Осыдан 10 жылға жуық уақыт бұрын, 2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясын ұсынды. Жаһан жұрты 2008 жылғы қаржы-экономикалық дағдарыстан енді шығып, бар-жоғын түгендей бастаған тұста айтылған бұл идея ел тәуелсіздігін баянды етіп, ұлт мұратын мәңгілік азат болуы аңсарымен тоғыстырған ой еді. Өйткені Қазақстан бір күн, бір жыл, тіпті бір ғасырды ғана емес, мыңжылдықтар бойы тәуелсіз мемлекет болуды мұрат тұтқан халықтың мекені. Елбасы халықтың осынау аңсарын ресми түрде «Мәңгілік ел» идеясымен бекемдеді. Бұл – мемлекеттік идеология.
Көк түріктің құнды өсиеті
Күн сөнгенше тұратын мемлекеттілік идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Ғалымдардың байламынша, алғаш рет «Мәңгі ел» идеясы Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысы Күлтегінге арнап қойылған бітік таста жария етілген. Ашина руынан шыққан Күлтегін 684-731 жылдары ғұмыр кешкен. Осы VII ғасырда Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты – Мәңгі ел» деп өсиет қалдырыпты. Яғни, азаттығымыз бен мемлекеттігіміздің түп-төркіні сияқты біздің қазіргі заманғы жалпыұлттық идеямыз да көне тарихтан бастау алады. Профессор Қaржaубaй Сaртқожaұлы: «Мәңгілік ел – түрік жұртының дaнaгөйі, үш бірдей қaғaнның кеңесшісі болғaн aтaқты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қaлaғaн идея», – дейді. Тарихшы, түркітанушы, зерттеуші Нұртас Смағұловтың айтуынша, Орхон өзені бойындағы Күлтегін бітік тасындағы көне жазуда ата-бабаларымыздың күшті мемлекет орнатудағы халыққа арнаған үндеу-манифесі жарияланған. «Онда түріктер өздерінің қаһармандық істерін, мемлекет құрудағы зор жетістіктерін мәңгі тасқа арнайы ойып жазып қалдырған. Күлтегін ескерткіші екінші Түрік қағанаты кезіндегі маңызды кезеңдерді қамтыған тарихи шығарма және мәңгілік мұра. Күлтегін жазбасындағы ежелгі түркілердің үндеу-манифест мазмұны – елді біріктіріп, болашаққа нық сеніммен қадам басу ниетінен туындаған мемлекеттік маңызы бар құжат-акт болды. Негізінде, Күлтегін жазба ескерткішінің өзі Мәңгі ел орнату жолындағы жан берген түрік тарихының шежіресі еді. Бұл – бірліктің, ынтымақтастықтың символы болған киелі орын, мәңгілік ел орнатамыз деген елдің тұтастығының белгісі. Күлтегін жырында түрік елінің ең басты идеясы Түрік қағанатының мемлекеттік тәуелсіздік актісі – «Мәңгілік ел» идеясы саяси манифест түрінде салтанатты түрде халыққа жария етілді», – дейді ғалым. Елді басқарған қағандар үшін түркі халқын оятып, біріктіріп, Түрік қағанатын орнату жолында ұлы жорықтар жасап, ортақ мақсатқа елді жұмылдыруға осындай үндеу-манифест аса қажет болды. Манифесте халықты азат болу үшін күреске шақырып, өзге елге кіріптар, бағынышты болмауға, көрші қуатты мемлекеттің шығарған тұрмыстық заттарына қызығып, олардың арбауына түсіп қалмауға шақырады. Түркінің еш елден кем емес, қайта артық екенін мәлімдеп, оларға өз құқығын қорғауға үндейді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін түркі халқының рухын оятып, «көк түрік» болып бірігу міндеті тұрды. Өзге елге бодан болмай, өз алдына тәуелсіз еркін Түрік империясын орнату қолға алынды. Кейін моңғол басқыншылығы заманында бұл идея ұмытылды. Ресей патшасы және бертінде Кеңес өкіметі бұл идеяны ұлттық жадтан жоюға бар күшін салды. Барлық тарих кітаптары мен оқулықтарында ғана емес, тіпті көркем әдебиетте де дәл осы сөз тіркесінің қолданылмауына баса мән берілді. Тіпті, «Көк Түрік бабам» деп айтқызбады, олай рухтана сөйлегендерге жала жауып, қуғын-сүргінге салды. Осылайша, «Мәңгі ел» тұжырымдамасының болғанын халық, жас ұрпақ білмейтін дәрежеге жетті. Тек тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін ғана зерттеушілердің еңбектерінде қасиеті сол осы ұғым қайта жаңғырды.Қайтсек, Мәңгілік ел боламыз?
