Шымкент қаласында «Еңбек» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант алып жұмысын дөңгелетіп жатқандар көп. Қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, былтыр аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 7722 адам жаппай кәсіпкерлікті дамыту шарасына қатысқан. Оның ішінде 74 адам шағын несие алса, 4 828 жан қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізді. «Бастау Бизнес» жобасына 2 820 адам жолданып, оқу курстарында білім алыпты.
Диананың дүниелері сұранысқа ие
Бағдарламаға қатысушының бірі – Шымкент қаласының тұрғыны Диана Жайлаубаева. Ол – кесте тігу өнерін жетік меңгерген қолөнер шебері. Ісмер ұлттық нақыш пен заманауи үлгіде қолөнер бұйымдарын әзірлеп, кесте тігеді және ою-өрнектерімен әшекелейді. Осы уақытқа дейін сөмкенің бірнеше түрін, бас киім тағы да басқа дүниелерін әлеуметтік желі парақшасы арқылы ұсынып келген. Өз кәсібін одан әрі дамыту мақсатында ол мемлекеттің қолдауына жүгінді. Қолөнер шебері қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, қосымша «Бастау бизнес» оқу курсын тәмамдайды. «Қолөнер бұйымдарын жасау ісі» бойынша қайтарымсыз грантқа өтінімін білдіріп, комиссияның шешімімен жобасы мақұлданды. Осылайша 555 650 теңге көлемінде мемлекеттік грантты жеңіп алды. Д.Жайлаубаева «Еңбек» бағдарламасы бойынша берілген қайтарымсыз грант қаражатына тігін машиналары мен манекендер және басқа да қажетті материалдарды сатып алып, қолөнер студиясын ашқан. Қазіргі таңда бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Үш баланың анасы бұл жетістігімен шектелмей, алдағы уақытта қолөнер шеберханасын дамыту жоспарлары көп екенін айтады.Оқу курсын ашқандар да бар
Үшінші мегаполис тұрғыны Ғалия Зайдинова – «Еңбек» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша былтыр қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізген жанның бірі. Жас маман алдымен қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеледі. Содан кейін «Бастау Бизнес» оқу курсын тәмамдап, сертификатқа ие болған. Үміткер қайтарымсыз грант алу үшін комиссияға оқу орталығын ашу бойынша бизнес-жоспарын ұсынады. Нәтижесінде бизнес жоспары қабылданып грант ұтып алды. 24 жастағы ағылшын тілінің маманы Ғалия Зайдинова қазіргі таңда оқу орталығында 15-ке жуық шәкіртке ағылшын және орыс тілінен сабақ береді. Алдағы уақытта қала аумағында бірнеше оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр.Жастарды жігерлендіретін бағдарлама
«Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламасының да енді жетіліп келе жатқан жас өскінге берері көп. Шымкент қаласында қазіргі таңда осынау бағдарлама арқылы жастарды жұмыспен қамту ісі қарқынды жүргізіліп жатыр. Жұмыспен қамту орталығының мамандары жыл басынан бері 29 жасқа дейінгі 600-ге жуық қала тұрғындарына жолдама берген. Биыл аталған бағдарлама аясында 2500 жас жұмыспен қамтылмақ. Жоғары оқу орнын тәмамдап қолына дипломын алған жас маман бағдарлама аясында бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау үшін мамандығы бойынша мекемеге 6 айға жолданады. Оған 6 ай бойғы жалақыны мекеме емес, мемлекет төлеп отырады. Яғни оларға 25 АЕК көлемінде айлық жалақы беріледі. Бұл да болса мемлекеттің жастарға деген үлкен қолдауы. Содан кейін, тәжірибеден өткен маман екі жақтың келісімімен тұрақты жұмысқа орналасып алады. Бағдарлама жас маманды жұмыспен қамтып қана қоймай, оның бойында іскерлік қабілеті мен жауапкершілігін арттыруды да көздейді. «Еңбек» бағдарламасының ІІІ бағыты арқылы еңбек нарығындағы белсенділігі артқан жастардың бірі – Ақбілек Түзелова. Оның жасы 23-те. Ол 2019 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Радиотехника электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша бітірген. Ол 2021 жылы жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, наурыз айында «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік аймақтық телекоммуникация дирекциясының филиалына «Жастар практикасы» бағдарламасымен жолданды. Қазіргі таңда «Радиотехник» мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр. Дәл осы мекемеде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІІ бағыты, яғни қоғамдық жұмысқа тарту бойынша жұмыс істеп жүрген тағы бір жан бар. Ол былтыр Шымкенттегі Халықтар достығы университетін «Радиотехника электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша тәмамдаған Нұрай Зиябек. «Жоғары оқу орнын бітірген соң, бірден жұмыс табыла қоймады. Бірақ жас маман ретінде «Жастар практикасы» бағдарламасы бар екенін біліп, алдымен жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, сол бағдарлама арқылы «Қазақтелеком» АҚ филиалына жолдама алдым. Бұл менің алғашқы жұмыс тәжірибем еді. Бағдарламға қатысқан соң, осы жылы қоғамдық жұмыспен дәл сол мекемеде жұмысымды жалғастырып, тәжірибе жинақтап келемін», – дейді 22 жасар бағдарлама қатысушысы. Айта кетейік, «Еңбек» бағдарламасының бірнеше бағыты бар. Соның бірі қайтарымсыз грант алып, жұмысын дөңгелетсе, тағы бірі жастар практикасымен жұмысқа кіріседі. Енді бірі ақылы қоғамдық жұмысқа тартылады. Жалақысы – 25 айлық есептік көрсеткіш (72 мың теңге көлемінде). Ал «Жастар практикасы» бойынша былтыр оқу орнын бiтiрген 2 953 жас түлек түрлі жұмыс орнына жолданған. Мамандардың айтуынша жастардың көбі мемлекеттік мекемелерді таңдайды.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы