QR-кодпен төлеу дәуірі...

QR-кодпен төлеу дәуірі...

Қалтадан смартфонды суыра салып, тауар ақысын QR-кодпен тө­леп кете беру тұтынушыға өте қолай­лы. Төлемнің бұл түрі экологиялық әрі қауіп­сіз саналатыны тағы бар. Өйткені сатып алған зат­тың ақысын беру үшін сату­шы­ға да, тер­миналға да аса жа­қын­даудың қажеті жоқ.

Тұтынушыға ыңғайлы деген сөзіміздің дәлелі ретінде статисти­ка келтірейік. 2020 жылдың қоры­тындысы бойынша еліміздегі POS-терминал саны 25,5 пайызға көбейіп, оның ішінде 86 пайы­зында жанаспай-ақ төлем жасауға мүмкіндік беретін технология енгізілген. Әрі төлем картасы нары­ғында да дүмпу болды. Қазақстанда 40,2 млн адамда карта болса, көктемдегі статистика бойынша, 50 миллионнан астам карта шығарылған. Бұл – рекорд. Десек те, кей жеке кәсіпкерлер әлі күнге дейін карта қабылдау, QR-код арқылы төлеу жүйесін енгізуге асықпай келеді. Бұл тұтынушы құқығын шектеу ме? Мұндай қа­дамға бару салықтан жалтаруды көздейтіндердің ісі ме? Әлде өзге де қиындық бар ма?

Contactless payment технологиясы неге ел сүйіктісіне айналды?

Әлбетте, төлем карталары на­ры­ғының 2019 жылмен салыстыр­ғанда гүлденуіне бірден-бір әсер еткен фактор – пандемия. Өйткені халықта онлайн және қолма-қол­сыз төлемді артық көретін тенден­ция пайда болды. Бұлай болғаны қуантады да. Күллі әлемнің алған бағыты сондай. Біздің де көштен қалмай, ілескеніміз жөн-ақ. 2020 жылдың қорытындысына көз салсақ, «вирус» жылында қолма-қол ақша шығару операциялары да 21 пайызға азайған. Бұрын белгілі бір сомадан асса, PIN-код теруді сұрайтын шектеу де біршама ұзартылды. Соның арқасында жа­нас­пай төлем жасауға мүмкіндік беретін технология қарқынды да­ми түсті. Жоғарыда атап өткені­міздей, әрі экологиялық, әрі қауіп­сіз төлем түрінің ыңғайлы тұ­сы сол – терминалдан 4 см қа­шық­тықта тигізіп-ақ төлей бересіз. Contactless payment технологиясы был­тыр Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде кең етек жайды. Олай дейтініміз, 2020 жылдың үшінші тоқсанының қорытын­дысы бойынша барлық транзакцияның 41 пайызына тең болған. Ал дамыған елдерде үлесі тіптен жоғары. Еуропаның мысалына қарастырсақ, ол жақта аталған әдіспен транзакциялардың 78 пайызы өтеді екен. Жаһандық трендке айналған төлемнің жыл өткен сайын жұрт жүрегін «жаулай» беретіні жайлы болжамдар бар. Мысалы, Juniper Research зерттеу компаниясының сарапшылары 2024 жылға қарай әлемдегі жанаспай төлем жасау транзакцияларының көлемі 6 трлн долларға жетуі мүмкін деп отыр. Салыстыру үшін айтар болсақ, қазіргі көлемі – 2 трлн доллар. Елдегі ахуалға келсек, қолма-қолсыз жасалған төлемнің басым үлесі немесе 81,4 пайызы онлайн әдістің еншісінде. Қазір Қазақстанда 20 банк мобайл банкинг қызметін ұсынады. Бір жыл ішінде банктердің онлайн сервисін пайдаланушы­лар саны 45,8 пайызға көбейіп, 28,7 миллионға жеткен. 2019 жылғы көрсеткіш 19,7 млн болған еді. Соңғы жылдары қолма-қолсыз төлем­нің үлесі артуына сауда POS-терминалдары инфрақұрылымының жақсарып, Қазақ­стан нарығына Apple Pay және Samsung Pay сынды әлемдік жүйелердің келуі, банктер мен төлем жүйелерінің клиенттерді тарту мақсатында түрлі бонус пен кэшбек ұсы­нғаны әсер етті. Мысалы, QR-код арқылы жасалған саудадан көбірек, 3-5 пайыз көлемінде кэшбек берілетінін естіген халық қалтаға ақша салу тұрмақ, банк кар­тасымен де шама келсе төлемеуге тырыса бастады.

