Жамбылда мүгедектен пара алған департамент басшысы мен бас дәрігердің орынбасары жазаланды
Жамбылда мүгедектен пара алған департамент басшысы мен бас дәрігердің орынбасары жазаланды
237
оқылды

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы З.М-ге қатысты тергеу амалдары аяқталды. Аты шулы оқиға бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы, делдал болған Тараз қалалық №5 емхананың дәрігері және пара берген мүгедек азамат сыбайлас жемқорлық бабы бойынша айыппұл арқалап отыр.

Оқиғаны тарқатып айтсақ, облыс тұрғыны мүгедектік мерзімін ұзарту үшін департамент басшысының міндетін атқарушы З.М-ге 100 000 теңге көлемінде пара берген. Ал ауызбастырықты №5 қалалық емхананың дәрігері А.Р апарып берген. Тергеу амалдарынан кейін департамент басшысының міндетін атқарушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 366-бабының 1-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте лауазымды жұмыс атқару құқығынан өмір бойына айырылып, оған параның жиырма бес еселенген мөлшерінде 2 500 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. пара Ал пара беруде делдал болған №5 Тараз қалалық емханасының бас дәрігерінің емханалық бөлім жұмысы жөніндегі орынбасары болса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 368-бабының 1-бөлігімен белгіленген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте лауазымды жұмыс атқару құқығынан өмір бойына айырылып, 1 000 000 теңге көлемінде айыппұл арқалады. Жазадан пара берген мүмкіндігі шектеулі жан да құтылған жоқ. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 1-бөлігі бойынша ол да мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан біржолата айырылып, 1 000 000 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы