жылы екі бірдей Су-27 құлаған. Қазандағы әуе апатының себебі — ұш­қыштың ұшақты қондырар кезде шассиді шығармауы. Салдарынан әуе кемесі ұшуға мүлдем жарамсыз болып қалған. Осыған ұқсас оқиға араға аз уақыт салып болды. Қара­ша­да Талдықорғаннан 20 шақырым жерде Су-27 ұшағын апатқа ұшырады. Оған ұшқыш Әділбек Ысқақов себепші болды делінеді. 2019 жылы наурызда Қорғаныс ми­нистрлігінің Ми-8 тікұшағы құлады. Аталған тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бө­ліммен бірге Ақтау қаласынан Шым­кентке ұшып бара жатқан. Бортта болған 13 әскери қызметкер қаза тапты. Сарапшы Стальбек Әлімқұлов бұл оқиғаға қатысты пікір бергенде мы­надай нұсқа айтқан: «Мұндай типті тік­ұшақтар бес минутта өртеніп кетеді. Аза­маттық ұшқыштар 2 100-2 400 метр биіктікте ұшса, әскерилер ондай биікте ұша бермейді. Шамамен 300-400 метрде ұшады. Таулы жер емес, демек ауа райы кедергі болмайды. Жол жиегінде ұшқан болса керек. Қозғалтқыш істен шықса, қонуға болар еді. Біреуі болмаса, екіншісі бар. Екеуі де істемей қалса да, авторо­тациямен қонуға мүмкіндік бар. Меніңше, ұшқыш басқара алмай, аударып алған сияқты» деген еді. 2020 жылы сәуірде жоспарлы дайындық жасап жатқанда Қарағанды маңында МиГ-31 құлады. Ол Қазақстанның Әскери-әуе күштеріне тиесілі болған. Әрі құны да арзан емес. Шамамен 35 млн доллар. Ұшқан соң қоз­ғалтқыштардың бірі отқа оранған. Биыл болған екі апаттан көпшілік хабардар. Міне, байқасақ, тәуелсіз Қазақстан авиациясында апат аз болған жоқ. Біздің тізіп шыққанымыз әскери ұшақтар мен тікұшақтар ғана. Одан бөлек, азаматтық авиацияда да апатты жағдай көп тіркелді. Көбіне әскери ұшақ апаттарының себеп­тері жіліктеп айтылмайды. Бар болғаны техника істен шыққан, болмаса адами фактордың кесірінен деумен шектеледі. Әлбетте, отандық әуе паркіне жаңа техни­ка керегі жасырын емес. Дегенмен ұш­қыш­­­тардың кәсібилігі, форс-мажорға дайын болуы да маңызды. Мәселен, күні кеше апатқа ұшыраған Су-30СМ ұшағы Иркутск зауытынан 2015 жылдан бері алына бас­таған. Су жаңа ұшақтардың Қарағанды авиациялық базасына келіп жеткені тура­лы жаңалық та былтыр шық­қан. Соған қа­ра­мастан апат саны азаяр емес.

Жадыра АҚҚАЙЫР