Смартфон болса жетіп жатыр

Тағы бір маңызды жайт, қазақстандық нарыққа халықаралық төлем жүйелерінің Tap to Phone сынды инновациялық технологияларды енгізуін ерекше атап өту керек. Бұл дегеніміз кәсіпкерлердің де жұмысын жеңілдетеді. Өйткені арнайы терминал орнатуды қажет етпейді. Бар болғаны қолыңыздағы смартфон жеткілік­ті. Ол кәдімгі POS-терминалдың орнын басады. Бастысы, мобайл интернет керек. Ал енді осы тұста бір мәселенің төбесі көрінеді. Ол – біздегі интернетпен қамту. Интернетпен қамту аумағының кеңей­гені қарапайым халыққа да, билікке де пайдалы. Себебі алыс аудан-ауылдарда сау­да­ның көлеңкелі жолмен, көбіне бақы­лаусыз жүретіні белгілі. Ал егер қолма-қолсыз төлем бәріне бірдей қолжетімді болса, мұндайға тосқауыл қойылар еді. Қазіргі таңда Қазақстанда картамен төлем қабылдайтын кәсіпкерлер саны 108 мың­нан асса, ал сауда нүктелері 169 мыңнан асып жығылады екен. Осындай техно­логия­лық шешімдердің арқасында қолма-қолсыз төлем нарығында жыл өткен сайын алға жылжу байқалып отыр. Биылғы екі айдың өзінде қолма-қолсыз транзакцияның саны 2,3 есе артып, 703,1 млн операцияға жетіпті. Жалпы алғанда, 2020 жылдың қорытындысы бойынша, төлем карталары арқылы жүргізілген он операцияның то­ғызы қолма-қолсыз әдіспен жасалған. Осы жүргізілген 2,9 млрд қолма-қолсыз опер­ацияның жалпы сомасы – 35,3 трлн теңге.

 Қазақстандық нарықтағы инновациялық технологиялар   

Отандық банк секторы технологиялық инновацияларды ТМД елдері ішінде алғашқылардың бірі болып енгізгенін атап өту керек. Оның ішінде төлем жүйесіне қатысты. Айталық, Қазком жанаспай төлейтін карталар мен терминалдарды сонау 2013 жылы қосқан еді. Ал 2016 жылы Visa-мен бірлесіп, Android-смартфондарға арналған сервис шығарғаны есімізде. 2017 жылдың соңында Халық банк iOS және Android қолданушыларына арналған Homebank Pay-ды таныстырды. Араға бір жыл салып QR-код арқылы төлеуге мүмкіндік беретін технологияларды Kaspi мен «Рахмет» сервисі енгізді. Кең етек алуына да әсер еткен осы болатын. Одан бөлек, Еуразиялық банк, Сбербанк, АТФБанк мобайл қосымшаларында NFC төлем пайда болды. Ал Халық банк Garmin Pay шығарды. Сол жылдың, яғни 2018-дің соңында алты банк Apple Pay қосты. 2020 жылдың басында Samsung Pay нарыққа келді. Кейіннен Homebank қолданбасында Android жүйесіндегі құрылғыларға арнал­ған NFC-төлем қосылды. Осылайша, жұрт­тың көзі әбден үйренді. Күнделікті төлем жасау тәсіліне айналып жатыр.