Күлтегін жазуындағы тасқа қашалған актіден кейін «Мәңгілік ел» идеясы алғаш рет тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевтың қағазға басылған актісінде көрініс тапты: көк түріктерден келе жатқан ұран 2012 жылғы 14 желтоқсанда Тұңғыш Президент Н.Назарбаев жариялаған «Қазақстан-2050» стратегиясына өзек болды. Оның алдында, 2011 жылы астанамызда Тәуелсіздіктің 20 жылдығында ашылған «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы – осы бетбұрыстың символына айналды. Бұл монумент сонымен бірге тәуелсіздігіміздің рәмізі саналады. «Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік ел» боламыз» делінген «Қазақстан-2050» стратегиясында. 2014 жылғы 12 қарашада Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында да қазақ елінің осы бағдарын нықтады. – Біз жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын «Нұрлы жолға» айналдырдық. Mәңгілік ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол – «Қазақстан-2050» стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы, – деп атап көрсетті. Ізінше, 2014 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев бұл идеяның мән-маңызын аша түсті: «Халықтың өмірі оның келесі ұрпағымен жалғасып отырады. Сондықтан халықтың мәңгілігі туралы арманнан асқақ арман жоқ. Мәңгілік ел – бұл ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенімді арттыратын идея, бұл – кері қайтпайтын және берік тұрақтылықтың символы», – деді ол. 2016 жылғы 27 сәуірде Елбасы тапсырмасымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты XXIV сессиясында «Мәңгілік ел» патриоттық актісі қабылданды. Әрине, мәңгі тұрар мемлекет болу – Тәуелсіздіктің 30 жылдығында түпкілікті орындала салатын қысқамерзімді жоба емес. Оған тіпті жарты ғасыр да жетпеуі мүмкін. Ең бастысы, азаттықтың артта қалған онжылдықтарында Қазақстан осындай ел болуға лайық екенін паш етті. Мемлекеттілікті жариялап қана қоймай, оны бүкіл әлем жұртшылығына мойындатты. Бес елмен арадағы шекарасын шегендеп, ұлт тарихында тұңғыш рет оны халықаралық құжаттармен бекітті. 30 жылдықта қайтара соғып, қуатты соққы жасаған небір дағдарысқа төтеп бере алатын экономика құрды. «Біздің тaрихтaн дa, Құрaннaн дa білетініміз – мәңгілік тек Аллaғa тән. Аллaдaн бaсқa жер бетінде, aспaн aстындa мәңгі ештеңе болмaйды. Бірaқ бізге aдaспaй жүретін идеология керек. Қaзaқтың ұлттық идеологиясы – осы Мәңгілік ел деп ойлaймын. 2050 жылы біз Мәңгі ел болa сaлaмыз деп ешкім кесім жaсaй aлмaйды. Елбaсы да оны aйтқан жоқ. Қaзaқтың түпкі aрмaнын меңзеп отыр», – дейді филология ғылымдарының докторы, aкaдемик Мырзатай Жолдaсбеков. Мемлекет мәңгілік болуы үшін бірнеше шарт орындалуы қажет. Нақтылай кетсек, оның халқының саны – көп, экономикасы – өркендеген, әскері кемелденген болуы тиіс. Бұған қоса, халқының рухы биік, мәдениеті жоғары, өркениеті озық болуы міндет. Рухы өр, діні мен ділі берік, өрісі өркенді, патриоттық сезімі тасып-төгілген халықты ешқандай сыртқы күш теңселте алмайтыны шындық. Ондай елге жаудың тісі батпайды, жеріне баса-көктей кіруге жаттың жүрегі дауаламайды. Зерттеуші ғалымдар тағы бір алғышартқа назар аудартады: Мәңгілік елдің тілі де мәңгілік болуы тиіс. Мағжан Жұмабаев: «Тілі жоқ ел, тілсіз ел – болашағы жоқ ел, оның болашағы бұлыңғыр, ол ел бола алмайды» дегені есте. Ол «түптің түбінде түркітілдес елдердің тілі біріксе, оның көш басында қазақ тілі тұруы мүмкін» деген ғаламат ой айтады. Осы орайда Елбасының саясатын жалғастырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілін халықаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру туралы бастамасы «Мәңгілік ел» концепциясына толық сәйкес келеді. Өйткені тәуелсіздікті мәңгі аман сақтау үшін ана тілімізді де мәңгілік аялап, ұрпақтан-ұрпаққа табыстау парыз. Қорыта айтқанда, осы тұжырымдарды басшылыққа алатын Мәңгілік ел құру стратегиясын табанды, таймай жүзеге асырса, қазақ елінің бағдары айқын, болашағы жарқын болмақ. Тарихи емес, заманауи әлемдік саяси картада Қазақ мемлекеті мәңгілік тұрмақ.Айхан ШӘРІП