Елорданың 38 жастағы тұрғыны көпірден өзенге секірген қызды құтқарып қалды деп хабарлайды қалалық Полиция департаменті.
Ведомствоның хабарлауынша, бүгін сағат 11.16-да «102» пультіне «Қазақстан» СК маңындағы көпірден бір қыздың өзенге секіріп кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға кезінде жақын маңда болған 38 жастағы Денис Синдеев суға секірген қызды құтқару үшін өзенге қойып кеткен.
«Мен сол маңда тұрғанмын. Бір кезде адамдар қыздың суға секіргенін айтып шулап кетті. Жақындағанда су бетінде жанталасып жатқан қызды көрдім. Ойланбастан сырт киімімді шешіп, өзенге қойып кеттім», – дейді астаналық тұрғын.
Құтқарушы 16 жастағы қызды жағаға шығарып, оны дәрігерлерге тапсырды.
«Қазір оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Оқиғаның мән-жайын полицейлер анықтап жатыр. Елордалық Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов Денис Синдеевке ерен еңбегі үшін алғыс айтып, Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.