Картаға аударуды сұрайтындар әлі де бар

Қанша жерден қолма-қолсыз төлем қарқыны қатты десек те, тиісті терминал қоюды, сontactless payment арқылы төлем қабылдауды қаламайтын кәсіпкерлер жоқ емес. Яғни, төлем карталары арқылы саудаласқысы келемейді. «Картаға аудара салыңыз» деп реквизиттерін қағазға шығарып қоятындар бар. Жыл басында Алматыда өткен Digital Almaty форумында Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова алдағы уақытта QR-кодтардың POS-терминалдарға теңес­тірілетінін мәлімдеген еді. «2021 жылдың маусымынан бастап QR-кодтарды POS-терминалдарға теңестіретін заң күшіне енеді. Одан кейін әр кәсіпкердің POS-терминал орнатуы керек деген талап болмайды» деген болатын. Бұл екі жаққа да қолайлы болатын түрі бар. Өйткені кәсіпкерлердің иығынан терминал қою деген шаруа алып тасталады. Ал тұтыну­шыларға тез әрі оңай, бастысы қауіпсіз сауда жасауға жол ашыла түседі. Себебі мобайл қолданба көмегімен төленген дүниені кез келген уақытта қайта қарап, түбіртегін табу жеңілдей түседі. Соның өзінде смартфонға тиісті техно­логияны енгізуден қашатындардың бұл қылығын қалай түсінуге болады? Эко­номист Мақсат Халық мұның бірнеше себебін атап өтті. «Қолма-қолсыз төлемнен бас тартудың жалғыз әрі басты себебі – салықтан жалтару.  Себебі қосылған құн салығының шегі – 30 мың АЕК. Одан асса, кәсіпкерлік субъектілері табысының 3 пайызын ғана төлеп отырған жеңілдетілген декларациядан кетеді. Асып кеткендіктен, ҚҚС 12 пайызды төлеуге міндеттеледі. Одан бөлек, басқа да салық түрлері қосы­лады. Сондықтан көбі салықты аз төлеу үшін жалтарады. Картаға аударту не тек қолма-қол алатын себебі сонда. Жеңіл­детілген декларацияда қала беру үшін бірнеше жеке кәсіпкерлік не компания ашып қоятын қулық та жасалады. Оның үстіне, ҚҚС шегі биылдан бастап 20 мың АЕК-ге қысқарып жатыр. Бұрынғы 30 мың АЕК дегеніміз 70 млн теңге шамасындағы қаражат болатын. Ал қазір, сәйкесінше, азайды. Сондықтан кәсіпкерлер табысын тіпті жасыратын болды. Меніңше, ҚҚС шегін әзірге төмендетудің қажеті жоқ. Себебі қазір дағдарыс жағдайындамыз. Керісінше, салықтық жеңілдіктер жасал­ғаны жөн», – дейді сарапшы. Көз алдымызға елестетіп көрелік. Дү­кенге нан алуға кірдіңіз. Қолма-қол ақ­шаңыз жоқ. Қаражаттың бәрі картада. Кассаға барсаңыз, картаға аударуды не қолма-қол беруді сұрады, тіпті талап етті делік. Бұл ретте тұтынушы ретінде сіздің құқығыңыз шектеліп жатыр ма? Кәсіпкер терминал орнатпаса, не істеуге болады? Осы сауалды маманға жолдаған едік. «Дүкендерде, әсіресе базарда, тауар сатып алған кезде сатып алушылар мұндай жағдайға жиі ұшырасады. Сатушы «мен тек қағаз ақша қабылдаймын, картамен төлейтін терминал қазір істемей тұр» деп, басқа төлем түрлеріне, мысалы QR-код арқылы төлеуге жол бермей жатады. Бұл жағдайда сатып алушының, яғни тұты­нушы­­ның тікелей заңды мүдделері бұзы­лып тұр. Екінші жағынан мемлекеттік бюд­жетке тиісті салықтар төленбейтіні айдан анық. Осындай әрекеттерді іске асыратын кәсіпкерлер Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 194-бабына сәйкес, жауапкершілікке тартылады. Бірінші рет тек ескерту алса, сондай жағдай тағы бір рет анықталған кезде 40 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Тұтынушы осындай жағдайға тап болғанда жергілікті салық органына хабарласуға құқылы. Мұндай хабарлама үшін мемлекет 1000 теңге көлемінде сыйақы төлей бастады. Қазіргі кезде салық органдарымен ең ыңғайлы байланыс түрі – e-Salyq Azamat мобайл қосымшасы. Оны өз телефоныңызға жүктеп, салық органдарына шағымыңызды жіберуге болады», – дейді The Founders компаниясының заңгері Талант Рамазанов. Демек, тұтынушы ретінде өзіңізге қолайлы төлем тәсілімен сауда жасауға толық құқылысыз деген сөз. Ал қандай да бір кедергіге жолыққан жағдайда, заңмен шешуге әбден болады.

Жадыра АҚҚАЙЫР