Атырауда Жайық-Каспий бассейні аумағында «Бекіре-2021» жедел алдын алу шарасының көктемгі кезеңі басталды. Алайда балық қорын қорғаушылардың қырағылығынан да тайсалмайтын браконьерлер көбеймесе, азаймай тұр. Жуырда Атырау қаласы тұрғынының үйінен 1 тоннаға жуық бекіре тұқымдас балық табылды.
Атырау облысы ПД Балық қорына қылмыстық қолсұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері «Бекіре-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткізілген арнайы операция нәтижесінде Атырау қаласы тұрғынының үйінен 1 тоннаға жуық бекіре тұқымдас балығын тәркілеген. «Аталған қылмысқа күдікті 1996 жылғы туған азамат анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев. «Бекіре-2021» балық қорғау акциясы басталғаннан бері құқық қорғау, табиғатты қорғау органдарының және ҰҚК шекара қызметінің мамандары бірлесе отырып, 360 экологиялық заңнаманы бұзу фактісін анықтаған. Атырау облысында – 277, Маңғыстау облысында – 54 және Батыс Қазақстан облысында 29 заңбұзушылық тіркелген. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Олег Тушкановтың айтуынша, бұл аймақтарда 210 заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 33 материал сотқа жолданған. Браконьерлік және сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерімен заңсыз жұмыс істеу фактісі бойынша 20 қылмыстық іс қозғалды. Акция барысында балықты қорғау заңнамасын бұзушыларға 3,4 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Балық шаруашылығы, полиция және шекарашылар заңсыз айналымнан 14,6 тонна балық тәркіледі. Оның ішінде 551,5 келі бекіре тұқымдас балық, сонымен қатар 152 дана балық аулау құралы, 28 жүзу құралы және 11 көлік құралы болған. Браконьерлікпен күресте жүріп, балық қорын қорғаушылар күн сайын өзен арналарын браконьерлік балық аулау құралдарынан тазартады. Осы шаралардың нәтижесінде Жайық-Каспий бассейнінің су айдынынан 438 дана заңсыз балық аулау құралы, негізінен синтетикалық моноталшықты тор шығарылған.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы